Бұл сұраққа «Egemen Qazaqstan» газетінде ұйымдастырылған «Ұлттық халық санағы: ұпай түгенделетін тарихи сәт» атты дөңгелек үстелінде Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары Нияз Көшкімбаев жауап берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
– 2009 жылғы халық санағы дәстүрлі әдіспен өтті. Яғни санақшылар респонденттерден алған мәліметтерді қағаз бланкілерге қолмен толтырды және санақшыларға міндетті түрде баспа әріптерімен жазу талабы қойылды. Санақ аяқталғаннан кейін толтырылған бланкілер деректерді тану үшін сканерден өткізілді. Алайда, жоғарыда аталған талапты кейбір санақшылар дұрыс орындалмауына байланысты, бланкілердегі деректер (әріптер мен сандар) сканерден өткенде оқылмай, оларды операторлардың қайтадан толтыруына тура келді. Бланкілерді қайтадан толтыруға байланысты, деректерді форматты логикалық бақылаулардан тексеру барысында көптеген қателер анықталып, респонденттерден мәліметтерді қайтадан нақтылау қажет болды, – деді Нияз Көшкімбаев.
Сонымен қатар ол респонденттердің ЖСН-і қолданылмағандықтан, қайталанған деректерді салыстыру мүмкіндігі болмағанын айтты.
– Осы мәселелердің барлығы халық санағы қорытындысы бойынша статистикалық деректерді қалыптастыру үшін сапасына қосымша уақытты және қаражатты талап етті. Осы орайда аталған қателіктерді болдырмау мақсатында, биылғы халық санағын өткізу барысында, алғашқы 15 күнде, интернет сауал салу өткізіледі. Онда респонденттерге санақтан өздігінен өтуге, санақ парақтарын толтырудың әрбір кезеңіндегі нұсқаулықтар мен әзір-жауаптар, сондай-ақ виртуалды көмекшінің көмегімен оларды толтыруға мүмкіндік беретін sanaq.gov.kz. мамандандырылған сайтта интернет желісі арқылы респонденттер өзіне және өзінің отбасы мүшелеріне санақ парақтарын өздігінен толтыра алады.
Интернет сауал салуымен қатар, сұхбаттар мен мәліметтерді жинау үшін халыққа жаппай сауал салу жүргізілетін болады. Алынған жауаптар барлық арифметикалық-логикалық бақылауларды ескере отырып, планшеттерге тіркеледі. Интернет арқылы мәліметтер ұсынған респонденттер сұхбаттардың сауал салуына жатпайды. Халыққа сауал салу кезінде респондентті сәйкестендіру ретінде сауал салынатын адамның ЖСН-і пайдаланылатын болады, – деді Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары.