Солтүстік Қазақстан аумағында соңғы үш күндегі қатты боранның кесірінен қар құрсауында қалған 71 техника шығарылып, 200-дей адам құтқарылды. Оның 13-і - балалар, деп хабарлайды Egemen.kz
ТЖД наурыздың 20 мен 23 аралығында қатты дауыл тұрып, боран болатынын SMS хабарламалардан және «Дәрмен» мобилдік қосымшасы арқылы ескерткен. Тіпті, хабарламалар саны қалтафондық байланыстың 628 мың абонентін қамтыпты. Бірақ амал бар ма, Наурыз мейрамындағы көп күндік демалыс халықты үйлерінде отырғызбай, далаға, қонаққа, тойға қуған...
Үш күн бойы соғып тұрған қатты жел сырғыма жүргізіп, жергілікті жолдарды ғана емес республикалық маңызы бар үлкен жолдардың өзін қар алып қалған. Соның ішінде Ақжар, Айыртау, Тимирязев және Тайынша аудандарында 12 қар басып қалған аумақ тіркелді. Міне, осы учаскелер жоғарыда айтылған 200-ден аса жолаушыны «тұтқын» еткен. Әсіресе Айыртау ауданындағы жағдай қауіпті болды. Барлық құтқарылған 200 адамның 149 осы ауданның аумағында болды. Құтқару жұмыстарына 22 көліктегі 27 адам қатыстырылды. Өлгендер мен зардап шеккендер болған жоқ.
Солтүстік Қазақстан облысы