Асық ойыны – қазақ халқының ежелгі өте кең тараған ұлттық ойын түрлерінің бірі. Ойынның басты объектісі де, құралы да – асық. Аталған ойын, әсіресе, балалар арасында кең тараған. Оларды ептілікке, мергендікке, ұқыптылыққа, сергектікке баулитын тәрбиенің көзі. Тіліміздегі «қой асығы демеңіз, қолайыңа жақса сақа қой» немесе «асығы алшысынан түсті», «бүге-шігесіне дейін анықтау» т.б. тіркестер тегін айтылмаса керек. Сондай-ақ қазақтар жақсы көрген жасты: «алтын асықтай» немесе «киіктің асығындай шымыр» деп атайтын үрдіс бар. Мұндай фразеологизмдер асықтың символдық мәніне қатысты қалыптасқаны анық.
Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген жылдардан бастап, аталған ойын заманға сай жаңарып жандана түсуде. Жуықта ғана Мәдениет және спорт министрінің №52 бұйрығымен (26.02.2021) Ұлттық спорт түрлерінің тізбесі бекітілді. Осы тізімде көрсетілген ұлттық мәртебеге ие тоғыз спорттың бірі ретінде – асық ату таңдалды. Осы орайда, республикалық Асық ату федерациясының атқарушы директоры, Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы Жомарт Сабыржанұлына жолығып, асық ойынының қазіргі жай-жапсары, болашақ жоспары жайлы әңгімелескен едік.
– Жомарт Сабыржанұлы, егер жаңылыспасам, сіз алғаш рет Асық ату федерациясын құрып, оның тұңғыш президенті болған адамсыз. Өзіңізді бұл іске итермелеген не нәрсе?
– Асық ойыны – әр өлкеде әртүрлі ерекшеліктерін сақтай отырып дамыған ұлттық ойындардың ішінде аса танымалы және қазақ халқының дәстүрлі ойындарының ең қызықты түрі. Сондықтан ғасырлар бойы халықтың зердесінде сақталып келген бұл ойын ұрпақ тәрбиелеудің құралы екені анық.
Одан кейін асық ату ұтыс ойынға жатады. Сол себепті, балалардың тез қимылдауын қалайды. Мергендігін арттырады, дәлдікке, есепке үйретеді. Қазақ баласының есепке жүйріктігі, міне осындай ойындарды ойнаудан қалыптасқан. Асықты ешкім қолдан жасап жатпайды. Табиғи нәрсе. Бұл ойынды дамыту арқылы біріншіден, халқымыздың ежелгі дәстүрін жаңғырта аламыз, екіншіден генетикалық толық ойлау үрдісін қалыптастыруға сеп. Осы мақсат тұрғысынан қолға алған жайымыз бар.
«Асығың алшысынан түссін!» деп тілек айтатын алаш баласының ұлттық спортқа ден қойса, ертеңгі ұрпағы да тамырынан ажырамайтыны анық.
– Жұмысты қалай бастадыңыз?
– Ең әуелі, этнограф зерттеушілерді қатыстыра отырып, «Асық ойындары» ережесін жазып, оны Әділет министрлігіне бекіттірдік. Яғни патенттедік. Бұл 2010 жылы атқарылған іс. Бір жыл бұрын Асық ату федерациясын құрып, заңды тіркеуден өткен болатынбыз. Одан кейінгі негізгі мәселе – спорт резерві және жоғары дәрежеде ойыншылар даярлау ісін қолға алдық. Сөйтіп, асық ату спорт түрі бойынша жарысқа қатысатын адамдардың жас ерекшеліктерін анықтап, оларды бес топқа жіктедік. Атап айтқанда, балалар (7-10 жас), жасөспірімдер (11-13 жас), бозбалалар (14-16 жас), жастар (17-20 жас), ересектер (21 жастан жоғары). Бұл санаттар өз ішінен әйелдер және ерлер деп бөлінді.
Қазіргі таңда еліміз көлемінде 14 облыста аккредиттеуден өткен федерация бөлімшелері жұмыс істеп тұр. Бұл құрылымда асық атуды үйрететін 689 жаттықтырушы жұмыс атқарады. Ресми мәліметке жүгінсек, 45 000 адам осы спорт түрімен айналысады екен. Сол сияқты, өңірлерде 1388 асық ату үйірмесі жұмыс істейді. Ең үлкен жетістігіміз – 2018 жылы Ұлттық олимпиадалық комитет «Асық ату» ойынын спорт түрі деп таныды.
– Қысқасы, асық ату спорты ресми түрде мойындалып, республикалық спорттық ойындар кестесіне кірген болды ғой?
– Әрине. Бекітілген спорттық іс-шаралар кестесіне сәйкес, асық ату бойынша жыл сайын 30-ға жуық спорттық жарыс өткізіледі. Соның ішінде үш халықаралық турнир, алты Қазақстан чемпионаты бар. Оның сыртында дәстүрлі республикалық оқушылар спартакиадасы, Қазақстан халықтары фестивалі және Ауыл ойындары бағдарламасы шеңберінде ресми жарыстар өтіп жүр.
Оның сыртында, 2011 жылы елордада өткен Дүние жүзі қазақтарының кезекті құрылтайында шеттен келген қандастарымызға асық ойынының ережесі таныстырылды. 2014 жылы мамыр айында Германияда, 2016 жылы шілдеде Түркияда ұйымдастырылған Еуропа қазақтарының кіші құрылтайында асық атудан жарыс өткіздік. 2017 жылы 4-9 желтоқсанда Корея Республикасының Чеджу қаласында материалдық емес мәдени мұраны қорғау комитетінің ХІІ сессиясына қатысып, асық ойынын насихаттадық. Сөйтіп, асық ату ойыны материалдық емес мәдени мұра ретінде ЮНЕСКО тізіміне кірді. Сондай-ақ асық атудан Қазақстан кұрамасы Қырғыз елінде өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойынында қырғыз стилінде асық ататын «Ордо» сайысына қатысып, жүлделі 3-орынды иеленді.
– Асық ату спорты еліміздің қай өңірлерінде жақсы дамыған және алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Асық ату спорты Қостанай, Түркістан, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қызылорда облыстары және Нұр-Сұлтан қаласында жақсы дамып келеді. Сонымен қатар «Асық ату» ойыны еліміздің орта мектептерінде дене тәрбиесі сабағының жоспарына ұлттық спорт түрі ретінде енгізілді. Жуықта, «КазАльянс» қоғамдық бірлестігімен асық атуды және ұлттық салт-дәстүрді насихаттау мақсатында меморандум жасалды. Биыл төртінші дүркін Түркияда өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасына біздің Асық ату спорты кіргендіктен, соған дайындық шаралары жүргізіліп жатыр.
Әңгімелескен
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»