Суретшіні елдік рухтағы шығармалар жазуға қанаттандырған дала шежіресіне деген риясыз сүйіспеншілігі деп түсіндік. Төл тарихтың қазынасын қасиет-қалыбын бұзбай бүгінге жеткізуді мұрат тұтқан туындыгер ұлттық таным мен қазақы тәрбиенің қайнарынан қанып ішкен. Сондықтан болар, отыздан енді асса да отты шығармаларымен өнер өлкесінде өзіне тән өрнегін қалыптастырып үлгерген Мұсабек Әскербекұлының суреттерінде салт-дәстүр сөйлейді. Қылқаламның әр жағындысында қазақы болмыстың иісі аңқып тұр.
Өз үйінің бір бұрышын шағын шеберханаға айналдырған Мұсабек – тағдыр берген талантын ту етіп, өнерімен өрісін кеңейтіп жүрген азамат. Бастапқыда кәсіби шеберлердің тәлімін алып, білімін шыңдау мақсатында елге келген ол 2015 жылы арман-аңсарын арқалап атажұртқа біржола қоныс аударған. Қазақ даласының қасиетті топырағы қиялына қанат бітіріп, аспанмен астасқан ақар-шақар шыңдар, жанға жылу сыйлаған жазира жоталар, тағдыр тармақтарындай иір-қиыр жолдар талант бұлағының арнасын кеңейтіп, қылқаламға қапысыз ғашық еткен. Мұсабек нысанаға алған әр тақырып шығармадағы негізгі айтар ойды ашық та, астарлап та жеткізеді. «Бұқа тартыс», «Ат үстіндегі адам», «Немере», «Аңшы», «Шідерлеу», «Арлан», «Атбегі» секілді туындылардың өзегінде еркіндік, тазалық, ұлттық мұра, ақ пен қараның қайшылығы, өткенге оралу дейтұғын сан тарау идеялар жатыр.
Қазіргі қазақ суретшілерінің аға буын өкілі ретінде белгілі қылқалам шебері Жұмақын Қайрамбайдан кейіпкеріміздің қалам қуаты, өнердегі беталысы туралы сұрап көрдік. «Алдымызға келген шәкірттердің ішінде қаланың да, даланың да баласы бар. Мен анық аңғарған бір нәрсе – пендені арман биігіне алып шығатын өскен ортасы, туған табиғаты. Мәселен, қалада өскен балалардың көпшілігі ауыл, табиғат деген дүниелерді психологиялық тұрғыдан компьютер сияқты қабылдайды. Ақпаратқа бай болғанымен, сезімге жұтаң. Ауылдан келгендерінен бірдеңе сұрасаң, суреттеп айтып береді. Мұсабек те – танымын табиғаттан алған ауыл баласы. Ата-баба дәстүрі, жазылмаған дала заңы, үлкенге құрмет, мейірім, тазалық, адамгершілік, ізет секілді құндылықтар оның негізгі тақырыбына айналып келе жатқаны қуантады. Мен оны қолына қылқалам ұстаған қыз-жігіттердің ішінде қасаңға айналған қарадүрсін қалыптан қасиет оздыра шапқан қазақы болмысты суретшілердің қатарына жатқызамын. Әрине, жас қой, болашағы алда. Ең бастысы, шығармаларында ұлттық мінез бар. Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор. Дәстүрлі кескіндемеден өріс алып, ата-баба салтын санаға сіңірген жас қаламгердің болашағы жарқын болмақ», дейді Жұмақын Қайрамбай.
Жұмақын аға айтып өткендей, қазақ өркениетінің тарихын танытатын жәдігерлік сипаттағы дүниелер ұлттық ерекшелігімізді әйгілей түседі. Бейнелеу өнерін танылмай қалған тарихты, айтылмай қалған аңызды болашақ буынға жеткізетін қуатты құрал деп қарастырсақ, Мұсабек шығармалары жас ұрпақты еуроцентризмнің елесінен арылып, ұлттық болмысқа оралуға, төл мәдениетімізге табан тіреуге шақыратындай.
Тарихи санамызға қозғау салған Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Ұлы дала мұрагерлерінің өткен мыңжылдықтағы халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілері ертегілері, аңыз-әпсаналары, қиссалары мен эпостары – тұнып тұрған тарих. Біздің мәдениетіміздің негізгі сюжеттерінде, кейіпкерлері мен сарындарында шекара болмайды, сол себепті оны жүйелі зерттеп, бүкіл Орталық Еуразия кеңістігі мен барша әлемде дәріптеуіміз керек» делінген болатын. Сондықтан да тарихымызды, салт-санамызды, ата-дәстүрімізді заманауи өнер арқылы келешекке көшірудің маңызы зор. Біз шеберханасына үңіліп отырған өнер иесі де бұл бағытта үлкен қадамдарға барып жүр.
Автордың «Немере» деп аталған туындысында ақ батасымен айналасын арайландырған ата бейнесі қасындағы немересін саятшылық сырына ғана емес, өмір сынына да үңілдіріп тұр дерсіз. Ақиық аспанға көз тастап, «таудай тұғырлы бол» дейтіндей. Баланың арман-қиялы ата қолындағы бала бүркіттің қанатымен бірге зау биікке самғайтындай. Айналаны көмкерген аппақ қар ақсақалдың ақ тілегін аңдатса, қалықтаған бура бұлттар шығармаға шырай береді, тұлпар мініп, қамшы ұстап, ата тағылымын көрген ұрпақтың даласындай дарқан болатынын меңзейді. Ал «Атбегі» картинасындағы киіз үй ішінен тұлпарына көз тастаған жігіт ағасы да – суретшінің жадына бала күннен қатталған көрініс. Сәйгүлік ен даланың еркін жортқан еркесіндей елестейді. Ат болатын құлынды тұяғының тарпуынан танып, жылқы десе делебесі қозатын қазақ баласы жастайынан жылқы жалында ойнап, қашаннан қасиетті саналған Қамбар ата баласын сенімді серігіне балаған.
«Бұқа тартыс» деп аталған туындыда қазіргі кезде ұмытылып бара жатқан ұлттық спорт түрі бейнеленген. Той-жиындарда күш сынасқан бұқа білекті, қасқыр жүректі жігіттердің тартысы жаныңа жігер құяды. Картинадағы жанды қозғалыс көрермен назарын бірден аударады. Суретші форма мен бейне, кеңістік пен уақыт, адам мен табиғат үндестігін ұтымды байланыстыра білген. Оңашада ойға шомған Абай бейнесі де – автордың сәтті шыққан туындыларының бірі.
«Жазған-сызғаныңда ұшқыр қиял, ұтымды шешімнен бөлек көңіл толқытар сезім қылаң бермесе, өміршең туындыны өмірге әкелдім деу бекер. Ал ондағы сезім иірімдерін әркім әртүрлі қабылдайды, өз көрген-түйгенімен ұштастырады, сол арқылы шығармаға жан бітеді», дейді автор.
Расымен де, бейнелі шығарманы бағалау өлшемін қарапайым көрерменнің көңіл түйсігіне қалдырған дұрыс. Өйткені сурет туралы көп суреттеп жатудың өзі кейде артық. Рухани болмысымыздан, ұлттық ерекшелігімізден сыр тартатын туындыларға сіз де үңіліп көріңіз, мәртебелі оқырман!
АЛМАТЫ