• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Өнер 25 Наурыз, 2021

Ұлттық анимация өнерінің бүгінгі жаңалықтары қандай?

1284 рет
көрсетілді

Бүгінде анимация – балалардың ғана қызығы емес, ересектердің де ермегіне айналған жеке өнер түрі. Белгілі кинорежиссер Ф.Хитрук: «Мультипликация – бұл ғажайып. Біз бұл жайлы ұмытпауымыз керек», дейтін еді. Ұлттық анимация өнері жайында сын аз айтылып жүрген жоқ. Десе де анимация өнерінің бүгінгі ахуалы мен осы саланың дамуына үлес қосып жүрген белгілі режиссер-аниматорлар қолтаңбасындағы кейінгі жаңалықтарды сұрастырып көрдік.

Осыдан үш жыл бұрын құрылған Қазақстан анимациялық киностудиялар қауымдастығы отандық анимация­лық кино өнерінің дамуына ықпал ету, беделін арттыру, сондай-ақ киносту­дия­лардың құқықтық мәселелері бойын­ша мүддесіне өкілдік ету, қорғау, қолдау бойынша тындырымды жұмыстар ат­қарып келеді. Мәселен, OzgeEpic заманауи өнер кеңістігімен бірлесіп елі­міз­дегі жас дарындарды қолдау мақ­сатында ÁMEN Animation Film Festival негізін қалап, Әмен Қайдаровқа ар­нал­ған республикалық ғылыми кон­ферен­­цияны халықаралық деңгейде өткіз­­гені – жадымызда. Бүгінде қауым­дастыққа белсенді жұмыс істеп жат­қан 8 анимациялық киностудия, 3 жеке анимациялық оқыту орталығы және Қазақ ұлттық анимациялық кино өне­рін қолдау орталығы тіркелген. Қауым­дастық жетекшісі, Astana film жастар киностудиясының директоры Жәнібек Нұрбекұлы жыл бойы атқарар жұмыс жоспарын кеңінен әңгімелеп берді.

– Қауымдастық өкілдері Ресейдегі халық­аралық анимациялық кинофорум­ға, Түркияның Анкара қаласында TURKPA-ның ұйытқы болуымен өткен Түркітіл­дес елдер арасында анимациялық кино за­ңын қабылдау туралы семинарға қатыс­ты. Қауымдастық құрамындағы киностудиялар үнемі өзара шығармашы­лық байланыста болады. Дәл қазіргі кезде Қазақстандағы анимациялық кино өндірісінің тарификациясын жасап жатырмыз, – дейді ол.  

Жәнібек Нұрбекұлының айтуынша, анимация саласында әлі де мамандар жетіспейді. Қазақ ұлттық өнер университеті мен Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ани­мациялық кино режиссурасы маман­дығының түлектері сапалы дип­лом­дық анимация фильмдерін жасап, өндіріске тездете білек сыбана кіріссе деген тілегі бар. Ол басшылық ететін Astana film сту­диясының көрермен қауымға ұсынар қуанышты жаңалығы баршылық. Соның бірі – «Балапан» арнасының тапсырысымен 2020 жылы қазан айынан бастал­ған «Ғарышкер бала Жігер» атты он серия­лы 2D анимациялық фильмі аяқталуға жақын.

– Биыл кішкентай көрермен­деріміз­дің сүйікті арнасы «Балапан» арнасы­нан шығатын жаңа сапалы дүние­лер көрермен көзайымына айналады деп сенеміз. Сонымен қатар Ұлттық кино­ны қолдау орталығының өткен жылы өн­діріске жіберген анимациялық жұмыс­тары да жыл соңында дайын болады деп үміттенеміз, – дейді ол.

 

«Шырақ» әлемдік алаңға жол тартады

Ал өнер бәйгесінде өрелі ізденістері­мен дараланып жүрген жаңа толқын өкілдерімен тілдескенімізде өздерінің шеберліктерін шыңдай бастағанын, тіпті шет мемлекеттерден тапсырыс ала бастағанын қуана жеткізді. Алматы қа­ла­сындағы ARA studios анимациялық студиясының режиссері Мейіржан Сандыбайдың есімі «Көксерек», «Ит» қысқаметрлі анимациялық фильм­дерімен жақсы таныс. Бүгінде «Балапан» арнасымен бірлесіп, «Дара Тұлға», «Сәби» анимациялық сериалдарын және Америка продюссерлерінің ұсынысымен Jozie Flores атты Тик ток желісінің жұлдызы жайлы роликтер түсірген.

– Қазір әлемдік фестивальдарға In Light (қаз. «Шырақ») атты қысқаметрлі анимациялық фильм дайындап жатырмыз. Шығармашылық тобымыз еліміздің ең білікті әрі тәжірибелі мамандарынан құралған. Олардың қатарында кәсіби сценарист, жүлделі режиссер, диснейлік шеберлерден білім алып жүрген аниматорлар, компютерлік гра­фи­каның жілігін шағып, майын ішкен риггерлер мен модельдеушілер де бар. Алдағы мақсатымыз анимация саласында қазақстандық бренд қалыптастыру. Ол үшін қазір тың идеялар, қызықты оқиға мен тартымды кейіпкерлерді іздеп жүрміз, – дейді Мейіржан.

 

«Ер Тарғын» балдырғандармен жүздеседі

Жалпы, қазақ анимациясының дамуы қазақ фольклорымен тығыз байла­ныс­ты. Отандық киноөндіріс алаңын­да он жылдан бері жұмыс істеп келе жат­қан Dala animation студиясы Ділшат Рахматуллиннің режиссерлік жетек­шілігімен осы қатардағы үлкен-үлкен жобалардың тұсауын кесті. Мәселен, аталған студия түсірген «Шахмат пат­шалығы» мультхикаясының танысты­рылымы Латвия астанасы Ригада шахматтан жасөспірімдер арасындағы Еуропа чемпионатының ашылуында көрсетілген-ді. Бұл да қазақ анимациясы үшін айтулы жетістік.

– Қазір «Балапан» телеарнасымен бірлесіп тұрақты жұмыс істеп келеміз. Әу баста, ашылғалы бері арнамен бірлесіп көптеген жобаны бірге атқардық. Бала­лардың сүйікті арнасымен бірге өсіп-жетіліп келеміз десек те болады. Биыл «Ер Тарғын» жыры бойынша ани­ма­циялық жобаны аяқтап қалдық. Бұйыр­са, кішкентай балалар жазға салым көріп қалуы тиіс. Алдағы жоспарымыз толықметрлі фильмдерді түсіре отырып, дүниежүзілік прокатқа шығуды армандап жүрміз. Біздің жоспарларымыз – біздің армандарымыз, – деген режиссер студия ұжымының алдына биік міндеттерді қойып келеді. Жуырда Dala animation студиясы әзірлеген «Ауа» анимациялық фильмі Ыстанбұлда өткен Best Istanbul Film Festival «Үздік қысқаметрлі анимация» аталымы бойынша жеңімпаз болып танылды.

 

«Алтын адам» тоқтап тұр

2018 жылы режиссерлер Тұрдыбек Майдан мен Тілек Төлеуғазы түсірген «Мұзбалақ» мультфильмі көрермен­ге жол тартқанда ұлттық анимация қор­жыны тағы бір тамаша туынды­мен толық­ты деп қуанған болатынбыз. Қазақ саятшылық өнері туралы толық­метр­лі анимациялық фильмі бірқатар халық­аралық байқаулардың жеңімпазы болып танылды. 2019 жылы Германияның анимациялық фильмдер институты (DIAF) тағайындаған «Үздік анимация­лық фильм» жүлдесімен марапаттал­ған-ды. Сол кезде «2D анимациясының таңғалдырарлық үлгісі. Disney және Pixar анимациялық кеңістігінен тыс жерде жасалған нағыз жаңалық», деп баға­лан­ған еді. Мазмұнды мульт­фильм түсі­руді мақсат еткен жігіт­тер­дің әр бас­қан қадамын назарда ұстап, сол жылы «Алтын адам» анимациялық фильмін түсіруге әзірлік жұмыстары бастал­ғаны жайындағы ақпаратты газет бетіне де жаз­ғанбыз. Осы орайда Ańyz film ди­рек­торы, режиссер Тұрдыбек Май­дан­ның ендігі шығармашылық із­денісі жайын­да білмек болып хабар­лас­қаны­мызда, тақырып жағынан да, түсірілім жағы­нан да қуантарлық жаңа­лықтарымен сүйіншіледі.

– Өткен жыл біздің студиямыз үшін де, қазақ анимация саласы үшін де айтар­лықтай табысты жыл болды. Қазір бұ­рын­ғыдай емес, қазақ анимациясында ілгерілеу бар. Даму да бар. Сұраныс бар жерде, дамудың қоса жүретіні сөзсіз. Былтыр 20 сериядан тұратын ұлттық құндылығымызды айшықтайтын балалар фильмін түсірдік. Бүгінде «Балапан» телеарнасынан тапсырыс алып, студиялар ашылып та жатыр. Қазір Ұлттық киноны қолдау орталығының демеуімен біздің ұжымға бес жоба берілді. Соның бірі – «Алтын адам» фильмі алайда ол туынды түсірілім жұмыстары барысына тоқталды. Айтуынша, аталған фильмнің сценарийін белгілі драматург Әннас Бағдат жазған.

– Өз қалтамнан қаржы төлеп отырып, фильм сценарийін 2 айда жазып шық­қанбыз. Әр жұмыстың өзінің алғаш­қы бас­қыштары болады. Сценарийді жазып болған соң, «Қазақфильм» студиясы­ның анимация бөліміндегі сарапшы­лық кеңес таңдауынан өттік. Одан әрі Мәде­ниет және спорт министрлігінің рұқса­тын алып, «Қазақфильм» қолдауымен жұмысты енді бастап жатқанымызда 2019 жылы жоба тоқтап қалды. Ұлттық кино­ны қолдау орталығының ашылуы, он­дағы басшылықтардағы ауыс-түйіс қол­бай­лау болып, жұмысымыз мандымай тұр. Бекітілген қаржы әлі күнге дейін бөлін­бей келеді, – деген режиссер қаржы тап­шылығынан ұжымдағы мықты маман­­дардың өзге жобаларға тарап кету қаупі туғанын жеткізді.

– Анимация саласындағы тағы бір өзекті мәселе – маман тапшылығы. «Алтын адам» үлкен додаларға түсетін жоба бол­ған­дықтан, пісіп-жетілген, осы сала­ның үздік мамандарын тартуға тура келеді. Ал жобамыз тоқтап тұрғандықтан, ол маман­дар кетуге мәжбүр. Біздің бас­шылық әне-міне деп соза бергенше, жобаны әрмен қарай түсіруімізге мүмкіндік берсе, – дейді ол.

Құсбегіліктің қыр-сырын шынайы жеткізген «Тастүлек», «Мұзбалақ» сынды фильмдерімен қазақ анимациясындағы фольклорлық дәстүрдің дамуын жаңа белеске көтерген автор осылайша текеті­ресті үзіліс үстінде жүрген болып шықты.

Қазақ мультфильмінің атасы Әмен Қайдардың көшін жалғаған жас буынның сөзінен байқағанымыз – қазақ анимация­сын алға сүйресек деген жалын да, жаңа­шылдық та бар екен. Онысы сөзі­нен ғана емес, ісінен де аңғарылады. Әлем­ді өнерімен таңғалдырған Димаштай, Иман­бектей өрімдей жастардың аламан бәйге­де бабы да, бағы да қатар оза шапқаны кеше ғана емес пе?! «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген. Жастар тек мүмкіндік берілгенін қалайды!