2020 жыл Қазақстандағы донор аймақтардың әлеуетіне үлкен сын болды. Бюджеттің доноры болып іріктеліп шыққан төрт өңір былтырғы дағдарыстан «ентігіп» шықты. Бірақ соған қарамастан, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының, Атырау және Маңғыстау облыстарының ел бюджетіндегі үлесі 451 млрд теңгеден асты.
Республикалық бюджеттің донорлары – қызмет көрсету саласы дамыған екі ірі қала және екі мұнайлы өңір. Аймақтық бюджеттерден бөлінетін трансферттердің мөлшері 200 млрд теңгені құрайды. Тек қана дотацияға иек артатын өзге өңірлердің негізгі кірісі трансферттен жинақталып отыр. 2020-2022 жылдарға арналған бюджетке зер салсақ, жақын арада жағдай өзгермейтін сыңайлы. Сондықтан Үкімет енді бұл қаржыны қай облыстардан алуға болатынын анықтауға кірісіп кетті. Себебі 2021 жылдың бюджетіндегі 200 млрд теңгенің кемдігі қалған реципиент аймақтардың еншісінде екені белгілі.
Ұлттық экономика министрлігінің бізге дайындап берген мәліметіне сүйенсек, төрт өңір – Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Атырау және Маңғыстау облыстары республикалық бюджеттің донорлары, қалған 13-і − дотациялық өңір.
Жалпы, 2020 жылы өңірлерден республикалық бюджет трансфері 420,1 млрд теңгені құраған. Былтыр республикалық бюджеттен өңірлер бюджетіне субвенциялар 2 104,4 млрд теңге сомасында берілді. 2020 жылы жергілікті бюджеттердің кірістері (трансферттерді есепке алмағанда) 3 097,9 млрд теңгені құрады. Өңірлердің экономикалық белсенділігін арттыру мақсатында 2020 жылдан бастап жергілікті бюджет қоржынына шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығы түсімдері қосылып отырған.
Еске сала кетсек, 2019 жылы игерілген бюджет қорытындысы бойынша Қазақстанның донорлық аймақтарына Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Атырау, Маңғыстау облыстары кірді. Қаржы министрлігінің сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес 2019 жылы Алматы қаласы республика бюджетіне 115,3 млрд теңге құйған. Одан арғы жылдары да оңтүстік астана донор аймақтар рейтингінде бірнеше рет көш бастаған. 2020 жылдың соңына дейін Алматының бюджеттегі үлесі 49 пайызға (171,7 млрд теңгеге дейін) артады деген үміт болған. Бірақ былтыр донор аймақтарға, әсіресе Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының бюджетіне салық төлейтін шағын және орта кәсіпкерліктің жұмысы саябырлап қалды. Дамудың күретамырына қан жүгіртіп тұрған өңірлер баяулап қалса, өзге аймақтардың жағдайы тіптен күрделенетінін сезген Үкімет ортақ бюджетке тәуелді реципиент аймақтар көбейіп кетпес үшін алдын ала қам жасап жатыр. Осыған байланысты Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі 6 мемлекеттік органмен бірлесе, елдің өңірлік даму стратегиясын дайындады.
Донор аймақтардың әлсіреуіне жол беруге болмайды
Нұр-Сұлтан мен Алматының донор болуына кәсіпкерлер септігін тигізіп тұрса, Атырау мен Ақтау экономикасының күретамырына мұнай «қан жүгіртіп» келді. Сарапшылар Алматы облысының экономикалық өсіміне Қорғас бекеті мен Алматы қаласы ықпал ететінін, Қарағандыға географиялық жағынан жақын орналасқан Нұр-Сұлтан тиімді болып отырғанын айтады. Мұндай мысалдар әлемдік тәжірибеде көп. Айталық, АҚШ экономикасы Канадаға қуат берді. Қытай экономикасының дамуы Вьетнамды ұйқыдан оятты. Ал ЕО-дағы елдердің дамуына олардың бір-бірімен көрші қоныстануы әсер етті. Демек дамыған елдердің экономикасы − көрші елдерге, ал ШОБ-тың әлеуеті іргелес қалалардың экономикасына дем береді.
Сарапшылар мемлекеттің табысты дамуы – аймақтық саясаттың тиімділігіне тәуелді екенін айтады. Қазір әлемдік тәжірибеде, соның ішінде Ресейде «донор аймақтардың сырқаты» деген тіркес пайда болды. Ресей сарапшыларының айтуынша, бұл − қауіптің басы. Қазіргідей экономикалық және пандемиялық дағдарыс кезінде донор аймақтардың әлсіреуіне жол беруге болмайды. АҚШ-та тұратын сарапшы Уәлихан Төлешов бізге берген сұхбатында бұл мәселенің күрделі екенін айтып отыр. Себебі қазір көп ел «өле жегенше, бөле же» емес, «өз табысыммен бөлісемін» деген қағидаға бейімделген. Осы ретте У.Төлешов атап өткендей, донор аймақтардың не үшін әлсірегенін дер кезінде анықтап алмасақ, олардың өзін өзі қамти алмайтын, тек дотациямен өмір сүретін аймақтарға қосылуы лезде-ақ. Сондықтан мәселені дереу қолға алып, нақты шешімдер қабылдау қажет. Аймақтар дамуының кенжелеп қалуының бір себебі – әкімдерге бастаған ісін соңына жеткізуге мүмкіндік беріле бермейді. Екіншіден, бизнес-климаттың тартымдылығы да көп мәселені шешеді. Мысалы, Алматы мен Нұр-Сұлтанның бизнес-климатының тартымды болуына мемлекеттік деңгейде мән берілгенімен, өзге аймақтарға дәл сондай көңіл бөліне бермейді. Бұл реципиент қалалардың қатарын көбейтуге әкеліп отыр. Ресей тәжірибесіне зер салсақ, 2020 жылдың қортындысы бойынша мұнда донорлық аймақтар саны аздап қана қысқарған, бірақ олардың көпшілігі 2020 жылды тапшылықпен аяқтапты. Бұл дегеніңіз олардың алдағы уақытта донор болу мүмкіндігі шектеліп келе жатыр деген сөз. Бюджетке түсетін салық қысқарып, дотацияда отырған аймақтар алдындағы міндеттемелер ұлғайған. ACRA сараптамалық агенттігі 2021 жылдың алғашқы тоқсанында донор аймақтардың саны 2019 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда үшеуге кемігенін байқаған. «Бізге де донор аймақтарды, өзін өзі асырап отырған өңірлерді зерттейтін орталықтар қажет. Бұл мәселе Қазақстанда кешенді түрде зерттелмейді, Үкіметтің экономикалық блогы тек құрғақ мәліметтермен ғана шектеледі. Мысалы, өткен жылдың қараша айында Шымкент және Ақтөбе қалалары 2025 жылға қарай донор аймақтардың қатарына қосылатыны айтылды. Бірақ оған қандай жағдайлар негізге алынғаны түсіндірілмеді», дейді У.Төлешев.
Оның пікірінше, елімізде жергілікті өзін өзі басқарудың функциясы әлі толық жүзеге асырыла қойған жоқ. Мемлекеттік басқару жүйесі дамыған унитарлы елдерде кез келген қала өз бюджетін өзі басқарады. Ал елімізде қысқарған бюджеттің әсері еліміздің барлық аймағында қатар сезіледі. Қолданыстағы экономикалық модель ескірген. Оны қайта жаңарту керек. «Басы артық шығын мен артық штат әрбір қаланың жеке-дара дамуын тежейді. Үкімет өзін өзі басқарудың халықаралық тәртіптерін енгізуі керек. Елдегі экономикалық құрылым да нарық заңына қайшы: бюджет төменнен емес, жоғарыдан бекітіледі. Басқаша айтқанда, Түркістанның шалғай аудандарының тағдыры орталықта шешіледі», дейді У.Төлешев.
Ал сарапшы Бейсенбек Зиябеков мемлекеттің аймақтық дамуы стратегиялық маңызы бар бағыт екенін айтады. Мұндағы болмашы қателіктің өзі мемлекеттің біртұтастығына қауіп төндіруі мүмкін. Сол себепті дотацияда отырған аймақтарды қатарға қосатын мүмкіндіктерді уыстан шығарып алмау қажет. Осы өңірлерді субсидия арқылы алға жетелейміз деген ой − ақылды шешім емес. Бұл «субсидия арқылы ілдебайлап күн көреміз» деген масылдық пиғылды одан әрі тереңдетіп жібереді. Дұрысы, ең артта қалған аймақты салықтың барлық түрінен босатып, сол арқылы шағын және орта бизнесті көлеңкеден алып шығудың қамын жасау керек. «Қазақстанның әр түкпірінде тұратын халықтың өмір сүру деңгейін аз да болса теңестіру үшін мемлекет кірістерді қайта бөлу тетіктерін қолданады. Қаржыны бай өңірден алып, тұрмысы төмен аймаққа береді. Мұның тетіктері Бюджет кодексінде де нақты айтылған. Тым ауыр болса да Үкімет осындай қадамдарға баруы керек. Сонда жергілікті әкімдер ШОБ-тың жұмыс істеуіне мүдделі болады. Біз осындай бастамалар арқылы жағдайы сын көтермейтін аймақтардың мүшкіл халін түзеп ала аламыз», дейді Б.Зиябеков.
Донор қатарына енген 4-5 аймақтан өзгесінің кенжелеп қалуы экономикалық саясат үшін де, әлеуметтік ахуал үшін де тиімді емес. Тарихи өлшеммен алғанда, кейбір өңірлерде табиғи ресурстар, инфрақұрылым, өнеркәсіптік өндіріс, әскери орталықтар бар, басқасында жоқ. Тиісінше, кейбір аймақтардың табысы жақсы, ал кейбірінде кіріс аз. Қайсыбір өңірлерде кедейлер көп. Статистика комитетінің дерегіне сүйенсек, Қазақстанда тұрмысы нашар халық үлесі 2020 жылдың соңғы тоқсанында 4 пайызды құраған. Кедейлік деңгейінің ең жоғары көрсеткіші Түркістан (9,8 пайыз), Маңғыстау (5,8 пайыз) және Жамбыл (5,2 пайыз) облыстарында байқалған, ал ең төмені Нұр-Сұлтан қаласында (1,1 пайыз) тіркелген. Бұл да − донор мен дотация өңірлерді айқындайтын көрсеткіш. Өйткені бюджетке үлес қосатын – жұмыс істейтін экономикалық белсенді топтың табыс салығы. Сондықтан тұрғындардың айлық табысы жоғары аймақтар – донор, жалақысы төмен болса, дотацияда отырған аймақ деп қарастырылады.
Донорларды өсірудің жолы қандай?
Әрбір облыс өз күнін өзі көруі үшін шикізатқа тәуелділіктен құтылып, адам капиталын жетілдіруі керек. Сондай-ақ ғылыми-зерттеу жұмыстары арқылы жаңа технологияларды құрып, тауарлар өндіруді жолға қою керек. Бұл – ІЖӨ үшін сарқылмайтын ресурс. Республикалық маңызы бар қалалардан бастап, облыстар мен аудандарға өңірлік проблемалардың ең тиімді шешімдерін ұсына алатын креативті әкімдерді сайлау жүйесін енгізу де маңызды. «Бұл мәселені реттеудің жолы жергілікті өңірлердің өзін өзі басқарудың мүмкіндігіне байланысты. Бірақ 2014-2015 және 2020 жылдардағы қиыншылыққа байланысты бұл жүйені жүзеге асыру мүмкін болмады», дейді экономист Сапарбай Жобаев.
2020 жылдың басынан бастап Өңірлерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасының екінші бесжылдығы іске қосылды. Алдағы бес жылда урбанизацияға назар аударылады. Төрт ірі агломерация – Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Ақтөбе шаһарларын дамытуға көңіл бөлінеді. Ұлттық экономика министрлігінің 2025 жылға дейінгі жоспарына сәйкес қалалардың дамуына ғана емес, сонымен бірге ауылдық елді мекендерге де назар аударылады. Сарапшылар осы жұмыстар нәтижелі жүргізілсе, донор аймақтардың қатары да өсетінін айтып отыр.
АЛМАТЫ