Көктем келіп, күн жылыған шақта табиғаттың тосын мінез танытуы мүмкін. Жамбыл облысында да күннің күрт жылынуы салдарынан су тасқыны болуы ықтимал екені ескертілуде. Ал, оған өңір қаншалықты дайын?
Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Талғат Айтбаевтың айтуынша, аймақта табиғи тасқын кезінде судың апатсыз өтуін алдын алу шаралары тыңғылықты жүргізілуде екен. Сонымен қатар, басқарма бастығы 1207 шақырым дренажды канал және арық жүйелерін қоқыстан тазарту жұмыстарының атқарылғанын, ал, автокөлік және темір жолдарының бойындағы 430 көпір мен 1164 су өткізу құрылғыларының тазартылғанын жеткізді.
Бүгінде облыста су тасқыны болуы мүмкін бірқатар аудандар бар. Тасқын Талас, Шу және Аса өзендері арқалы өтеді. Сонымен қатар, таулы аймақтарда орналасқан 5 өзеннің еріген қар суы халыққа қауіп төндіруі мүмкін. Мәселен, олардың қатарында Жуалы, Меркі, Т.Рысқұлов, Қордай және Талас аудандарындағы Қарақоңыз, Ырғайты, Аспара, Мерке, Қарақыстақ, Қайыңды, Ақсай және Көксай өзендері бар. Ал, ірі су қоймалары болып саналатын Киров, Тасөткел, Теріс-Ащыбұлақ айдындарының толуы жіті бақылауда екен. Бүгінде Теріс-Ащыбұлақ су қоймасына 63 пайыз, Тасөткелге 72 пайыз, Қырғыз мемлекетіндегі Киров су қоймасына (Чоң-Қақпа) 72 пайыз және Ынталыға 78 пайыз су жиналған.
Қазіргі кезде аймақта 138 мың тонна жанар-жағармай мен 11 мың тонна инертті материалдардың қоры құрылып, 65 мыңнан астам қаптар дайындалған. Көшірілген халықты уақытша орналастыру үшін 41 қабылдау бекеті, әртүрлі 139 палатка, жатын жабдықтар, 1900 төсек дайын. Ал, дер кезінде медициналық көмек көрсету үшін 56 денсаулық сақтау нысандары және дәрі-дәрмек қоры дайындалған. Бақылау жүргізу және зардап шеккендерді көшіру үшін Тараз әуежайында «Қазавияқұтқару» АҚ «ЕС-145» тікұшағы кезекшілікте тұр.