Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Алматы қаласына іссапары аясында қоғамдық мониторинг тобының жетекшісі Саида Таукеловамен кездесті. Жүздесуде Денсаулық сақтау министрлігі мен «Қоғамдық бақылау және мониторинг» республикалық қоғамдық бірлестігі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Тараптар медициналық ұйым, оның ішінде Covid-19 індетіне және пневмонияға қарсы күреске тартылған стационарлық емдеу мекемелері, дәріханалар мен дәріханалық көтерме сауда қоймалары, сондай-ақ қайырымдылық және гуманитарлық көмекті бөлетін ұйымдар қызметінің тиімділігін, ашықтығын арттыру жөніндегі мақсаттарды іске асыруда өзара іс-қимыл жасауға ниетті. Бұдан басқа, халықты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл процесіне тарту және азаматтардың мемлекет пен жергілікті басқару органдарының қызметіне сенім арттыру үшін қоғамдық мүдделерді қорғауға бағытталған азматтық бастамаларды іске асыру шеңберіндегі ынтымақтастық көзделген.
Денсаулық сақтау министрлігі мен «Қоғамдық бақылау және мониторинг» РҚБ денсаулық сақтау саласында ұзақ мерзімді әріптестік байланысты дамытуға ықпал ететін жағдай жасауға, сондай-ақ орнықты және үйлесімді даму қағидаттарына сәйкес қоғамдағы оң өзгерістерге бағытталған жобаларды қалыптастыру және қолдау бойынша практикалық қадамдарды жүзеге асыруға келісті. Атап айтқанда, Қазақстандағы облыстар мен қалаларда гуманитарлық және әлеуметтік маңызы бар жобаларды бірлесіп іске асыру, қоғамдық мониторинг саласында бақылау жүргізетін жұмыс топтарын құру жоспарланған.
А.Цой атап өткендей, Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмектің сапасын жақсарту және дәрі-дәрмекпен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында осы жұмыс форматын қолдайды.