Өнерде шекара болмайтыны рас-ау. Радек есімді жасөспірім Оңтүстік Африка Республикасының Кейптаун қаласында туған. Кейін ата-анасының жұмыс бабымен Қазақстанға келіп, Атырауда үш жыл тұрды. Бұрын АҚШ пен Польшада тұрған ол қазақ халқының ұлттық киімі мен тағамдарын, ұлттық аспабы – домбыраны қатты ұнатады екен.
Ал әкесі Хаймиш Полстың айтуынша, оның отбасы Атырауға 2017 жылы көшіп келіпті. Өзі осындағы шетелдік компанияда жұмыс істейді.
– Радектің музыкаға құштарлығын байқап, домбыра тартуды үйренгенін қаладық. Біз қай елде тұрсақ, сол елдің мәдениетіне қызығушылық танытамыз. Сол себептен, ұлыма домбыра сатып алып бердім, – дейді Хаймиш Полс.
Шетелдік жасөспірімге домбыра тартуды ұстазы Жаңылхан Ғалымқызы үйретіпті. Оның сөзінше, Радек демалыс күндері бір, не екі рет домбыра үйренуге келіп тұрған. Осылай 6-7 айда домбыра шертуді меңгеріп алған. Қазір 4-5 күйді жаңылмай орындайды. Әсіресе, Құрманғазының шығармаларын орындағанды ұнатады. Соның ішінде «Адай» мен «Келіншек» күйлері бар.
– Былтырғы сәуірде пандемияға байланысты Польшаға барып, Қазақстанға қайта орала алмадық. Қазақстанда көп достарым бар. Олармен жиі байланысып тұрамын. Домбыра тартуды үйреткен ұстазымнан әр жексенбі сайын Skype арқылы дәріс алып жүрмін. Польшада қазақтың ұлы ақыны Абайдың «Көзімнің қарасы» туындысын үйрендім. Қазір шетелдіктерге домбыраның шығу тарихын таныстырып, қазақтың күйлерін орындап беремін, – дейді Радек.
Атырау облысы