Большевиктер өкімет басына келген жылдардан бастап, «Сұмырай келсе, су құриды» дегендей, елді жаппай аштық жайлаған.
1920-1922 жылдары құрғақшылық болып астық, шөп шықпаған, қыс қатты болып мал қырылған. Жұттың көлемі осы күнге дейін толық анықталған жоқ.
Оның үстіне барлық мал-мүлкін, дүниесін ешқандай ақысыз-пұлсыз, өтемсіз тек тартып алуды ғана білген тонаушы өкіметке беруге қимаған адамдардың бәрі өкіметке қарсы шығып, барынша қарсылық білдірген. Малдарын сыртқа айдап кету немесе жаппай сойып тастап, етінің көзін құртуға тырысу, астықтарын тығып, шіріп кетсе де өкіметке бермеу сияқты саботаждық әрекеттермен қатар, қарулы көтерілістер де көп болған. Бір Батыс-Сібір өлкесінде ғана төрт жүзден артық осындай шаруалар көтерілісі болған. Тарихшы В.Шмидтің «Қазақстан трагедиясы: Аштық және оның салдары» деген еңбегінде бұл туралы былай жазылған: «Мемлекеттің биліктің зорлықшыл саясаты ауылдар мен деревнялардың барған сайын наразылығын тудырды. Кеңес өкіметі жүргізген әкімшіліктік террор мен озбырлыққа бірқатар жағдайларда шаруалар ашық қарсы шығып, олардың тарапынан қарулы қарсылықтар болды. Мәселен, 1921 жылдың ақпан-наурыз айларында шиеленіс ошақтары Ақмола, Көкшетау және Петропавл және аймақтың басқа да өңірлерінде пайда болды».
Ол кездегі орталық өкімет КирЦИК (Қырғыз Орталық атқару комитеті) аш халыққа көмек ұйымдастыру мақсатында комиссия құрғанымен, оның қарымы шамалы болып, аштықты еңсеруге қауқары толық жетпеген. «Помгол» деген атпен белгілі болған бұл комиссияны С.Меңдешев басқарған.
Жуырда Солтүстік Қазақстан облыстық архивінде сол кездегі губерниялық өкіметтің органы «Мир труда» газетін қарап отырып, аштық туралы көп деректерге жолықтық. Ол кездегі газет одақтық телеграф агенттігінен (РосТА) деректерді жиі беріп тұрады екен. Соның ішінде 1922 жылдың 24 қаңтарындағы осы газет РосТА-ға сілтеме жасай отырып, «Голодающая Кирреспублика» деген тақырыппен мынадай шағын дерек келтірген екен: «Жаңа жылға дейін Қырғыз (Қазақ) Республикасында 2 000 000 аш адам тіркелді. Халықтың 70 пайызы аштыққа ұшырауда».
Әрине, қағазға түсіп, тіркеуде тұрғандары осынша болғанда, бүкіл Қазақ даласын сол кезде жаппай аштық жайлап, қырылып жатқанын көзге елестету қиын емес. Осы газет тағы бір нөмірінде енді қазақстандық телеграф агенттігіне (КирросТА) сілтеме жасай отырып, Қостанай губерниясындағы аштыққа ұшыраушылар саны ай сайын 50 пайызға артатынын айтыпты. «Халық мүкпен, қымыздықпен, алаботамен, тары және топырақпен қоректенуде» делінген онда. Демек республиканы жайлаған аштықтың ұшы-қиыры жоқ деген сөз.
Аштық ауқымы осылай жайлап жатқан Қазақстаннан астық салығы жиналыпты. Аталған газеттің «Продналог в Кирреспублике» мақаласында осы туралы айтылып, былай делінген: «15 желтоқсанда салықты заттай алу үшін екі апталық науқан ұйымдастырылып, оған барлық таңдаулы күштер жұмылдырылды. Губерния аудандарға бөлінеді, олардың басында арнайы штаттар, сондай-ақ Губревтрибуналдың төтенше далалық сессиялары болды. Губерния 5 813 818 пұт заттай салық беруге тиіс болатын; ал 10 желтоқсанға дейін оның 38 пайызы орындалды. Заттай салық жинау бірінші Павлодар уезінде жүргізілуде, екінші Зайсан – 42, Қарғалы – 12, Бұқтырма – 10, Семей 8 пайыз. Жетіспеушілік салмағы бар элементке түседі. Кедейленген халық берілген тапсырманы асыра орындады (Кирроста)».
Міне, бұл ресми органның дерегі. Өзі аштықтан қырылып жатқан елге қосымша азық-түлік салығын күшейткен және оны жинауға айрықша штат, губревтрибунал дегендерді тартқан. Бұлар әрине, «шаш ал десе бас алатындар» екені белгілі. Аштықтан қырылып жатқан халыққа салықпен екінші жақтан қысым көрсету – әрине, халықты озбырлық саясат емес пе?!
Кеңес Одағындағы аштықтан қырылып жатқан халыққа шетелдік қоғамдық ұйымдар біршама көмектескен. Соның ішінде Американың сол кездегі президенті Вудро Вильсонның ұйымдастыруымен Еуропада 1919 жылы аштыққа ұшыраған елдерге көмек жасау үшін құрылған «Американың көмек әкімшілігі» ұйымының жәрдемі көп болған. Бұл ұйымға жазушы М.Горький көмек сұрап хат жазған екен. Осы ұйым Қазақстанға 125 вагон ұн, күріш, қант және т.б. жібергені Уикипедия энциклопедиясында жазылған. Ал енді Қазақстанға жасалған сондай бір көмекті С.Ромашкина есімді журналист «Власть» сайтындағы «Первый голод. 1921-1922 год» атты мақаласында ешқайда сілтеме жасамай-ақ орыс православие шіркеулерінің асыл заттарын сатқан ақшаға алынған астық деп жазыпты. Осындай жарияланымдарға күдікпен қараған дұрыс сияқты.
Қалай десек те, алғашқы аштықтың ауқымы да адам айтпастай зор болған. Кеңес өкіметі жылдарында оның толық ауқымы ешқайда көрсетілмей, «жауырды жаба тоқып», ішінара халықтың өзіне кінә тағуға дейін барған. Мысалы, Түркістанда Кеңес билігін орнатуға белсене қатысқан көрсоқыр басшылардың бірі – И.Тоболин деген большевик «қазақтар марксшілдердің көзқарасымен бағалағанда, экономикалық тұрғыдан әлсіз ұлт болғандықтан, бәрібір қырылады» деп соққан екен... Ал биліктің қолымен жасалған 30- жылдардағы екінші аштықта халқымыз тағы қынадай қырылғаны белгілі. Осындай өкіметі, осындай басшылары болған елден түгел қырылып қалмай, аман шыққан қазақ халқының да жаны сірі-ау...