Солтүстік Қазақстан облысында «Мас жүргізуші – қылмыскер» жедел-алдын алу іс-шарасы өтіп, нәтижесінде 5 күннің ішінде көлікті мас күйде басқарған 26 жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды Egemen.kz
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары Петропавлдағы Жұмабаев-Абай көшелерінің қиылысында түнгі сағат 3.00 шамасында тексеру үшін ВАЗ-2110 автокөлігін тоқтатқан. Көлікті басқарған облыс орталығының тұрғыны 21 жасағы ер адамнан алкогольдің иісі шығып тұрған. Медициналық куәландыру оның мастығын растады.
Ер адамның айтуынша, оған шұғыл ақша керек болып, банкоматқа бару үшін рөлге отырған. Жігіт достарымен пәтер жалдап, көңіл көтерген. Отырыс қызған шақта дастарханды толтыру үшін азық-түлік жеткізуге тапсырыс бермек болған. Енді ол көлікті мас күйде басқарғаны үшін әкімшілік қамауға алынып, 7 жылға дейін көлікті жүргізу құқығынан айырылуы мүмкін.
«26-31 наурыз аралығында облыс аумағында «Мас жүргізуші – қылмыскер» жедел-алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр. Операцияны осылайша атауымыз бекер емес. Өйткені мас күйде көлік басқарған жүргізуші өз өміріне ғана емес, жол қозғалысының басқа да қатысушыларынақауіп төндіреді. Іс-шараның мақсаты – жолдағы апаттарды азайту. Тек соңғы бес күнде полицейлер рөлге мас күйде отырған 26 жүргізушіні ұстады», дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.
Операция басталғалы облыста 2,5 мыңға жуық түрлі құқық бұзушылық анықталған. Оның 236-сы жыламдықты асыруға, 80-і маневр жасауға, 38-і бағдаршамның рұқсат етілмеген белгісіне өтуге байланысты.