Ішкі істер министрінің кеңесшісі, полиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков СҚО полиция ардагерлерімен кездесті. Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаев, облыстық және қалалық ардагерлер ұйымдарының төрағалары Ескендір Елеусізов пен Жангелді Тәжин қатысқан кездесуде ақсақалдар мен ІІО мен Ұлттық ұлан облыстық ардагерлер ұйымы жұмысының қорытындысы талқыланды, сондай-ақ Кеңестің жаңа төрағасы сайланды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бүгінгі таңда облыстың 20 бастапқы ардагерлер ұйымында 2350 зейнеткер бар, олардың ішінде: 2 – Ұлы Отан соғысына қатысушы, 15 тыл еңбеккері, 25 ауған жауынгері. Белсенді ардагерлер жастарға патриоттық тәрбие беру жұмыстары мен қамқорлық жасау ісіне үнемі қатысып тұрады.
Кездесуде Ардагерлер кеңесінің жаңа төрағасы сайланды. Аты аңызға айналған, 85 жастағы милиция подполковнигі Сұраған Көпеев – солтүстікқазақстандық полиция тарихында Петропавл қаласының Құрметті азаматы атанған алғашқы полицей. 2005 жылғы қыркүйек айынан Ардагерлер кеңесін басқарып келді. Жасына байланысты ақсақал құрметті демалысқа шығуға мәжбүр болды. Дауыс берудің қорытындысы бойынша, СҚО Ұлттық ұланы және ІІО Ардагерлер кеңесінің жаңа төрағасы болып Ақан Сыздықов тағайындалды. Полиция полковнигі Сыздықов Тәуелсіз Қазақстанның полициясы қалыптасып келе жатқан қиын шақта көп жылдар бойы облыстық полицияның жетекші бөліністерінің бірі болып табылатын – Жедел-криминалистикалық басқармасын басқарған.
Жиын ардагерлерді медальдармен және Алғыс хаттармен марапаттау рәсімімен аяқталды.