Отыз жылдан астам мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Үкіметін ең қиын кезде 1938-1951 жыл аралығында абыроймен басқарған Нұртас Оңдасыновтың өмірі мен қызметін зерттеу мақсатында Алматыдағы Мемлекеттік Орталық архивте жұмыс істеп, іс қағаздарын қарап отырғанымызда мына бір құжат көңіл аудартты. Аттап кете алмадық, мәнді көрінді. Есімізге Санкт-Петербургтегі Мойка өзені бойындағы «Пушкин сүрініп кеткен тас» деп қоршап, тарихи орынға айналдырып, әспеттеп отырғандары түсті. Таңғалғанбыз. Оған қарағанда мынау Қаз дауысты Қазыбектей дананың нақ суреті болса, халық үшін аса құнды дүние емес пе?!
Не дегенмен «Сөре тастың» бүгінгі халі қалай екен, ел-жұрт біле ме екен деген сұрақ бізді қызықтырды да, Қаз дауысты Қазыбек бабаның ұрпағы, тарихшы ағамыз Зарқын Тайшыбаевқа хабарластық. Ол кісі бірден: «О, «Сөре тас» туралы білгенде қандай. Қайтыс болған бабамыздың мүрдесін теріге орап, қыс бойы сол сөре таста сақтап, көктем шыға Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қоюға әкетеді. Бабаның аты-жөні жазылған сол мәрмәр тас қоршалған, жергілікті халық айналасын тазалап, баптап ұстап отыр. Жыл сайын болмасақ та екі-үш жылда бір барып тұрамыз. Тұрған жері таудың арасы, жанында бұлақ ағып жатыр, киноға түсіретіндей табиғаты көркем жер. Сол жердің азаматтары жылына бір жылқы сойып, бабаға арнап құран бағыштап отырады...», деді.
Дұрыс-ақ, бірақ біз бұған қанағаттанбадық. Жоғарыда айтқандай, Пушкиннің сүрініп кеткен бір тасын қоршап, тарихи оқиғаға айналдырып, жаһанға жария жасап отырғанда Қаз дауысты Қазыбектей дананың мүрдесін қыс бойы сақтаған сөре тасын неге мемлекет өз қамқорлығына алмайды? Қаражат бөліп, айналасында құлап жатқан тастарды орнына қойып, қалпына неге келтірмеске?! Әрбірден соң бұл қазақтың тарихы, қазақтың дәстүрі, шежіресі емес пе?! Біздің тарих – осындайдан там-тұмдап жиналған тарих емес пе?! Онда оны неге аяқ асты етеміз, мұндай-мұндай деректері көп ел емес едік қой, аздан бар жасағанымыз жараспас па еді?!
Сондықтан да болашақта Мәдениет және спорт министрлігі, оны басқарып отырған Ақтоты Райымқұлова ханым «Сөре тасқа» көңіл бөліп, қасында құлап жатқан тастарды орнына қойып, түрлі спорт жарыстарын өткізіп, шаңырақ көтерген жастардың гүл шоғын қоятын салтанатты салтын енгізіп, тіптен «Қаз дауысты Қазыбек күні» деп ақындар айтысын, жыр жазар жүйріктердің байқауын өткізіп отырса да артық емес. Бұның Баянауыл өңіріндегі туризмнің дамуына шексіз үлес қосары еш күмән туғызбайды да. Сөз түйіні: «Сөре тас» жайлы жалпы жұртқа Мәдениет және спорт министрлігінің жауабы қалай болар екен, күтелік!
Жоғарыда айтып кеткен құжат мәтіні, міне:
Қазақ сср ғылым академиясының бастығы қ.Сәтбаев жолдасқа!
Менің жас кезімде, біздің елдің әйелдері Қазекең «Сөре тасы» деген көш жолында тұратын бір үш тастың тұсынан аттарынан түсіп, жаяулап өтуші еді. Ол уақытта оның не тас екеніне кім көңіл аударыпты. Содан биыл мен командировкаға елге барғанымда, сөзден сөз шыға отырып, сол тастың әңгімесі қозғалды. Сонда әйелдер жол үстіндегі тастың тұсынан неге жаяулап өтуші еді дегенде, Қоқақтың Түсіпбегі деген шал айтты: Қазекеңнің (Қаз дауысты Қазыбек) «Сөре тасы» деген тас. Біздің «Айдабол» қоныстанудан бір жыл бұрын кәдімгі Қаз дауысты Қазыбек осы «Қарағайлы бұлақты» қыстап, «Мұрынталға» жылқы салыпты. Сол жылы қоңыр күзде Қазекең қайтыс болыпты. Содан Қазекеңді былғарыға тігіп, басын ағаштан, аяғын тастан сөре жасап, бір қыс сақтап, жазғы қар суымен Әзірет-Сұлтанға апарып қойыпты. Содан осы тұрған үш тасты «Қазекеңнің «Сөре тасы» деп атайды деді.
Ол тұрған тастың өзі үшеу емес, төртеу еді, біреуі менің бала кезімнен жермен жер болып құлап жатыр, тіпті біздің әкеміздің уақытында ма, жоқ одан да бұрын ба құлаған болуы керек, үшеуі тұр деді. Тағы тастардың ұсынса қол жетпейтіндігін, төрт қырлылығын айтып қызықтырды әлгі Түсіпбек шал. Тіпті ондай тастар бұл Қарағайлы бұлақта жоқ деген әнге басты. Тасты тым мақтадыңыз ғой, барып көрейікшіге келдік те, аудандық Совет атқару комитеті председателінің орынбасары Үсенов, колхоз басқармасының председателі Бердібеков, партком, мұғалім, тағы басқалары бар 11-12 адам тасты барып көрдік. Көрсек баяғы тұрған үш тас тұр, бір тас жанында жер болып, Түсіпбек шал айтқандай құлап жатыр екен. Тасты айналдырып көрдік, ұсынса қол жетпейтіні, төрт қырлы екендігі рас екен. Сүйтіп, тастарды айналдырып жүргенде, бағанағы құлап жатқан тасқа көз түсті. Тас етбетінен құлаған екен, ол тастың ұзындығы мен көлденеңі ана тұрған тастармен бірдей. Бірақ, бұл тастың ана тастардан бір өзгешелігі, сыртынан қарағанда тасты бунап шапқан сияқты болды. Сонымен, тастың сырт бейнесі, адамның мойнының, иығының пішінін көрсетті. Осы таста бір әңгіме бар, ал көтерейік деген пікірге келіп, жақын қорадан қайыңдар алғызып тасты көтерудің әрекетіне кірістік. Жермен- жексен болып қалған тасты көтеру оңай болсын ба, әйтеуір, бір әуреге түстік. Басын бастап қалған соң тастап кетуге болмады. Не болса да шыдайық дестік. Қол қанады, киім жыртылды, ағаш сынды. Басқарма бастығы Бердібеков Көпен тастың астында да қала жаздады. Әйтеуір, әрең дегенде, тастың бас жағын көтердік-ау! Көтеріп қарасақ тастан шапқан кәдімгі адамның басының суреті. Енді оны көрген соң түгел бейнесін көру керек болды. Сондықтан тасты көтеріп қоюдың шарасына кірістік. Көтеру өте қиын болды. Азаматтар не болса да шыдайық десті. Сол күні Күннің де, қымыздың да қызуы бар еді, жұрт ағыл-тегіл болып терледі. «Әуп!» десіп жұмыла қимылдап, зорға дегенде тасты тігінен қойдық-ау. Топырақтан аршып қарасақ кәдімгі адамның суреті. Кіндіктен жоғары жердің бәрін түсірген, шеңберлі, шекелі бас, қиылған қас, қыр мұрын, шарасынан шығып тұрған торсықтай көз, қиылған әдемі мұрт, қаймақ ауыз, тұтас мойын, екі иығына екі кісі мінгендей етіп киім кигізіп, белін буған сурет. «Міне, осы Қазекеңнің, Қаз дауысты Қазыбек бабаның суреті!» десті тұрған адамдар.
Мұны елдің ақсақалдары да Қазекемнің бейнесі деп бекітті. Себебі, өмір бойы Мәшһүр-Жүсіп үнемі осында келіп өтіпті...
Бұл сурет Баянауылдан 75 километр, 4 ауыл Советі, «Мұрынтал» колхозынан 3 километр, кардон үйдің жанында, Семізбұға жолының үстінде.
Осы өткен октябрь айының 2 күні көтеріліп қойылды.
«Сөре тастың» қысқаша тарихы осы.
Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиуымының қызметкері Н.Жаналин 19.ХІ.44
(ҚР Орталық Мемлекеттік архиві. Қор №1137, Тізбе №12, Іс №499, п.230)
Гүлсім ОРАЗАЛЫҚЫЗЫ,
журналист