Қалың қазақтың басына төнген ашаршылық нәубеті Әулиеата өңірін де айналып өткен жоқ. Жақында осы аймақтың Тараз қаласы және Байзақ, Жуалы, Жамбыл, Қордай, Меркі, Мойынқұм, Сарысу, Талас, Тұрар Рысқұлов, Шу ауданында тұратын ашаршылық куәгерлерінің естеліктері топтастырылған «Әулие-Ата өңіріндегі ашаршылық» кітабы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мамандарының жетекшілігімен жарыққа шықты. Құнды басылымға жекелеген азаматтардың естеліктері ғана емес, Нұр-Сұлтан, Алматы, Тараз қалалары архивтеріндегі Жамбыл облысының әрбір ауданына қатысты нәубет жылдар жайлы деректер де енгізілген.
Бұл еңбек өлкетанушы Тұңғышбек Байқұловтың зерттеулері негізінде институт ғалымдарының жетекшілігімен жазылды.
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдиновтің айтуынша, шалғайдағы қазақ ауылдарындағы адамдардың тағдырына қатысты ашаршылықтың қасіретке толы тарихы жазылмайынша, тарихшылар үшін бұл мәселе күн тәртібінен түспейтіні анық.
Жаңа жинаққа архив қорларынан табылған тың құжат материалдарымен қатар, Әулиеата өңіріндегі нәубетті жылдардың бүгінгі күні көзі тірі куәгерлері болған қариялардың естелік-әңгімелері, фотосуреттері еніп отыр. «Әулиеата өңіріндегі ашаршылық» жобасын іске асыру мақсатында алапат ашаршылық туралы куәгерлердің естеліктерін жазып алумен қатар, архивтердегі деректерді жинастыруда сандық түбінде жатқан сарғайған қағаздар табылды. Жасы жүзге келіп қалғанына қарамастан, көңіл түкпіріне бұғып қалған нәубет күндер жайындағы естеліктерді шама-шарқынша жеткізуге тырысқан куәгерлердің бастан өткен ауыртпалығы аз болмаған. «Алдымен малымызды алды. Одан кейін жанымызға бұғау салды. Басты соққы елді асырап отырған байларға тиді. Одан кейін халықтың сөзін сөйлейтін азаматтарға ноқта кигізді. Көнгенін де, көнбегенін де атты. Байлармен бірге ауыл ақсақалдары мен орта шаруалар, молдалар қуғынға түсті. Бейбіт елдің берекесі қашып, ошағын ойрандаған дүрбелең келді. Ағайыннан ақыл, күштіден күш кетіп, алмағайып заман туды...», дейді олар.
Ел басына түскен ауыртпалықтан ерте есейіп, ересектермен бірге ашаршылықтың кермек дәмін татқан Мекемтас Мырзахметов, Сейітқұл Смайылов, Жамбыл Бесбаев, Мәрзия Ибрагимова, Әшірбек Сәрсенбиев, Сайлаухан Ашанов, Есіркеп Бейсенов, Сейітқұл Смайылов, Өмірбек Медетбеков, Абдулхалил Маюфи, Ермекбай Ақылбаев, Қабыл Ібіжанов, Алтын Досжанова, Мысалы Махамбетов, Мәкіш Қуанышбеков, тағы басқа соғыс және тыл ардагерлері ел басына күн туған жылдардың зардабын әлі күнге көңіл түкпірінен өшірген жоқ.
Нәубет куәгерлерінің айтуынша, елдің аштан қырылып жатқанына қарамастан, өкіметтің шолақ белсенділері халықтың соңғы азығына дейін аузынан жырып, сыпырып алып отырған. Аштыққа тап болған ағайын-туыстарының, ауылдастарының қамын ойлаған бірлі-жарым ақыл-парасатты жандарға жазықсыз жала жабылған. Үйінде бір үзім нанға зар болып, аштан қиналған бала-шағасына егіс даласынан бір уыс бидай алғаны үшін айыпталып, Сібірге айдалып, сол жақта опат болғандар қаншама. Осы орайда тарихшы ғалымдар атап өткендей, жиырмасыншы-отызыншы жылдардағы қазақ халқының басына төнген зұлматты ауыр кезең туралы кеңейтілген ақпарат алу қажет екенін бір сәт те ұмытуға болмайды.
АЛМАТЫ