Ғылым адамның ақылына, өнер сезіміне әсер етуі керек. Сол үшін дарынды сөз жүйесін меңгерген кез келген кәсіби қаламгерден ең алдымен сезімді селт еткізетін дүниелер күтіледі. Марқұм, жазушы Талғат Кеңесбайдың шығармашылығы дәл осы үдеден шығатын көркем туындыларға бай еді. Зерттеушілердің көзіне іліккен «Лениннің бәтеңкесі» «экспериментке құрылған шығарма» деген баға алғаны есімізде. Оның шығармашылығы бастан-аяқ эксперимент еді деуден аулақпыз, бірақ меніңше «Гауһары» да эксперименттің көркем үлгісі сияқты.
Жаңа заман адамдарының келбетін модернистік бағытта сомдаған көрнекті жазушы «Гауһар» арқылы оқырман жан дүниесінің нәзік пернелерін шерте білді деген ойдамыз.
«Гауһар» повесі бастан-аяқ диалогқа құрылған. Кейіпкерлердің бәрі бір-біріне сөйлейді, бірдеңе айтады, әйтеуір үнсіз емес. Әңгіме шеберлік туралы болған соң диалогтың көркем шығармадағы маңызына тоқталмай кете алмаймыз. Әдетте оқырман санасы «үнсіздіктің қуатын» жоғары бағалайды. Үнсіз табиғат, үнсіз кейіпкерлер, үнсіз махаббат, т.б жазушының шеберлігіне байланысты жоғарғы санада жақсы қабылданады. Аз сөзге көп мағына сыйғызу, астармен сөйлеу қазақ халқының мінез-құлқының табиғи ерекшелігі болған соң шебер жазушылар «үнсіздік философиясын» тәуір пайдаланды. Әсіресе қазақ прозасында диалогтардың аздығы, суреттеу, сипаттау, кейіптеу, бейнелеу, баяндау, әңгімелеуге көп орын берілетіні белгілі жайт. Сол үшін оқырман да жазушыдан қырық құлаш сөз күтеді. Ал «Гауһарда» ондай сөз емге жоқ. Бастан-аяқ диалогпен өрілген шығармада кейіпкерлерді сөзіне қарай оқырман өзі танып алады, қабылдайды. Әр кейіпкер сөйлесу арқылы ашылады. Рас, повесте кейіпкерлердің бәрі сөзшең деуден де аулақпыз. Бірақ жазушы әрбір кейіпкерді сөйлетуге, олардың ішек қырындысын ақтаруға тырысқан. Мысалы, осы повесте ең көп сөйлейтін екі адам бар. Бірі – бағбан шал да, екіншісі – күтуші әйел. Былай қарасаң екеуі де сөзден, яғни қарым-қатынастан жұбаныш табатын сияқты. Екеуі де біреуді не бірдеңені әлдилеу үшін жаралған жандар секілді. Бағбан шал гүлді әлдилеп, күтуші әйел сұлу келіншекті әлдилеп ғұмыр кешіп жүр. Олардың әлди-ғұмырында сөздің рөлі жоғары. Жақсы көретінін, сыйлайтынын, түсінетінін айтпаса, біреуді жұбатпаса, әлдилемесе ондай адамдар мына өмірге сыймайды. Сондықтан олардың табиғатын диалогтан басқа ештеңемен де аша алмайсың. Сондай-ақ тағы бір қызық парадокс, сөзге де, сезімге де сараң адамдардың да табиғатын ашуға диалог таптырмас құрал. Жан дүниесі жұтаң, ашкөз, жалмауыз, жексұрын кейіпкерлер үнсіздікте жан дүниесімен арпалысып, ар азабын шекпейтіні, сезім сергелдеңіне түспейтіні, надандықтан жеңіліс тауып күймейтіні, қатпары қалың тіршіліктің сырына үңіліп, жаны жүдемейтіні, тым болмағанда білім іздеп, оқшауланбайтыны түсінікті. Шығармада олар нәпақа іздеу жолындағы күресте, онда да өзі сияқты саяз серіктерімен қарым-қатынаста ашылуы үшін сөзге жүгінеді. Олардың повестегі мысалы – Алан мен Дима. Алан – зорлықшыл күйеу, Дима – Аланның көлеңкесі. Екеуін қосақтап айтуымыздың жалғыз себебі – олар үшін ақшадан үлкен құндылық жоқ, ақша – өмірде жеңіске, қалауларына жетудің құралы емес, сол қалаудың, арман-мақсаттың нақ өзі.
Диалог – қарым-қатынастың ең жақсы тәсілі болғанымен, түсінісудің кепілі емес. Мұны когнитивті психологиядан хабары бар кез келген адам біледі. Түсінісуде сөздің рөлі онша көп болмайды. Шын өмірде көпшілік бейсаналы түрде әрқайсысы өз ойларындағы ғана дүниені айтады. Жазушы мұны әрбір диалогте қаперге ұстап, өмір шындығының көркем шығармаға шырай беруін қадағалаған сияқты. Сол себепті кейіпкерлер бір мәселені не тақырыпты талқылап, пікір білдірмейді, болмаса бір-бірінің айтқысы келгенін соңына дейін тыңдамайды. Яғни жазушы диалогты шебер қолданғанымен, өнер тіліне көшірілген абсурдтың салмағы жеңілдеп тұрған жоқ.
Бас кейіпкер Гауһарға келейік. Сұлу келіншектің маңында адамдар үйіріліп жүр. Оны сыйлайды, аялайды, жақсы көреді. Әсіресе әшейінде мінезі шатақ, морт күйеуі барлық еркелігін көтеруге бар. Гауһар ішер астан, киер киімнен, дүние-мүліктен тарлық көріп жүрген пенде емес. Онда бәрі бар. Тек, бір өкініші – «сол түн болмағанда...». Сонау он жеті жасында сенімін, махаббатын, арманын, болашаққа құрған жоспарын аяусыз таптап, тағдырын талқандаған «сол түн» – оның ең жанды жері. Оны сол ауыртады, қинайды, шындықты білгісі келеді... Ал шындықты білгенде «шарт етіп ашылып, сарт етіп жабылған қақпадан шығып үлгерген Гауһар беталды жүгіре берді. Жүгіре берді. Сүрініп құлады. Басын көтермей, жан-жағына алақ-жұлақ қарады. Ешкім көрінбейді. Орнынан тұрып, ілбіп жүре берді... Ұзақ-ұзақ жүрді. Күн көтеріле Ертісті жағалап, қаланы бетке алды. Басына ешқандай ой да келмеді, бойындағы бағанағы қорқыныш та жоғала бастап еді. «Енді маған бәрі-бір!».
Жазушы кейіпкерінің Гауһар аталуы да тегін емес. Қай қырынан қарасаң да жарқырап тұратын гауһар – тек сұлулық емес, зор құндылық. Оны зорлықпен қара бақырға айналдыра алмайсың. Оны иемдену де оңай емес. Зорлықшыға келген зауал соның айғағы. Ал өзін құндылық немесе сұлулықтың нақ өзімін деп ойламайтын Гауһар қызылды-жасылды өмірдің барлық қызығынан алыс тұр. Ол бейдауа дертіне ем табылмаған шарасыз хәлдегі әйел. Повесті оқып шыққанда жазушының әйел жанын соншалықты нәзік түсінетініне бас идік. Нәзіктік пен мейірімнің, сұлулық пен махаббаттың үндескен салтанатын жанның қылдай нәзіктігі ғана бедерлей алмақ.
Түйіп айтқанда, «Гауһар» повесі – жаңашылдық пен ізденістің жемісі. Диалогтар, әрекеттер арқылы кейіпкерлерді ашу сәтті жүзеге асқан. Олардың қуанышы, жұбанышы, уайымы, реніші оқырман жанын шымырлатады, сезіміне әсер етеді.