• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Сәуір, 2021

Қаланың «қан тамырлары» жарылмасын

416 рет
көрсетілді

Әр қала – алып ағза секілді. Орал қаласына «жан беріп» тұрған су, жылу және кәріз желі­лерінің жалпы ұзындығы 1 мың шақырымнан асып кетеді екен. Моноқала саналатын Ақсайдың өзінде 57 шақырым жылу, 174 шақырым су, 52 шақырым кәріз желісі бар. Осы «тамырдың» бір тұсы сыр беріп, жарылар болса, жүздеген, мыңдаған тұрғын жапа шегеді.

Жылудың «жыры»

Биылғы қыс батысқазақстан­дық қала халқы үшін қалыпты өтті. Жылыту мерзімі аяқталуына санаулы күн қалғандықтан, «өтті» деп отырмыз. Орал қаласында былтырғы 24 қыркүйекте, Ақсай қаласында 5 қазанда басталған жылыту маусымында облыс орталығындағы көп қабатты 1 196 үй, Ақсайдағы 113 үй тұрғындары еш­қан­дай төтенше жағдайға ұрынбай шықты. Бұл тиісті сала мамандарының көзге көрінбейтін тынымсыз еңбегі нәтижесінде болғаны анық.

Мамандардың айтуынша, апатты  жағдай болуы да әбден мүмкін еді. Өйткені Орал қаласының жалпы ұзын­­дығы 225 шақырымдық жылу же­лісі, Ақсай қаласының 57 шақырым жылу желісінің көп бөлігі тозығы жеткен.

Қауіптің алдын алу үшін 2020 жылы әр түрлі қаржыландыру көзд­ері есебінен 5 шақырымдық жылу желілері жөнделіп, қайта жаң­ғыртылған. Автономды қазан­дық­тар, қосалқы электр стансалары мен трансформаторлары, сондай-ақ электр желілері жос­парлы жөндеуден өтіп, жылыту маусымы басталарда сақадай сай болған.

– Біз Орал қаласындағы «Жа­йы­қ­­жылуқуат» және Ақсай қа­ла­­сын­­дағы «Ақсайжылуқуат» ме­кеме­лерінің жылу желі­леріне жөн­деу жұмысын уақы­ты­лы жүргіздік. Мәселен, респуб­ли­ка­лық бюджеттен берілген несие есебінен «Водстрой» автономды қазандығын қайта жаңарту аяқ­тал­ды. Бұл қазандықты жаң­ғырту Зачаганск кентінде тұратын 60 мың халықты жылумен үздіксіз қамтуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ «Жайықжылуқуат» кәсіпорны 2015-2020 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама аясында өз қаражаты есебінен 5,2 шақырымдық жылу желілеріне кү­р­делі жөндеу жүргізді. Бұл жо­­балар толық аяқталды, – дей­ді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лығы басқармасы басшының орынбасары Бейімбет Мусин.

Әрине, жаңарту жұмыстары биыл да жалғасады. «Жайық­жы­­лу­қуат» мекемесі 2021-2026 жыл­­дарға арналған ин­вес­ти­ция­лық бағдарлама шең­берін­де өз қа­ражаты есебінен 5,9 ша­қы­рым­дық жылу желісіне күр­де­лі жөндеу жүргізбек.

 

Кәріздің кәрі қатты

Оралдықтардың «кәріз апаты» десе, төбе шашы тік тұрады. Өйткені соңғы 2018-2020 жылдар аралығында ғана Орал қаласында кәріз желілері бірнеше рет жарылып, қаланың көп бөлігі сусыз қалды. Көп қабатты үйде там­шы сусыз һәм дәретханасыз қа­­лудың азабы айтпаса да түсі­нік­­ті. Әрине, бұл төтенше жағ­дай­ды жою үшін мемлекет та­рапынан соңғы жылдары бір­не­ше жоба жасалып, қаражат бө­лінді. Мәселен, «Нұрлы жер» бағ­дарламасы аясында қала­ның солтүстік-батыс бөлігін қам­та­масыз ететін канализация жүйе­сін қайта жаңарту жобасы бойынша 3,7 шақырымдық коллектор қайта жаңартылды. Бұл жоба Орал қаласының оңтүстік-батыс бөлігін тұрақты сумен қам­та­масыз етуге мүмкіндік берді.

– «Жұмыспен қамтудың жол кар­тасы – 2020» бағдарламасы ая­­с­ында Ақсай қаласында 1,7 шақы­рым кәріз коллекторы қайта жаң­ғыртылды. Бәйтерек ауданы Ща­пово ауылындағы 1,2 шақы­рым кәріз коллекторына күрделі жөндеу жүргізілді. Осы аудандағы Көшім ауылының 2,2 шақы­рым­дық кәріз желі­сі­не, Достық ауылының 5,5 ша­қы­рымдық кәріз коллекторына күр­делі жөндеу жасалды. Бұл жо­балардың бәрі толық аяқ­­тал­ды, – дейді Бейімбет Мәлікұлы.

Жаңарту жұмысы жүйелі жүр­­­месе, апат азаймайтыны анық. Сондықтан мемлекеттік бағ­­дар­­ламалар шеңберінде су бұру же­лі­лерін қайта жаңарту бо­йынша 2021 жылға бірнеше ауыс­палы жобаны іске асыру жос­парланған. Соның бірі – Орал қала­сының солтүстік-шығыс бө­лі­­гіндегі 5,4 шақырымдық су бұру желілерін қайта құрылымдау жоспары. Нысан құрылысы биыл басталып, 2022 жылға ауысады. «Бұл жоба аяқталғанда Орал қа­ла­­сының солтүстік-шығыс бө­лі­гін­де тұрақты және жайлы т­ұ­ру қам­та­масыз етіледі», дейді Б.Мусин.

Сондай-ақ Орал қаласының айналма кәріздік коллекторын қайта жаңарту кешенінде биыл 200 метрлік су бұру желілері қай­та салынбақ.

Саратов күре жолы бойын­да­ғы диаметрі 1 мың мм-лік қы­сымды кәріз коллекторын қай­та жаңарту барысында биыл 2,8 шақырым желі қай­та жаң­ғыр­тылады. Жалпы «Батыс су ар­насы» мекемесі 2021-2026 жыл­дар­ға арналған инвес­ти­ция­лық бағдарламасы аясында биыл 1 шақырымға жуық желіні өз қа­ра­жаты есебінен күрделі жөн­деу­ді жоспарлап отыр.

 

Келсе газ – халық мәз

Батыс Қазақстан облысы – тұрғындарын табиғи газбен барынша толық қамтыған аймақтың бірі. 2020 жылдың қорытындысы бойынша облыс халқын табиғи газбен қамтамасыз ету үлесі 98,6% болды.

Б.Мусиннің айтуынша, 2020 жылы облыста басталған құры­лысты аяқтау және жаңа жоба­лар­­ды іске асыру үшін 944 млн теңге бөлінген. Осы сомаға 164 шақырым газ құбыры салынып, 7,7 мың адам газбен қамтылған. Соның ішінде Теректі ауданының 10 елдімекені табиғи газбен қам­тамасыз етілсе, Ақжайық ауданы­ның 11 елдімекеніне ауылішілік желі жүргізілген. Ақжайық пен Қаз­талов ауданының 46 әлеу­мет­тік нысаны табиғи газ құбы­ры­на қосылған.

Бүгінде Қазталов ауданының – 16, Бәйтерек ауданының – 8, Теректі мен Жаңақала аудан­да­рының әрқайсысында – 4 елді­мекенді газдандыру үшін 15 жобалық-сметалық құжат жасалып, әзір тұр. Яғни Қазталов ауданында тұратын 2 612 адамды газбен қамту үшін – 1 227 млн теңге, Бәйтерек ауданына – 445 млн теңге, Теректі ауданына – 370 млн, Жаңақала ауданына – 178 млн теңге қажет. Бұл жобаларды іске асыратын қаражат үшін республикалық және жер­гі­­лікті бюджетке өтінімдер бе­ріл­ген.

– Биыл Қазталов ауданының Кішкенешал, Талдықұдық, Кіші­тал­­дықұдық және Бейістерек ауыл­дарын газбен жабдықтау же­лі­лерінің құрылысы үшін жер­гі­­лікті бюджеттен 488 млн 623 мың теңге бөлінді. Осы жоба іске ас­қан кезде облыс халқын та­би­ғи газбен қамтамасыз ету үле­сі 98,7%-ды құрайды, – дейді об­лыстық энергетика және тұр­ғын үй-коммуналдық шар­уа­шы­лығы басқармасы басшы­ның орынбасары.

 

Сұрауы бар су

Орал қаласының сумен қам­ты­лу көрсеткіші мемлекеттік бағ­дарламалар аясында жасалған жобалар нәтижесінде былтыр 96,9%-ға жетті. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 2020 жылы Орал қаласына қарасты Ветелки кентіндегі нысандарды сумен жабдықтау жобасы атқарылып, ауыл ішінде ұзын­дығы 24 шақырымдық су құбыры желісі салынды. Ал «Жұ­мыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында Бәйтерек ауданы Новенькое ауы­лындағы 2,5 шақырым су құ­быры күрделі жөндеуден өтті. «Батыс су арнасы» мекемесі ин­вестициялық бағдарламалар аясында 2015-2020 жылдар ара­лы­ғында өз қаражаты есебінен ұзындығы 7 шақырым болатын сумен жабдықтау желілеріне күр­де­лі жөндеу жүргізді.

Былтыр Орал қаласының тұр­ғын­дары шіліңгір шілдеде су тапшылығын көріп, біраз әбі­герге түскен еді. Өңір басшы­ла­ры биыл ондай жағдай қайта­лан­ба­уы үшін бірқатар кешенді іс атқарды. Орал қаласы әкімі Абат Шыныбековтің айтуынша, облыс орталығының Зачаганск кенті тұрғындарын сумен қамтамасыз ететін Тас­қа­ла топтық су құбыры қайта жаң­ғыр­туды қажет етіп отыр. Бұл жұмыстарға конкурс жарияланған. Мамыр айын­да мердігер компания анықталып, жыл соңына дейін жаңғырту жұ­мыстары аяқ­тал­мақ. Бұл жер­де Жаңатаң-Зачаганск, Переметный-Жаңатаң аралы­ғын­да­ғы су құбырларын жаңарту, екі су жинағышты жаңарту, қосымша 15 су ұңғымасын қазу жұ­мыстары жүргізіледі.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лығы басқармасы басшысы орынбасары «Батыс су арнасы» кәсіпорны инвестициялық бағ­дар­лама аясында биыл өз қара­жаты есебінен 11,9 шақы­рым­дық су құбыры желілеріне күрделі жөндеу жүргізілетінін хабарлады. Сондай-ақ «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде Ақсай қаласының 10 шағынауданында резервтік магистральдық су құ­бы­рын салу құрылысы жүзеге аспақ. Бұл нысанның ұзындығы – 3,095 шақырым.

P.S. Үш өзеннің ортасында тұрса да Орал шаһары былтыр су тапшылығын көргенін айттық. Шынында да бізге тұтынушылық мәдениет, үнемшілдік дағды керек-ақ. Орал қаласының әкімдігі жүргізген тексеріс нәтижесінде шаһарда көлік жуумен айналысатын 70 орынның үшеуі ғана көлік жуған суды тазартып, қайта пайдаланатынын анықтапты. 27 сауна, 84 тамақтану және 37 өндіріс орнының ауыз суды тиімді пайдалануы тексеріліп, 76 заңсыздық мәлім болған. 50 мекеме суды есептегіш құралсыз пайдаланған. Осындай тәртіп бұзған 39 заңды тұлғаға – 22,7 млн теңге, 97 жеке тұлғаға 25,5 млн теңге айыппұл салынған.

 

 Батыс Қазақстан облысы