Қасиетті Түркістан өлкесі – талай ғұлама ғалымдар мен ақын-жазушылардың, әулие-әнбиелердің, елді аузына қаратқан өнер адамдарының, әлемде теңдесі жоқ «қара күш иесі» атанған Қажымұқанның мекені болғаны әмбеге аян. Әлем мұсылмандары оны «Екінші Мекке» деп те атайды. Осы Түркістаннан түлеп ұшқан орта буын ақындарымыздың бел ортасында болуға құқы бар, бірақ республикамыздың көп оқырмандары біле бермейтін, тасада қалып қойған таланттың бірі – ақын Сұлтанқұл Сәметов дер едім.
Ол 1936 жылы 18 тамызда Төлеби ауданында туып, 2005 жылы жетпіске қараған жасында дүниеден өтті. Қазанғап, Келімбет, Сатыпалды, Айнабек және басқа да халық ақындарынан көп үйреніп, Мұқағали Мақатаевты өзіне ұстаз тұтып, адамзаттың өмірі, оқу, өнер, білім жайлы толғаулар да шығарды. Оларға еліктегенімен, өзіндік қолтаңбасы, жаңашылдығы менмұндалап тұратын.
Ол студент кезінің өзінде-ақ әдебиетке деген құштарлығымен көзге түсті. Біз білмейтін неше түрлі кітаптарды, газет-журналдағы жаңалықтарды оқып, бәрімізді таңғалдыратын. Бір жолы орыс әдебиетінен сабақ беретін мұғалімге: «Атақты Салтыков-Щедрин министр де болыпты. Сол туралы кеңірек айтып беріңізші», деп сұрап, оны састырғаны бар. Ол: «Қоңырау болып қалды, ертең айтып берейін», деп құтылып кетеді.
1961 жылы жаз айында Шымкенттің металлургтер сарайында ұлы жазушы М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы бойынша оқушылар конференциясын өткіздік. Мұның бастаушысы Әбіш Байтанаев ағамыз. Бұл жылдары ұлы жазушы «Өскен өркен» романына материал жинау үшін оңтүстікке жиі келетін. Әбіш ағамыз осы орайды тиімді пайдаланып қалды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен Абай ұрпақтарын шақыртты. Мұқаң Шымкентке келсе, алдымен «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясына, сосын біздің институтқа бас сұғатын. Студенттерге жарты жыл бұрын таратылып берілген баяндама тақырыптарын өзі қарап, қандай мәселеге көбірек көңіл бөлу керектігін өзі айтып түсіндіретін. Сондай кездесулердің бірінде Сұлтанқұл ұлы жазушыға: «Сіз романда Қодар мен Қамқаны жазықсыз етіп көрсетіпсіз. Ал өмірде басқаша болған екен. Оны қалай түсінеміз?», деп сұрақ қойғаны бар. Мұқаң бізге бала-шаға деп қарамай, ол жайды егжей-тегжейлі түсіндірген-ді.
Ал конференцияның алдында үш мыңға жуық тыңдарманға Америкаға барып келген сапары жайлы бір сағатқа жуық әңгіме айтты. Конференция аяқталған соң баяндама дайындаған студенттерді алып қалып, «Абай жолының» бір-бір кітабын ұстатып, автограф жазып берді. Бірге суретке түстік.
Институтта оқып жүрген кезімізде бес жыл бойы бір кісінің баласындай болып, бірге жүрген достарымыз Сұлтанқұл-Қалдыкүл, Бегалы-Дариға, Сансызбай, Күлғайша, Алтынбек, Ергешәлі – бәріміз емтиханға бірге дайындалатынбыз. Төртінші курста осы достарымыздың қолдауымен мен Күлғайшаға, Сұлтанқұл Қалдыгүлге үйленді. Екі жыл бір үйде бірге тұрдық. Тұңғыш балаларымыз осы үйде дүниеге келді.
Оқырмандарымызды оның өмір жолымен толық таныстыру үшін бірге оқыған досымыз, кейін Оңтүстік Қазақстан облысының оқу-ағарту бөлімінде (облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының директоры) қызмет етіп жүрген кезінде өзі алғысөзін жазып, «Қос арна» өлеңдер жинағының жарық көруіне тікелей атсалысқан Ергешәлі Мамыраевтың лебізін тыңдалық. «Сұлтанқұл Сәметов өзі туып-өскен ауылында, Төлеби ауданының халық ақыны Қазанқап Байболов атындағы орта мектепте (бұл мектепті С.Сәметов 1990 жылдары ауылға әкім болып сайланған соң өзі мұрындық болып салдырған-ды) жұбайы Қалдыкүл екеуі 9 бала өсіріп, 40 жылға жуық осы мектепте абыройлы қызмет етті. Осы жылдар ішінде ізденімпаз, еңбекқор, жаңалыққа жаны құмар ұстаз ретінде танылып, мектептің, өзі өскен ауылдың көркейіп өсуіне зор үлес қосты. Халық ақыны Қ.Байболовтың шығармаларын жинау, мектепте мұражай ашу, ақын бейітінің басына ескерткіш қою – ол атқарған істердің біразы ғана. Ол ауылдағы үш-төрт жылғы әкімдігін халық игілігіне жұмсады. Ұйымдастыру қабілеті мол Сұлтанқұлға кезінде облыс басшылары тарапынан талай лауазымды қызметтер ұсынылды, бірақ олардың ешқайсысына ұстаздығын ауыстырмады. Әкімдіктен де бас тартты. Арманы – өлең жазу, сол арқылы жастарды ізгілікке, адамгершілікке тәрбиелеу болды. Ол үшін өзінің сүйікті мамандығы – ұстаздық қызмет ауадай қажет еді. Себебі «Шын мұғалім түнде де оқып отыр, жақсы ойлардың өрмегін тоқып отыр. Елдің бәрі сыйласа бұл кісіні, ол кішкентай баладан қорқып отыр». Міне, ақындық тапқырлық!
Оның ұстаздық тәжірибесін Кеңес Одағы кезінде Мәскеуден шығатын «Народное образование» журналы бүкіл Одақ көлеміне таратты. Төлеби ауданында тұңғыш рет Алтынсарин атындағы төсбелгіні де таққан – Сұлтанқұл Сәметов. Көзі тірісінде Сұлтанқұлдың екі өлеңдер жинағы («Қос арна». 1996 ж., «Ұлым, саған айтам». 1999 ж.) Шымкентте басылып шықты. Балаларына деген қариялық, әкелік ақыл-кеңесін өлең жолдарына былай түсіреді:
Арманым – сендер, бақытым,
Ақылмен өтсін уақытың.
Дүниеқоңыз болмаңдар!
Не керек лағыл, жақұтың...
Бақытты табу тым қиын,
Соғады кейде бір «құйын»...
Ұшырып кетіп жүрмесін,
Алдымен өзім «жұлқиын».
(«Ұлыма»)
Олар да осы жолдан таймай, әкелерінің ақылын тыңдап, тәрбиелі бала болып өсті. Тоғыз ұл мен қыз өмірден өз орындарын тауып, көктемгі гүлдей қаулап өсіп жатыр. Бірақ бір өкініштісі – осылардың бәрін дүниеге әкелген Қалдыкүл биыл бақи дүниеге аттанып кетті. Балаларының да, біздердің, достарының да арманы Сұлтанқұлдың өлеңдері үлкен баспалардан басылып шығып, еліміздің шартарабына кеңінен таралса екен дейміз. Өзі өскен ауылдағы бір мектептің, не көшенің атын берсе, құба-құп болар еді.
Бұл пікірімізді Түркістан облысының басшылары, сол елдегі әдебиеттің қызығына қуанып, шыжығына күйіп жүретін інілерім Мархабат Байғұт, Әлібек Шегебай секілді азаматтар қуаттап, қаперіне алар деген ниеттеміз.
Тұрсынбек ЕШЕНҚҰЛОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, жазушы, Халық ағарту ісінің үздігі