«Рухани жаңғыру» бағдарламасы мемлекетіміздің өткені мен бүгінін саралап, қоғамның ұлттық танымнан тамыр алуына соны серпін берген бірегей жобаға айналды. Бағдарлама аясында азаттықтың алтын бесігіне баланатын рухани астанамыз Алматыда қанат қаққан айшықты бастамалар аз емес.
Көненің көзіндей, өткеннің өзіндей болған музейлер – тарих парақтарынан сыр шертетін қасиетті орын. Негізгі алты бағытты нысанаға алған ауқымды бағдарламаның бір тармағы – тарихи және мәдени жәдігерлерді цифрландыру ісі. Бұл ретте музейлердегі құндылықтардың 3D моделін жасап, жәдігерлердің цифрлы көшірмесін әзірлеу – айрықша мәнге ие. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматы қаласында орналасқан Орталық мемлекеттік музейдің археологиялық алтындары және этнографиялық коллекциясынан 1020 құндылықтың цифрлы көшірмесі мен 3D нұсқасы жасалды. Тарихты таспалау заман талабы десек, бұл жұмыстар өткенге үңілгісі келетін өнерсүйер қауым үшін таптырмас мүмкіндік тудырып отыр. Өйткені цифрлы форматқа негізделген құнды жәдігерлерді мәдениет ошағының сайты арқылы да тамашалауға болады. Әсіресе бұл қазіргі пандемия жағдайында өнертанушылар мен көрерменге көп көмегін тигізуде.
Сонымен бірге мәдени қоры бай Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінде цифрландыру негізгі екі бағыт бойынша бастау алып, көлемді жәдігерлердің 3D көшірмесінің цифрлы архивін жасау үшін арнайы зертхана жасақталған болатын. Онда фотограмметрия әдісімен 3D сканерлеу технологиясы қолданылды. Осы технология бойынша архив түзіліп, оған 300 бірліктен астам мүсін өнерінің қоры енгізілді. Былтыр 3D сканерлеу үдерісін оңтайландырудың арқасында бұдан екі есе көп жәдігерлер цифрлы жүйеге көшірілген. 2D цифрлы суреттер архивін толықтыру жұмыстары да қарқынды жүзеге асқан. Осы іспеттес жобалар шаһардағы кітапханаларда да іске асырыла бастады. Бұл жұмыс кітапхана қорындағы әлеуметтік-маңызды құжаттарды цифрландыруға, өңірлердің цифрлы коллекцияларын құруға мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар археологиялық музей кешендерін, ашық аспан астындағы музейлерді құру бойынша жұмыстар оң нәтижесін көрсеткен.
Өткен жылы Алматы қаласында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жоспары 200 жобаны қамтыған. Айталық мерейтойы ЮНЕСКО-ның күнтізбесіне енген дала данышпаны Әбу Насыр әл-Фараби мен Абайдың мызғымас мұраларын кеңінен насихаттауға арналған 38 шара шымылдығын түрді. Бұл тұрғыда Abai Street Fest ашық аспан астындағы фестивалінің театрландырылған қойылымын, «Желсіз түнде жарық ай» тақырыбында өрбіген «Музейдегі түн» акциясын, «Абай weekend» фестивалін, Farabi World жас ғалымдар форумын және әл-Фараби мерейтойына арналған халықаралық конференцияны айрықша атауға болады. Өткен жылдың ақпан айында шаһардың Жетісу ауданында орнатылған Абай мүсіні де «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында салтанат құрған ілкімді істің бірі.
– «Рухани жаңғыру» – бұрын-соңды болмаған мәні терең мегажоба. Былтыр археологиялық музей кешендерін, ашық аспан астындағы музейлерді құру бойынша жұмыстар үздіксіз жалғасты. Дала фольклоры мен музыкасын танымал ету мақсатында «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің Санкт-Петербургке, сондай-ақ қуыршақтар театрының Польша мен Болгарияға арналған халықаралық фестивальға шетелдік гастрольдері жоспарланды. «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық паркінде қазақ және бүкіл түркі әлемінің тарихи, мәдени мұрасын көпшілікке тарату үшін «Ұлы дала – көшпенділер әлемі» халықаралық этнографиялық фестивалі өтті, – дейді Алматы қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің басшысы Гүлнар Қоңырова.
Әлемді әбігерге салған пандемияға байланысты көптеген шара онлайн форматқа ауысқаны белгілі. Халықтың ықыласына бөленген музейлік тақырыптық дәрістер де желі арқылы жұртшылыққа жол тартып, 55 мыңнан астам қаралым жинаған. Осы ретте Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы дәстүрлі әуенді дәріптеу мақсатында 1000 үнжазбаны жарыққа шығарғанын айрықша атай кеткен жөн.
Шаһардағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының құндылықтарын идеологиялық тұрғыдан қамтитын әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысы мен қайта жаңартылуы жалғасуда. Республика алаңында балалар мен мәдени-ойын-сауық аймақтарына бөлінген қайта жаңартылған «Алмалы» қоғамдық кеңістігі ашылып, нысан аумағында қазақстандық суретшілердің мүсіндері орнатылған.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында мықты әрі жауапкершілігі жоғары біртұтас ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басудың және бұқаралық сананы қалай өзгертудің айқын жолы көрсетілді. Нәтижесінде, жан-жақты жаңғырулар көшін түзеген Қазақ еліндегі іргелі өзгерістерді әлем елдері мойындауда.
АЛМАТЫ