Жуырда елордадағы Ұлттық академиялық кітапхана Қазақстанның Біріккен Ұлыбритания Корольдігіндегі елшілігімен бірлесіп британдық журналист әрі жазушы Ник Филдинг кітаптарының халықаралық онлайн таныстырылымын өткізді. Zoom байланыс платформасында өткен басқосуға Ұлттық академиялық кітапхана өкілдері мен кітап авторы Ник Филдинг, Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігінің өкілі Әйгерім Сейсембаева, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов қатысты.
Ник Филдингтің тікелей редакторлығымен ағылшын тілінде жарық көрген бірінші кітап «Шоқан Уәлихановтың таңдамалы еңбектері: Ұлы дала этнографы және тарихшысы» деп аталады. Қазақтың көрнекті ғалымының шығармалары тұңғыш рет ағылшын тілінде кітап болып жарық көргені жайлы, яғни, осы еңбек туралы мәлімет өткен жылдың соңында белгілі болған еді.
Желтоқсан айында Ұлыбритания Корольдігінің географиялық қоғамында кітап ағылшын тілді қауымға таныстырылып, еңбектің құндылығы туралы ойлар айтылған болатын. Шоқан Уәлихановтың эсселері тұңғыш рет 1865 жылы ағылшын тіліне аударылыпты. Түгелдей емес, бар-жоғы төрт эссе. Міне, содан бері ағылшын тіліне аударылып отырғаны осы. Бұл жолы британдық аудармашы Арч Тейт жиырма эссені тәржімалаған. Zoom платформасында өткен онлайн таныстырылымда «Шоқан Уәлихановтың таңдамалы еңбектері: Ұлы дала этнографы және тарихшысы» кітабының редакторы Ник Филдинг кітаптың Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнография институтымен ынтымақтастықта Кембридж университетінің баспасынан жарық көргенін айтты.
Институттың директоры Зиябек Қабылдинов бастаған ғалымдар Шоқан Уәлихановтің Орталық Азияның географиясы, тарихы, этнографиясы және экономикасына арналған аса маңызды ғылыми еңбектерін ағылшын әріптестеріне ұсынған. Өз кезегінде бұл ғылыми еңбектердің ағылшын ғалымдары тарапынан жоғары бағаланғанын елшіліктің өкілі Әйгерім Сейсембаева атап өтті. Оның айтуынша, көрнекті ғалымның шығармалары Кембридж университетінің Орталық Азияны зерттеу бойынша бакалавриат бағдарламасына енгізілмек.
Ник Филдингтің екінші кітабы «Ұлы даладағы саяхатшылар» деп аталады. Бұл кітапта ХІІІ ғасырдан бастап ХХ ғасырға дейінгі аралықта Ұлы далаға саяхат жасаған зерттеушілер туралы айтылады. Кітапта белгілі, белгісіз себептермен аттары ұмытылған саяхатшыларға басымдық берілген. Олардың саяхат барысында көрген қиындықтары, жетістіктері мен сәтсіздіктері сипатталған жазбалары назарға алынып, олардың ең қызықтары осы кітапқа топтастырылған. Онлайн жүздесуде британдық журналист әрі жазушы қос кітаптың да ағылшын тілді оқырманға Орталық Азия халықтарының ерекшеліктерін танытуға септігі мол болатынын жеткізді.