• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Таным 12 Сәуір, 2021

Сөздің жеті бояуы

562 рет
көрсетілді

Ньютон әрі-сәрі күйде, әбігерге түсіп, бөлме ішінде ерсілі-қарсылы, әрі-бері ұзақ жүрді. Бір кезде бөлменің ішін қараңғылап, сәуле түсуі үшін кішкене ғана саңылау қалдырып, сәулені үшбұрышты шыны призмадан өткізді.

Эврика! Саңылаудан түскен сәуле шыныдан жеті түрлі түспен өтті. Алуан түстен тұратын жарық жолағын ғалым спектр деп атады: сәуленің жеті түсі.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының басты алты тіліне аударылған заманауи қазақ поэзиясы мен прозасының алты антологиясын қолға алған сәтте неге екені, Ньютонның осы бір эксперименті ойға оралды. Сәуленің жеті түсі болатыны секілді бұл антологиялар сөздің де әлемдік призмадан өткенде жеті тілдегі жеті бояуын көрсеткендей әсерде қалдым. Қазақ сөзінің, қазақ ойының әлемнің алты халқының поэтикалық ойлау жүйесі мен сөз қолдануында құбылуын аңғардық.

Орыс тіліндегі әдеби аударма және басып шығару Ресей Жазушылар одағының мәскеулік ұйымы мен М.Ломоносов атындағы Мәскеу мем­лекет­тік университетінің баспасы арқылы жүзеге асса, ағылшын тілінде Кембридж университеті баспасы, испан тілінде Испания Мәдениет министрлігі, «Сер­вантес институтының» кеңесі Visor бас­пасы, француз тіліндегі нұсқасын да­йындауға Париж қаласының мэриясы қолдауымен «Мишель де Моль» француз баспа үйі, қытай тіліне аудару, басып шығару және таратуға Қытай Халық Республикасының «Ұлттар баспасы» жауапты болса, араб тіліндегі нұсқасын шығаруды Мысыр Араб Рес­пуб­ликасының Мәдениет және білім орта­лығының қолдауымен Таяу Шығыс елдеріне танымал MediaHub баспасы қолға алған. Мәдениет және спорт министр­лігінің тапсырысы бойынша «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры­ның үйлестіруімен жүзеге асқан бұл жоба аса ауқымды мә­дени оқиға ретінде саналды.

Поэзия антологиясы қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі Қадыр Мырза Әлінің өлеңдерімен басталды. Ақынның «Жер» деген өлеңі қазақ дүниетанымы мен ойлау жүйесінің әлемге деген қатынасын анық көрсеткен жыр:

Бұл қара жер болған бізге кең мекен,

Кең мекенге қанша қауіп төнді екен!

Білсең оны,

Төбе шашың тік тұрар,

Бишараның көрмегені кем де кем!

Таң алдында қылауласа тұңғыш қар,

Қызыл қанға бояуға оны кім құштар?!

Қара жерге қан жалатқан әйтсе де,

Еділ,

Гитлер, Батулар мен Шыңғыстар.

Сөне жаздап, сөне жаздап шамшырақ,

Талай рет жатыпты-ау ол қансырап.

Сондай кезде,

Сондай кезде қол созып,

Қай құдірет келіпті одан хал сұрап!

Құшағына ап мың сан ұлды кекілді,

Қаншама рет күйінді ол, өкінді.

Освенцим пен Бухенвальдтар

Бұл жердің

Жүрегіне түскен жара секілді.

Жердің көрген қорлығы көп,

Жетеді.

Ол жыласа,

Жасқа толар етегі...

Аяғаннан,

Алдымда алып сәбидей

Айдарынан сипағым кеп кетеді!

Осы өлең арқылы берілген қа­зақ гу­манизмі, қазақ ақынының адамсүйгіш­тігін дүние қалай қабылдады? Қалай аудар­ды? Антологияны парақтап отырғанда әлемдік поэтикалық ойлау призмасынан өткен қазақ ойы қандай деңгейде, қандай түсте көрінді? Қазақ тілі, яғни ақынның ана тілі спектрдің ең ұзын толқынды түсі – қызыл түс десек, оның қызғылт сарысы орыс тілі болып отырғанын көреміз. Себебі қазақ тіліндегі шығармалар әуелі орыс тіліне жолма-жол аударылып барып, кейін қалған бес тілге тәржімаланғанын аңғарамыз. Осы өлеңнің орыс тіліндегі нұсқасына назар аударайық:

Поставил я юрту на шаре земном,

И муки Земли – это муки мои.

И, ощутив, я расстался со сном,

Забыл, как поют на заре соловьи.

Когда под луной серебрятся снега,

Кто хочет, чтоб кровью они

запекались?

Люди, к несчастью!

Идут сквозь века

Атилла и Гитлер, Батый и Чингиз.

Не раз они землю душили петлей,

И кровь ей не раз выпускали из жил,

Но кто-нибудь, тоже

рожденный землей,

Ей встать помогал и сиделкой служил.

Нельзя перечислить бесчисленных мук,

Цивилизации прахом пошли...

Помню Освенцим я и Ревенсбрук...

Всё это –

открытые раны Земли.

Прости нам,

Земля дорогая моя,

Свою горемычную, злую судьбу...

Ты так беззащитна,

Хочу тебя я

Взять на колени, погладить по лбу.

Жер шарын алдына алып, сәбиіндей көріп, алақанымен жарадар болған маң­дайын сипағысы келу, шын мәнінде адам­зат баласының ұлы гуманизмі көші­не ілесу ғана емес, дүние жүзіндегі бірде-бір соғыс, індет, қайшылықтар мен қар­сы­лықтар, аласапырандар мен күрестер, ізгіліктер мен зұлымдықтар бір ұлттың басына ғана келмейтінін, оның ешкімді айналып өтпейтінін сездіру, бір адамға қарсы жасалған қылмыс бір ұлтқа, ал бір ұлтқа қарсы жасалған қылмыс бүкіл адамзат баласына жасалған қылмыс еке­нін айту, діні мен тілі, түсі мен тамырына қарап халықтарды бөлуге болса да, бөле-жара қарауға болмайтынын, қор­лауға, аластауға, құлдыққа салуға ырық бермес, ымыраға келмес ұлы жүрек­тер­дің қарсылығы бар екенін осы өлең айғай­лай айтып, сыбырлай жеткізіп, бұйыра мәлім­деу.

Тұтас жер – біздің бір тұтам ғана үйіміз­дей. Жер жүрегіне түскен жара – біздің әрбіріміздің ішіміздегі жазылмас дерт, жүзімізге түскен тыртық екенін айта­ды өлең. Өлең орыс тіліне сәтті ауда­рыл­ған, түпкі идеясы, ішкі қуаты, ақын­ның дауысы анық жеткен.

Осы дауыс – ақын дауысы, ақын дауы­сы – дала дауысы. Осы дауыс жай­лы испан тіліндегі антологияның алғы­сөзін­де Луис Альберто Декуенка «Ұлы Жібек жолынан бізге жаңғырып дауыс­тар жетеді. Сол дауысқа бір сәт құлақ түрсек, даланың дауысы бізді аспан түсті байрақ пен қырандар, алтын күннің еліне алып кетеді» дейді. Ал испандық өзге де әдебиет сыншылары «Бұл өлеңдер бізді қазақ халқының тайғақ кешулі тарихымен таныстырады, олар бізді адам­заттың мәңгілік сұрақтары жайлы ойлануға шақырады әрі соған «қазақтың көзімен» қаратады: даналықпен, армен, мейіріммен. Қазақ өлеңдерінің антологиясы – Қазақстанның мәдениетіне ашылған терезе» депті.

Араб тіліндегі антологияның бас аудар­машысы доктор Имад Тахини «Бұл – тәуелсіз қазақ халқының ұлт­тық болмысы мен ұлттық рухын қайта жаңғыртуға бағытталған батыл қадам. Тоталитарлық жүйе тұсында мар­ги­нал­дануға және жойылып кетуге шақ қалған елдің жаңа замандағы жар­қын бейнесін барлық ендіктер мен бой­лықтарға жеткізу» дей келе, аударма және аудар­машының қателігі мен сатқындығы деген сауалға былай жауап береді: «аудармашының жал­ғыз әдемі сат­­қындығы – түпнұсқаға сәй­кесу немесе асып кету. Нағыз аудармашы түп­нұсқадағы барлық мағына мен спек­тр­лерді адал жеткізу керек, адалдық – аудар­ма ісінің негізі, ол өзіне ұнайтын немесе ұнамайтын нәрсені «жұмсарту» немесе «асыра көрсетуден» аулақ болуы керек. Шынайы аудармашы «зиянсыз сат­қындыққа» жол беруі мүмкін, ол қателік түпнұсқаның өзінде болған жағдайда ғана орын алу тиіс».

Бұл пікір антологиялардың аударма­сы­ның дұрыс және бұрыстығына қатыс­ты көзқарастарды айқындай түседі ғой деп ойлаймын. Түпнұсқа, біздің жағ­дайы­­мызда қазақ тілінен жолма-жол түс­кен орыс тіліндегі нұсқа болып отыр. Демек әлем тілдеріне тікелей аударылу мәсе­лесі кемшін түсіп жатқаны жасырын емес. Бұл мәселе бізге ең әуелі тума поли­глоттар мен көркем аударма жасау ісінде шет тілдеріне аса жетік мамандар тап­шылығын көрсетеді.

Дей тұрсақ та, біз мысалға алып отыр­ған өлеңнің келесі нұсқалары да орыс тілі­нен бастау алып барып, әрі қарай өтеді. Біз өлеңнің бірінші жолына назар аударайық:

«Бұл қара жер болған бізге кең мекен»...

Осы жолды аудармашы Анатолий Сен­дык «Поставил я юрту на шаре зем­ном» деп береді. Бұл тәржіма қазақ бол­мысын, оның дүниетанымы мен салт-сана­сын жетік білетін жанның жаса­ған аудармасы болып отыр. Демек ақын­ның оған өз қатысы бар. Анатолий Сен­дык – өткен ғасырдың сексенінші жыл­­дарына дейін жетісті еңбек еткен ақын, аудармашы. Негізінен, ағылшын тіл­і­нен аудармалар жасаған екен. Бұл аудар­­маның сәтті шығуы да сол, ақын мен аудармашының бірге жұмыс істеуі. Жолма-жол аударманы Қадыр ағамыз­дың өзі жасап бергендей. Бұл да бізге аудар­ма ісінде түпнұсқа авторының қаты­суы қаншалықты маңызды боларын көрсетеді. Осы антологиялардың аударылуы барысында ұйымдастырушылар мұндай мүмкіндікті тудырды. Негізгі аудар­машылардың бәрін Қазақстанға шақырып, олардың ақындармен ғана емес, қазақтың дүниетанымымен, даласымен, салт-дәстүрімен, бүгінімен кең танысуына жағдай жасады.

Қазақтың мекен дегені – атамекен, атамекен дегені – атажұрт деген сөзі. «Юрта» тек киіз үйдің ғана аудармасы емес, қазақтың «жұрт» деген қасиетті сөзі. Осы «жұртты» басқа тілге аударушылар да «жұрт» қалпында беріп отырады.

Мысалы, ағылшын тілінде:

«Now I’ve found my yurt a place on the globe» деп берсе,

испан тілінде:

«Yo puse mi yurta aquí, en la esfera terrestre»,

ал француз тілінде:

«J’ai mis une yourte sur le globe terrestre» деп береді.

Осы мысалдардан байқап отырғаны­мыздай, бір сөздің дұрыс берілуінің өзі құлпырта түседі. Егер аудармашылар оны өз ұғымдарына бейімдеп, «үй», «сарай», «қорған» деп берген болса, қазақ өлеңі қазақша сөйлеп тұрмаған болар еді, ол өлеңнен ақын дауысымен бірге дала дауысы да жоғалған болар еді. Біртұтас өркениет дауысы талып барып талықсып кеткендей әсерде қалдырар еді.

Француз әдебиет зерттеушісі Анна­бель Хаутекрер антология жайлы былай дейді: «Қазақстан авторлары бізге ұлан-байтақ даланың арғы жағында әлдене бар екенін аңғартты. Олар өз «терра инкогнитасынан» шықты. Шеті мен шегі жоқ бұл даланы жайлаған ел бар екен. Қазақтар өздерінің аласапыранға толы тарихын арқалап келеді».