• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Экономика 15 Сәуір, 2021

БЖЗҚ: Ақпараттық текетіресте кімнің ұпайы түгел?

908 рет
көрсетілді

Зейнетақы қорындағы шекті сомадан артық ақшаны салымшылардың көбі баспанаға салған. «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ мәліметтеріне сүйенсек, азаматтардың 42%-ы қаржыны ипотекалық қарызын жабуға жұмсаса, 50%-ға жуығы ақшасын қандай мақсатқа пайдаланатыны әзірше белгісіз. 

Сарапшылар қор жұмысына қатысты қабылданған шешімдер сәтімен жүзеге асырылып келе жатқанын айтады. Ста­тис­тика комитетінің дерегінше, рес­пуб­­ликада 8-8,5 млн адам жұмыспен қам­тылған, бірақ зейнетақы жарнасы бір жылда шамамен 2,5-2,7 млн адамнан ғана тұрақты түсіп отыр. Енді салымы мүл­де жоқ шоттарды жабу туралы шешім қа­был­данды. Биылғы ақпан айына дейін мұндай шоттардың саны 121 мың болған.

Жалпы, БЖЗҚ реформасы тұрғын үй нарығы үшін тиімді болып отыр. «Metra» жылжымайтын мүлік кеңселері желі­сінің бас директоры Ғалым Ысқақов бұл бағдарлама баспана бағасының көтері­луі­не алып келгенін айтады. Мысалы, биыл­­ғы қаңтар айының екінші жартысы­нан бастап Алматы, Нұр-Сұлтан және Ақ­тау қалаларында пәтерге және жер те­лім­­дерін сатып алуға сұраныс күрт жоға­­рыл­аған. «БЖЗҚ салымшыларының 7%-ы «ар­тылған» ақшасын ала алады. Ал олар­дың 42%-ы ипотекасын жапты не­ме­се пәтер алды. Дегенмен де тұрғын үй на­ры­ғы дақ­пырттың қыспағында тұр. Үкі­мет нақ­тылауға тиіс тетік көп», дейді Ғ.Ыс­қақов.

БЖЗҚ салымдарын емделуге де жұм­сау­­ға болатынын естігенде ел елеңдеп қал­­ды. Зейнетақы қорындағы қаржыны ем-дом­ға жұмсау халықаралық тәжірибеде бар. Ал біздегі жағдай басқаша. Салымшы зей­нет­ақы жинағын орфандық ауруларды, яғ­ни өмірге қауіп төндіретін созылмалы дерт­терді емдеуге жұмсай алады. Сондай-ақ бұл ақшаны тіс емдетуге, пластикалық опе­ра­цияға, радиотерапиялар мен радио­хи­рур­гия­лық процедураларға және көзді емдету мен протон терапиясына да жара­туға болады.

Сирек кездесетін (орфанды) аурулар – қо­ғамның шағын бөлігін қамтитын, көбі­несе тұқым қуалайтын және өмір бойы ауыратын гендік сырқат. Әзірге оның емі жоқ. Сирек кездесетін ауруларға шал­дық­қан жандар дертінен құлан-таза айығып кетпейді, тек күтінумен өмірін ұзарта алады. Олар ғұмыр бойы ферменттік дәрі-дәрмектерге тәуелді.

Мысалы, белгілі журналист Қарлығаш Сайлаубаеваның 20 жастағы Алтынай есімді қызы туабітті Шерешевский-Тернер синдромымен ауырады. Бойжеткеннің ай сайынғы дәрісіне, тексерулеріне, меди­ци­налық аппараттардан өтуіне бас-аяғы 280 мың теңгедей қаражат кетеді екен. Ал шетелден дәрі алдырту үшін халық­тың көмегіне жүгінуге мәжбүр. Қ.Сайлау­баева зейнетақы жинағындағы артылған ақшаны сирек кездесетін дерттерді емдеу­ге жұмсауға болатынын естігенде қуанып қалғанын айтады. Бірақ бүгінге дейін жиған-терген қаржысы бар-жоғы алты айдың қажеттілігін өтеуге ғана жететінін білгенде көңілі су сепкендей басылған. «Үкімет болашақта сирек кездесетін дерті бар адамдардың шетелде емделуіне мүмкіндік жасап, оған бөлінетін қаржы көлемін ұлғайтуы керек. Бар жауапкершілікті зейнетақы қорына аударып, қол қусырып отыруға болмайды. Мысалы, мен қызымды шетелде емдету үшін мемлекеттік квота сұрағалы үш жылдың жүзі болды. Квота түгілі, жай ғана мемлекеттік ауруханаға жатып ем қабылдаудың өзі мұң. Міне, бір ай болды, қалалық ауруханаға жату үшін порталға тіркеле алмай отырмыз. Біздің медицина жарымжан адамдарды емдеуден гөрі, одан әрі тұқыртуға бейім. Енді БЖЗҚ-дағы аз ғана салымымыз солардың пайда табу құралына айналып кете ме деп қорқамын. Тиісті мекемелерге барғанда олар: «БЖЗҚ-дағы салымыңызды емдеуге салыңыз» деп отырмасына кім кепіл?!» дейді Қ.Сайлаубаева.

Зейнетақы қорындағы ақшаны қанша адам емдеуге жұмсағаны туралы әзірше нақты ресми дерек жоқ. Көпшілік ипоте­ка нарығына басымдық беріп кетті де, қаржыны емге жұмсау мәселесі назардан тыс қалды. Сарапшылардың пікірінше, бұл фактор да біздің әлеуметтік тұрмы­сы­мыздың деңгейінен хабар беріп тұр. Сарапшы Ерлан Ибрагим адамның өмірі, денсаулығы тұрмыстық қажеттіліктерден де жоғары тұруы тиіс екенін, бірақ қазіргі жағдай оған мүмкіндік бермей тұрғанын айтады. «Салымшылардың 42%-ы қаражатын ипотекадағы қарызын жабуға жұмсады. Оған да түсіністікпен қа­рауға болады. Ал қалған 48%-ы салы­мын қайда салғысы келетіні туралы мәлі­мет жоқ. Адам ауырып ем іздегенше, ауыр­майтын жол іздеудің мүмкіндігін қарас­тыру керек. Бұл мүмкіндікті шектеуге еш­кімнің құқы жоқ. Сол себепті салым­шыға Қазақстандағы ақылы клиникалар­да профилактикалық ем-дом алуға мүмкін­дік берілген жөн», дейді Ерлан Ибрагим. Оның айтуынша, Үкімет БЖЗҚ реформасына қатысты шешімдерді әлеуметтің жағдайымен санаса отырып қабылда­ған дұрыс. Мұндай шешімдер билік пен қоғамның арасын жақындатады дейді ол.

Ал сарапшы Мұрат Темірханов зейнет­ақы қорының жұмысына реформа қажет­тігін айтады. Мысалы, 15-20 жылдан кейін БЖЗҚ қалай жұмыс істейтіні туралы бүгіннен бастап ойланған дұрыс. Қазіргі төленіп жатқан зейнетақылардың 10-15%-ы ғана зейнетақы қорынан аударылып отыр. Қалған 80%-ға жуығы мемлекет есебінен төленіп келеді. Демек бюджетке салмақ түсіп отыр. Сондықтан осы мәселені реттеп алу керек.

«25-40 жас аралығындағы, орта есеппен ай сайын 10-15 мың теңгесін қорға аударып отырған азаматтардың зейнетақысы келешекте қалай болатыны, оның бюджетке әсері жөнінде және экономикалық белсенді топ азайып, халық қартайған кезде жағдайдың қалай өрбитінін жан-жақты зерделеу қажет. Бұған БЖЗҚ алдын ала дайындалып, жоспарын құрып, көзқарасы мен ұстанымын белгілеуі тиіс», дейді М.Темірханов.

Сарапшының сөзінше, Үкіметтің «кө­лең­­келі экономикамен» күресінің нәти­жесі ал­дағы тұжырымдамада көрініс табуы тиіс. Мысалы, елімізде экономи­калық бел­­сенді топтың шамамен 12%-ы өзін өзі жұ­­мыс­­пен қамтамасыз етіп отырғандар. Олар­­дың зейнетақы қорына қаржы аудару мә­­се­лесі де – үнемі жетілдіруді талап ете­тін ба­ғыт­тар­дың бірі. Қазір мемле­кет­тің бюд­жеті Ұлт­тық қордың трансфері ар­қылы то­лық­ты­­рылып отыр. Сондықтан мұ­най баға­сы төмен­деп, табыс сарқыла баста­са, Үкі­мет қан­дай шешімдер қабыл­дауы мүм­кін? Мі­не, қор реформасына қа­тыс­ты мә­се­леде де қауіп-қатердің барлығы ескерілуі тиіс.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдас­тығын­ың (ҚФҚ) басқарушы директоры Ерлан Бурабаевтың айтуынша, салымшылар жинаған ақшасының бір бөлігін басқарушы компанияға берсе, бұл инвестициялық кірісті арттырып қана қоймай, қаржы саласындағы ашықтықты да қамтамасыз етпек.

Қазір жеке компаниялар зейнетақы активтерінің номиналды кірісін 70% деңгейінде қамтамасыз етуге міндеттелген. Салымшылар зейнет жасын күтпей, инвестициялық кірістіліктің бір бөлігін алып отыруға мүмкіндік алса, айлық жалақыны конвертпен беріп отырған кейбір компаниялар көлеңкеден шығуға өздері мүдделі болады. Сонда ғана салымшы зейнет жинағының негізгі бөлігін қордың есебінде қалдырып, тек қана инвестициялық кірісті алып, тұрмыстық қажеттілігіне пайдалана алады.

Сарапшылар БЖЗҚ төңірегіндегі бізге белгілі мәселелер Ұлттық банк, Үкі­мет және нарықтың осы сегментінің қатысу­шылары арасындағы ұзақ уақытқа созыл­ған пікірталастардан соң көпшілікке жария болғанын айтады. Е.Бурабаевтың ай­туынша, ең ұзақ талқыланған мәселе са­лым ақшаның бәрін жеке компанияларға беру төңірегінде болыпты. Сарапшы атап өт­кен­дей, Үкімет пен Ұлттық банк осы нұс­қаға келіскен болса, бұл салымшы үшін де, жеке компаниялар үшін де тиімді бола­тын еді. «Бұл − әзірге идея ғана. Біз мұ­ны Үкі­мет­ке әлі жеткізген жоқпыз. Егер БЖЗҚ ак­тивтерінің инвестициялық тартым­ды­лы­ғына тек Ұлттық банк қана емес, бар­­лық ұйым, соның ішінде жекеле­ген ком­­па­ния­лар да мүдделі болса, біз бұл та­қ­ы­­рыпқа қайта ораламыз», дейді Е.Бурабаев.

Әзірше БЖЗҚ-дағы қаржы тек тұрғын үй нарығына бағытталып жатыр. БЖЗҚ-дан артық қаржысын алып, ипотекасын жапқан салымшының қормен байланысы тоқтап қалмайды, ай сайынғы қаржысын құюды жалғастыра беретіні анық. Жыл сайын қордың есепшотына 100 млрд-тан 300 млрд теңгеге дейін аударылады. Сарапшы бұл қаржыны қор нарығына жіберуге болатынын айтты. Мысалы, 40 жастағы салымшының жиғаны 10 млн теңге болса, оның 6,7 млн теңгесіне ипотекасын жапты делік. «Артылған қаражатты жеке компаниялардың басқаруына жібе­руге болады. Мұндай стратегия салым­шының қаржылық сауаттылығын арттырады және қор нарығының инвесторы атануына мүмкіндік береді», дейді сарапшы.

Қаржы нарығын реттеу агенттігінің өкілдері болса, мұндай ұсыныс түсе қалса, талқылауға дайын екендіктерін жақында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Олардың ойынша, БЖЗҚ салымдарын қаржы институттары депозиттеріне орналастырудың тәуекелі жоғары.

БЖЗҚ активтерін басқаруға берген жеке компаниялардың тәуекелін Үкімет өз мойнына алуға дайын екені соңғы кезде қабылданған шешімдерден байқалып жүр. Бұл фактор мемлекеттің экономикадан кеткісі келсе де жақын арада кете алмай­тынын дәлелдеп қойды. Бизнесі дұрыс өр­кендемей тұрған, әлеуметтік саясатқа ба­сымдық беретін қазіргі жағдайда асығыс ше­шім қабылдау халыққа ауыр тиетіні бел­гілі. Үкімет, Ұлттық банк БЖЗҚ-ға қа­тыс­ты кез келген шешімде сақтық таны­та бастауының өзі жетістік. Бүгінде зей­нет­ақы қаржысын қайда жұмсайтынын біл­мей, ойланып жүргендер көп. Өйткені ақ­па­рат көп. Кейбіреуі үйге салған дұрыс де­се, енді бірі жеке компанияға басқа­ру­ға бер­ген ұтымды дейді. Бұл тұста салым­шы­лар­­дың экономикалық сауаты жоға­ры бол­ғаны керек. Қордағы артық ақша­ны қайда жұмсау тиімді болатынын жан-жақ­ты ой­ластырып шешкен жөн. Сон­дық­тан ақ­параттық текетіресте ақырын жүріп, анық басқандардың ғана ұпайы түгел болмақ.

 

АЛМАТЫ