Ғасыр ғұмырға бет алған Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Досмұхаммед Кішібеков – ашаршылық деп аталатын, ұлт басына төнген адам айтса нанғысыз қасіретті өз көзімен көргендердің бірі. Философ-ғалым бізге зұлмат жылдардың зобалаңын, көңілде жүрген көп ойын, жадында қалған естеліктерін әңгімелеп берді.
– Досмұхамед Кішібекұлы, естеліктеріңізде ашаршылық тақырыбына жиі тоқталасыз. Редакциямызға жолдаған қысқа хатыңызда да тарихымызды қанмен айғыздаған қиянпұрыс кезеңнің жаныңызға салған жарасын айналып өте алмапсыз.
– Рас. Ашаршылық, тарихымызды қанмен айғыздады демей, не дейміз. Айтар ауызға жеңіл болғанымен, халқымыз алапат азапты бастан кешірді. Оны қалай ұмытамыз. Алысқа бармай-ақ, өз көзіммен көрген мына бір көріністі әңгімелеп берейін. Мен Қызылорда облысы Шиелі ауылында өстім. Бұл қыстаққа 1861 жылы Ресейде «Басыбайлы құқығы» жойылғаннан кейін, бостандық алған шаруалар келіп орналасқан. Суы, табиғи байлығы мол жер болатын. Олар тез байып, үлкен шіркеу, қызыл кірпіштен кең аурухана, төрт кластық орыс мектебін ашты. Одан бөлек, ауылымызда татарлар, өзбектер, бірен-саран қазақтар тұрды. Ауылда екі үлкен сауда базары, бірнеше дүкен, мешіт болды. Кеңес жылдарында да олар бұрынғыдай тұрып жатты. 1932 жылы әкем мені мектепке берді. Жасым жетіде болса да, алыстау «Арқа елінде аштық басталыпты», деген суық хабарды құлағым шалып қалатын. Бірақ «аштық» деген не, ел неге ашығады, ол жағын білмеймін. Біз тоқпыз, тоғай толған қырғауыл, қоян, жабайы шошқа. Дарияда – жайын балық. Сол жылдың қарашасында біздің ауылға аштардың алды келді. Күн суық. Киім-кешегі жоқ, қалтыраған кілең аш адамдар. Жергілікті халық оларға жылы киім, тамақ бере бастады. Бірақ көп ұзамай олардың саны мыңға жетті. Құр сүлдерін сүйреткен өңшең ересек адамдар. Кемпір-шал, бала-шаға жоқ. Сөйтсе, олар жүре алмай, жолда қырылған екен. Өздерін «қарсақпайлықпыз» дейтін. Бірте-бірте жұрт ашыққандарға жәрдем беруден қалды. Өлердей жалынып, қолын созып сұрайтыны – бір тістем нан. Сонда ел тағамның ең қадірлісі, құдіреттісі нан екенін білді. Әркім есігін жауып, мал-мүлкін күзете бастады. Мектепке ата-анасы балаларын қолынан ұстап ертіп апарып, ертіп қайтатын. Өйткені, ел баладан айырылып қаламыз ба деп қорқатын. Келгендерді бос үй, сарайларға жылыту үшін қамыс жағып, сабан төсеп орналастырды. Бірақ олар жатпайтын, тек теңселіп жүретін. Егер құласа, тұрмайтын. Үкімет адамдары келгендерге үлкен қазанға су қайнатып, үстіне бір кесе ұн тастап, быламық жасап, әркімге бір шөміштен құйып беретін. Бірақ оның еш қуат-дәрмені жоқ, ішсе де, ішпесе де өліп жатты. Түнде өлгендерді ертеңгісін жинап, арбаға тиеп, ауыл сыртындағы далаға апарып, орға көметін. Сонда Шиелі стансасында «Заготзерно» мекемесі болатын. Онда бидай, күріш, арпа сақталатын. Сол бидайды ұрламасын деп, уландырғанын естігенбіз. Өйткені, бұл келер жылы егуге тұқымдық деп қатаң қорғалды.
– Сіз әңгімелеп отырған естеліктер шынында да алапат нәубеттің қазақ халқына салған қасіретті таңбасын көз алдымызға әкелгендей болды. Ол бейбақтардың одан кейінгі өмірі қалай өрбіді?
– 1933 жылы сұрапыл аштық бұдан әрі созылды. Сол 1932-1933 жылдары көп адам аштан қырылды. Аштыққа себеп болған – табиғи көшпелі өмір сүрген елді отырықшы етіп қауымдастыру еді. Колхоздастыру үшін халықтың малын тартып алған болатын. Бұл – малы барда қазақтар отырықшы болмайды, көше береді деген шолақ саясаттың салдары. Малмен күн көрген ел малсыз қалған соң, жаппай аштыққа ұшырады. Бұл – бірінші трагедия.
Арқада тартып алынған жүз мыңдаған төрт түлік мал жемсіз, шөпсіз қалып, қырылды. Алғашқыда көбін етке сойғанмен, оны сақтайтын орын болмай, текке шіріді. Содан бұзылған мал етін жинап, ауру тарамасын деп үстіне бензин құйып, өртеп жатты. Бұл – екінші трагедия. Адам басына келмесін! Кеңес жылдарында қазақ елінде екі рет аштық болды. Біріншісі, 1921 жылы. Ол табиғи жағдайдан еді. Қыс айында жаңбыр жауып, артынша қатты суық болып, бүкіл дала ақ қар, көк мұзға айналып, мұз астында қалған шөпті мал теуіп жей алмай, қырылды. Оны ел «жұт» деп атады. Екіншісі, 1932-1933 жылдардағы қолдан жасалған аштық. Оны «Ашаршылық» деп атады. Бұл – ең ауыры еді. «Асыра сілтеу болмасын, ашатұяқ қалмасын!» деген соқыр саясаттың сұмдық нәтижесі. Өлімнің бәрі жаман, ең ауыры, сірә, аштан өлу дейтін ел. Кеңес өкіметі қырға экспедиция шығарып, айдалада сүйенері жоқ, тентіреп, тірі қалған балаларды жинап, Балалар үйін ашты. Сол Балалар үйінің бірі біздің кентте құрылды, содан бізде ең алғаш жетіжылдық қазақ мектебі жұмыс істей бастады. Кенттегі қазақ балаларын орыс мектебінен сол қазақ мектебіне көшірді. Солардың бірі мен болдым. Жетімдерден Отан қорғайтын патриоттар өсіп шықты, қоғамға еңбек етіп, өз үлестерін қосты. Кент маңында «Бидай көл» деген қоғалы шалқар көл болатын. Ауланбаған соң іші балыққа сыймай жатыр екен. Оны ұстап берсе, аштар аман қалар еді. Ол ешкімнің ойына да келмепті. 1934 жылы тоқтық кезі басталып, аштан аман қалғандар ісіп-кеуіп кетті. Оларға ем − балық майы екен. Сол балықтарды қазанға қайнатып, майын қалқып ішіп, етін жеп, қиналғандар аман қалды. Міне, бұл аштықтың тағы бір ауыр салдары. Жергілікті бастықтар соны да білмеді. Сұрапыл аштықтың себебін ашып, Сталинге хат жазған Тұрар Рысқұлов еді. Ол РСФСР Халық Комиссариаты төрағасының бірінші орынбасары болатын. Жағдайды білу үшін Мәскеуден пойызбен Ақтөбеге жетіп, одан машинамен Қызылордаға дейін жүріп, жолда көрген сұмдықтарын жазған. Онда ол адам өліктерінен басқа бірде-бір ит, не мысық көрмегенін баяндаған. Әрине, бұл ашық пікір Сталинге ұнамайды. Көп ұзамай Тұрар Рысқұлов «халық жауы» деп айыпталды. Бұл – тағы бір трагедия. Бүгінгі күнді бағалау үшін өткенді білген жөн. Кешегі қазақ ғылымының сардары Қаныш Имантайұлының туған қарындасы да бала-шағасымен ашаршылықтың құрбаны болғанын жақсы білеміз.
– Ашаршылық қазақтың рухани дәстүріне қалай әсер етті?
– Ашығын айтқанда, халқымыз ашаршылықтың салдарынан өзінің рухани дәстүрлерінен, даму жолынан тайып кетті. 1928 жылдан бастап ірі байларды тәркілеу басталғаннан кейін күштеп ұжымдастырудың негізінде зорлап отырықшыландыру белең алды. «Бай-құлақтарды жою» деген саясат пайда болды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін жаппай тартып алу, мал шаруашылығын күйрету, қуғын-сүргін бәрі қатар жүрді. 1937 жылы шілдеде «Социалистік меншікті қорғау» деп аталған қисынсыз заң шығып, қаншама азамат түрмеге тоғытылды. Ауқатты шаруаларды тап ретінде жою деп айдар тағылған бір ғана науқанда 200 мың адам жер аударылып, талайы сотталды. Осының бәрі қазақты тек демократиялық емес, әлеуметтік, саяси, рухани тұрғыдан да жаншыды. Еңсесін езді. Саяси қасірет дейтініміз, қазақ өзінің ұлттық мемлекет болам деген арманынан қол үзді. Алашордашылар осы арманның ең соңғы ұмтылушылары болды. Бұл тақырыпты осындай кең ауқымда қарастыруымыз керек. Біз тек қана «қазақ халқы жартысынан айырылып қалды», «аштық болмаса бәрі бұлай болмайтын еді» деген сарындағы пікірлермен шектеліп қалмай, осынау қасіретті жылдар ұлттық тамырымыздан ажыратып, ділімізден жаңылдыра жаздағанын түйсінсек игі. Міне, ашаршылыққа осылай баға беруіміз керек. Қаймақтарымызды қалқып алды, барымызды тартып алды. Алашорданың қайраткерлерін айтпағанда, қаншама иманды тұлғаларымыз, рухани көсемдеріміз болған зердесі терең зиялыларымыз жазықсыздан жан кешті. Өзінің туған баласын суға лақтырып, адам етін жеуге дейін барған деректер болды. Қазаққа төнген ашаршылық – ешбір адамзаттың басына тілемейтін жан түршігерлік, ғасыр қасіреті деп бағалауымыз керек. Оның рухани салдарлары бүгінге дейін аға ұрпақтың санасындағы үрейлене еске алатын ең сұрықсыз суретке айналды. Қазақты дәстүрлі жолдан тайдырудың ең үлкен көрінісі – осы аштық.
– Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұстазсыз. Бүгінгі ұрпақ бабасының басына төнген қасіреттің салмағын сезіне алды ма?
– Толық сезіне алды, жастарымыз ашаршылық қасіретін түгел түйсіне алды деп айта алмаймыз. Өткеніне үңіліп, тарихтан сабақ алып жүрген жас буын бар. Бұл туралы терең ойға бара алмайтын балаларымыз да өсіп келеді. Бұл үшін оларды кінәлауға да болмас. Бәлкім, ұрпақ санасына тарихи жады қалыптастыра алмаған өзіміз шығармыз? Өйткені олар мұндай зобалаңды көзімен көрген жоқ. Құдай, ендігәрі көрсетпесін! Олар тарихын жазылған кітаптардан, қилы замандарға сапар шектіретін кинокартиналардан, әдеби туындылардан танып біліп жатыр. Ал біздің оларға ұсынатын мұндай қорымыз жеткілікті ме, осыған көңіл бөлгеніміз абзал. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында: «Тарихымыздың ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келеді. Тіпті ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғамды адастырады. Тиісті тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек. Білікті мамандар жүйелі зерттеумен айналысып, соған сәйкес ашаршылық мәселесіне мемлекет тарапынан баға берілгені жөн. Біз бұл күрделі мәселеге ұстамдылықпен және жауапкершілікпен қарауымыз қажет. Жалпы, тарихи зерттеулерді ұраншылдық пен даңғазасыз, таза ғылыми ұстаныммен жүргізген дұрыс» деп, біз қозғап отырған мәселенің маңыздылығына тоқталған болатын. Президент айтқандай, Тәуелсіздік құндылығы жадына біржола шегеленіп, мәңгі сақталуы үшін өскелең ұрпақ оның қадірін білуі керек. Түптеп келгенде, тарихын таныған ұрпақ қана Тәуелсіздіктің қадірін біледі.
Былтырдан бері әлемді коронавирус дейтін індет шарпыды. Ақпарат құралдары сағат сайын індеттен сақтан, үйде отыр деп айтатын болды. Егер Абай бүгін тірі болса, еңбектеніңдер, егініңді күт, малға қара, тағам дайында, біліміңді көтер деген болар еді. Індеттен сақтан деген сөз еңбек етпей, үйде тығылып отыр деген сөз емес. Қажырлы еңбек те, ойын-сауық та, білімге ұмтылып, демалып, денсаулықты сақтау да – бәрі бізге керек. Абайды бекер айтып отырғаным жоқ. Сол заманның өзінде данышпан «ғылым іздеп, өнер тап» деді. Осы сөздің бәсі әлі де биік, әлі де өзекті. Адамды адам еткен еңбек. Еңбек қылған адам аш қалмайды.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Арман ОКТЯБРЬ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ