• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Тарих 22 Сәуір, 2021

Ұлт тарихтын зерделеудің бүгінгі ұстанымы

657 рет
көрсетілді

Уақыттың ағымына ілесу оңай емес. Дегенмен қазіргі жаһандану заманында болып жатқан өзгерістерге бір уақыт ой тоқтатып, көз жіберсек, шынында қол жеткен жетістіктеріміз, сүбелі оқиғалар молшылық екен.

Халқымыздың небір қиын қыстау тарихи белестерден өткенін паш ететін елеулі оқиға – сөз жоқ, тәуелсіздіктің тұғырлы да, баянды 30-жылдық мерейлі мәртебесі.

Бұл уақыт, тарихи ой-елегінен өткізіп қарасақ, көп те емес. Бір жас адамның өмірінің алғашқы баспалдағы сияқты. Алайда осы қысқа мерзімнің ішінде қыруар іс атқарыппыз. Қазақстан тәуелсіз ел мәртебесін алып, әлемдік қауымдастық мойындаған, оның толыққанды мүшесі болған мемлекетке айналды. Осы уақыт ішінде біз іргемізді бекемдеп, шекарамызды айқындадық, мемлекеттің іргетасын нықтайтын, бірін-бірі толықтырып, нақтылай түскен екі бірдей Ата Заңды (Конституция) қабылдадық. Елімізде салмақты, салиқалы экономикалық реформалар жүзеге асты, халықтың әлеуметтік сұранысына жауап беретін саясатты қалыптастырдық, білім және ғылым дамып, мемлекеттің қолдауының арқасында қарқынды өрістеді.

30 жылдық тарихи белестің басты құндылықтарының бірі – осы уақыт ішінде қоғамдық көзқарастың өзгеруі, ұлттық болмыс, ұлттық мүдде сияқты қасиетті ұғымның халықтың, әсіресе жас ұрпақтың бойына сіңуі. Отанға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, тәуелсіз еліміздің жеткен жетістігін дәріптеу – тарихи сананың қалыптасып, жастардың жүрегінен берік орын алатын деңгейге жеткенде ғана жүзеге асатыны түсінікті жайт. Осы бір қысқа да болса салиқалы, сындарлы кезеңде осы сұранысқа түбегейлі жауап беретін, шешу жолдарын айқындайтын ұлт тарихын зерделеудің жаңа ұстанымы қалыптасты.

Кешегі кеңестік дәуірде коммунистік идеологиялық қыспаққа ұшырған саланың бірі тарих ғылымы еді. Ресми трафареттің шырмауында болған тарих, қоғамның даму заңдылығын зерттейтін ғылымнан гөрі саяси-идеологиялық құралға айналды. Соның нәтижесінде тарихи зерттеулерде «ақтаңдақтар» деген ұғым пайда болды. Яғни, ғылымда не мүлдем айтылмайтын, не идеологиялық трафареттің шеңберінен шыға алмайтын бұрмаланған, бүркемеленген жасанды мәліметтер мен материалдар белең алды. Осының салдарынан тарих ғылымы өзінің объективтілігінен, шынайлығынан айырылды. Осыдан келіп, қоғамның тарихқа деген сенімі кетті, тарихшы ғалымдар сын тоқпағына ұшырады. Цензураға қарамастан шындыққа ұмтылған тарихшылар қуғындалды. XX ғасырдың ұлы тарихшысы, қазақтың біртуар азаматы Ермұхан Бекмахановтың тағдыры соның дәлелі.

Тәуелсіздік дәуірі қоғамды осы бір шырмауықтан құтқарды. Шындықты ашып айтатын заман туды. Зерттеушілер «құпия», «өте құпия» деген грифпен архивте жатқан құжаттарға қол жеткізді. Еркіндіктің алғашқы кезеңінде, яғни өткен ғасырдың 80-90-шы жылдарының басында большивиктік террордың құрбаны болған қазақтың ұлы қайраткерлері ақталып, олардың есімдері ұрпақ жадына қайтарылды.

Тәуелсіздік әкелген бостандықтың арқасында еліміздің білікті тарихшылары идеологиялық құрсаудан босаған отандық тарихи зерттеудің жаңа тұжырымдамасын жасауға кірісті. Ұлы көштің басында қазақ тарихы ғылымының көшбасшысы, академик М.Қ. Қозыбаев тұрды. Ұлт тарихы ұлт мүддесін зерттейтін, қорғайтын ғылым ретінде қайтадан қалыптаса бастады. Кеңестік дәуірде тарихқа күштеп енген «ақтаңдақтардың» орны толтырылды.

Тарих ғылымының бетіндегі осы кемшілікті түзету үшін тың деректер архив құжаттары қажет болды. Сондықтан тәуелсіздік дәуірінің зерттеушілерге мемлекет тарапынан жасалған басты қолдауы – архив құжаттарына қол жеткізу болды. Тың тақырыптарға қалам таратқан тарихшылар Қазақстанның, көрші Ресейдің архивтерінде сақталған құжаттарды талдай бастады. Тарихи зерттеудің жаңа белеске көтерілуіне мүмкіндік берген фактор – 2004 жылдан бастап жүзеге аса бастаған «Мәдени мұра» бағдарламасы еді. Мемлекеттің қолдауымен осы бағдарламаның негізінде елімізге шет елдерде осы уақытқа дейін сақталып, зерттеушілердің қолы жете қоймаған мол материал келіп, тарихтың жаңа бетін жазуға мүмкіндік берді.

Тарих ғылымына жаңа түрен тартқызып, кең мүмкіндік ашқан көлемді мемлекеттік бағдарлама «Халық тарих толқынында» деп аталды. Бұл бағдарлама 2013 жылдан жүзеге асырылып, ауқымды зерттеулер мазмұнды монографиялар, мақалалар жарық көре бастады.

Міне, осындай тарихи зерттеудің жаңа тұжырымдамалық ұстанымының жүзеге асуына Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің тарихшы ғалымдары да белсенді араласып кетті.

2013 жылы «Халық тарих толқынында»  атты мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру аясында университетте біршама ұйымдастыру, ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілді. Университет ректоры, академик Е.Б. Сыдықовтың шешімімен тарих факультеті жеке бөлініп шығып, дербес факультет мәртебесіне ие болды. Факультет алдына Еуразия кеңістігіндегі тарихи, археологиялық – этнографиялық зерттеу жұмысының кешенді бағдарламасын жүзеге асыру міндеті қойылды. Факультет ғалымдары қысқа мерзім ішінде тарихи зерттеудің өзекті мәселелеріне арналған жеті томдық «Халық тарих толқынында» атты жинақ дайындалды. Осы жинақтың 1 томы Қазақ хандығы құрылғанының 550 жылдығына арналды. Факультет негізінде құрылған К. Ақышев атындағы археологиялық ғылыми зерттеу институтының жұмысының нәтижесінде елорда іргесіндегі ортағасырлық Бозоқ қалашығын зерттеу жалғасын тапты. Факультеттің археология кафедрасының ғалымдары Семей өңіріне, ұлы Абайдың отанында Шыңғыстау археологиялық экспедициясын ұйымдастырып, қола дәуіріне қатысты мол жәдігерлерді тауып, көрмелер ұйымдастырды. Университет ректоры, академик Е.Б. Сыдықов төрағалық ететін ҚР тарихшыларының Ұлттық Конгресі Еуразия ұлттық университеті тарихшылар қауымының ғылыми ізденістерін бағыттап ұйымдастыратын штабқа айналды. Конгрестің мәртебесі, ұйымдастыру жұмысы республика көлемінде де жүргізілуде.

Тарихи зерттеуге тың серпін беріп, жаңа бағыттарға жол сілтеген Елбасы Н.Назарбаевтың 2017 жылдың 12 сәуірінде жарық көрген «Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру»  және 2018 жылғы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалалары еді. Осы мақаладағы Елбасының «Қазақстан тарихы да жеке жұрнақтармен емес, тұтастай қалпында қазіргі заманауи ғылым тұрғысынан қарағанда түсінік болуға тиіс» деген ойы – тарихқа деген дұрыс ұстаным. «Сол арқылы түп тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең үңіліп, оның күрмеулі түйінін шешуге мүмкіндік туады», деген сөздері ұлт тарихының бүгінгі күнгі тұжырымдамасын нақтылай түскені анық. Ал Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласындағы... «Қазақстанның жаңа тарихын жүйелі зерттеген жөн» деген сөздерін тарихшылар ұлт тарихын зерттеудегі жаңа ұстаным, мемлекет басшысының тапсырмасы ретінде қабылдады. Президент Қ.К. Тоқаевтың «... ұлттық тарихымыздың терең тамырлары көне заманның өзегінде жатыр. Жалпы, тарихпен саясаткерлер емес, тарихшылар айналысуы керек», дегені тарих ғылымына деген қолдау деп түсінген жөн. Тарихқа мүлдем қатысы жоқ, бірақ өздерін осы саланың «білгірі» санайтындарға айтылған ескерту деп түсінеміз және толық қолдаймыз. Әркімнің өзінің біліміне, біліктілігіне қарай қалам тартқаны дұрыс болар еді. Сонда ғана тарих бетіндегі «ақтаңдақтар» жойылып, оның ой шұқырлары ұлт тарихының жаңа ұстанымымен толығар деген пікірдеміз.

Садықов Тілеген Садықұлы,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ,

тарих факультетінің деканы 

т.ғ.д., профессор