• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Сәуір, 2021

Дәрігерге «құрылысшы» киімі сатып алынғаны рас па?

3578 рет
көрсетілді

«Алматыда эпидемиологтерге арналған қорғаныс киімдерінің орнына құрылысшылардың киімдері сатып алынған» деген айыптаулы ақпарат желдей ескен-ді. Және медициналық деп шатасып алынып, «қоймада шаң басып тұрған киімдер үшін бюджеттің 90 млн теңгесі жұмсалған», деген қомақты соманың аты аталды. 

Бұл дау қалай басталды? Бюд­жеттің бақандай 90 млн теңгесі көзді жұмып өтіп кететін қаражат емес. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жанындағы арнайы мониторингтік топ Алматының мемлекеттік бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің өтініші бойынша қоймада бір жылға жуық сақталған жеке қорғаныс құралдарының жағдайын қарап, осындай сорақы оқиғаның куәсі болған көрінеді.

Қоймада түсірілген жазбаны әлеуметтік желіде Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы қызмет жанындағы арнайы мони­то­ринг­тік топ төрағасының орын­басары Рафаэль Гасанов жария­лағаннан кейін, Алматы қала­сы әкімдігінің коронавирусқа қарсы күрес жөніндегі арнаулы чатында БАҚ өкілдері осы мәсе­леге қатысты түсініктеме сұрау­мен болды. Р.Гасанов қоймадағы сапарынан әлеу­меттік желі арқылы тікелей эфир жүргізген еді.

Алдымен айтылған мәлімет­те­рге сүйенсек, қоймадағы тауар­лар 2020 жылдың маусым айын­да республикалық бюджет қар­жы­сына сатып алынған. Құны 90 млн теңгеге 12 мыңға жуық костюм әкелін­ген. Бір жиынтықтың ба­ға­сы 7500 теңге тұрады. Қазір қой­мада 7 028 дана қалды. Тауар­ды қазіргі Алматы қаласы тауар­лар мен қызметтердің сапасы мен қауіп­сіздігін бақылау депар­та­менті басшысының орынбасары Әсел Қалықова қабылдап алған. Өз ке­зегінде Алматының бас сани­тары Ж.Бекшин костюмдерді тек­се­­ріп, оның талапқа сай келмей­ті­нін еш­қандай сараптамасыз кө­ру­ге бо­латынын дәлелдемек бол­­ды. Қор­ғаныс киімдері деп алын­ған құрал­дар (СИЗ) оңай су өткізеді.

Бастапқы деректерге сәйкес қой­мада медициналық емес, құ­ры­лысшыларға арналған жеке қор­ғаныс киімдері сақталған. Олар шаң мен бояудан қорғайды, алайда су өткізеді, сондықтан эпи­демиологтердің қолдануына жарамсыз. «Мұны қарапайым түрде ешқандай зертханасыз тексеруге болады. Егер су өтсе, онда вирус та өтеді. Мұндай киім­дер­мен эпидемиологтерімді індет ошағына жібере алмаймын. Құ­жаттарға қара­саңыз да сәйкес келмейді», деген болатын Ж.Бекшин. Сон­дай-ақ қоймада Денсаулық сақ­тау министрлігінің талаптарына сәй­кес келмейтін көзіл­діріктер, мас­калар да бар екенін де мәлімдеген бо­латын. Ж.Бекшин бұл істі сотқа да бер­ге­нін, бір инстанция өт­кенін, сот­тар тез қарап, негіз­сіз қабыл­да­май жат­­қанын алға тарт­қан еді. Оның ай­туын­ша, бұл қалада жеке қор­ға­ныс құрал­дары жетіс­пей­ті­нін біл­діреді. Қой­мадағы қор екі айға да жет­пей­ді. Қазір жеке қор­ғаныс құрал­­дары­ның бөліктерін басқа ай­мақ­тардан сатып алуға тура келеді.

Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы қызмет жанындағы арнайы мо­ни­торингтік топ төрағасының орынбасары Р.Гасанов осы жағдай­ға қатысты: «Әсел Қалықова (санитар дәрігердің орынбасары) бұл жеке қорғаныс құралдары эпидемиологтер үшін жарамды деп санайды. Ал басқа санитар­лық дәрігерлер бұлай емес дейді. Түсі­ніксіз. Біз оны анықтап «ал комитетті шақырайық» дедік. Сараптама ешқандай сертификат жоқ екенін көрсетті. Көзілдірікке, костюмге және басқа маскаларға арналған жеке сертификаттар болуы керек. Мұның бәрі жоқ. Сондықтан сұрақтар туындайды», деген болатын.

Әрине, бұл сұрақтардың осы мәселеде аты аталған Алматы қаласы тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Ә.Қалықоваға жолданғаны белгілі. Өз кезегінде Ә.Қалықова Алматының мемлекеттік бас санитар дәрігері Ж.Бекшиннің мәлімдемесі мен пайымы еш негізсіз, жалаң айыптауға құрыл­ған деп есептейді. Мұны бірнеше себепке жіктей отырып, өз жауабын алға тартты.

«Бұқаралық ақпарат құрал­дарында жарияланған «сапасыз» жеке қорғаныс құралдары туралы материал жөнінде сіздерге ша­ғын түсіндірме бере кетуді жөн көр­дім. Ж.Бекшин айтып өткен бол­жам-пікірлер негізсіз, құрғақ сөз деп айтқым келеді. Оның айғағы ретінде төмендегідей себептерді атап өтпекпін. Біріншіден, бір­неше жылдан бері Қазақстанда мем­лекеттік сатып алу электронды пор­тал арқылы жүргізіліп кел­еді. Сондықтан да адам қолы қойыл­ған, мөр басылған қандай да бір құ­ж­аттардың болуы шындыққа жанаспайды. Екіншіден, жеке  қорғаныс құралдары бойынша мемлекеттік сатып алу Қазақстан Рес­публикасының заңнамасы ая­сында жүргізіліп келген. Соны­мен қатар өнім берушілер жет­кізген тауарды қабылдау барысында мен қатысқан емеспін. Бұл бойынша аталған міндеттер функционалдық міндеттеріне кіретін белгіленген лауазымды тұлғалар бар. Сондай-ақ тауарды жеткізу кезінде өнім берушілер осы салада монополист болып табылатын «Медициналық арналымдағы дәрілік заттар мен бұйымдарды сараптамадан өткізу жөніндегі ұлттық орталық» ШЖҚ РМК берген сапасының сәйкестігі туралы құжат және тіркеу куәліктері ұсынған. Яғни «КАЗЭКСПОАУДИТ» ЖШС немесе басқа да зертхана медицина­лық арналымдағы бұйымдар­ға қаты­сы бар жеке қорғаныс құралдары­на сараптама жүргізу­ге құқы жоқ екендігін білдіре­ді. Сонымен қатар маманның қорытындысы­на қатысты мына бірнеше мәселе­ге аса назар аударуды сұраймын, дәлірек айтқанда: Біріншіден, Ж.Бекшин бұл құжатты қалай алғаны және қайдан алғаны белгісіз. Департаментке бұл құжат ресми түрде түспеген. Екіншіден, Ж.Бекшин аталған құжат бойынша тексеру жүргізді ме? Осынау құжаттарға сілтеме жасамас бұрын «Казэкспоаудит» ЖШС-ның тексеру материал­дарын зерттеді ме? Себебі Санитария­лық-эпидемиологиялық бақы­лау департаментіне жеткізілген және «Казэкспоаудит» ЖШС-ға тауарды идентификациялау (анықтау) мүмкін емес пе? Үшін­шіден, Ж.Бекшин бұл дәл сол тауар екенін қалай анықтағаны белгісіз, мұны құрғақ сөз демегенде қалай атаймыз? Төртіншіден, медициналық персоналдың нау­қасқа шал­дығуына Сани­та­риялық-эпи­демио­логиялық ба­қы­лау депар­таменті сатып алған «жеке  қорғаныс құрал­дарының» мүлдем қатысы жоқ екендігіне назар аударуды сұрай­мын. Себебі Санитария­лық-эпидемиологиялық бақылау департаменті медициналық пер­соналға арнап ешқандай «жеке қорғаныс құралдарын» сатып алған емес. Осылайша, құжат­тамалық және заңнамалық тұрғыда растамалары бар, көрсетілген барлық пікірлер Ж.Бекшиннің сөздерінің негізсіз, құрғақ сөздер екенін дәлелдей түседі», деп жауап берді Ә.Қалықова.

Бірақ Ж.Бекшин тікелей эфирде: «Бұл жеке қорғаныс киімдері бояу, шаң, батпақтан қорғайтын – құрылысшылардікі. Бұлар бәрін өткізеді. Көріп тұрсыздар ма, бұл қорғаныс киімдерінің саңы­лау, тесіктері бар. Үрлеп, су құйып көрсеңіз білесіз. Мұндай киім­дер вирус өткізбеуі тиіс. Құры­лыс­шыларға арналған қорғаныс киім­дерін қолдану қауіпті. Мен бар­лық материалдарды Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы қызмет жөніндегі департаментке бердім. Экспертиза жүргізілді», деген болатын.

Сондықтан бұл «шайқасқа» нүкте қойылды деп айтуға болмайды.