• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Үкімет 24 Сәуір, 2021

А. Күрішбаев: Жер мемлекеттің меншігінде болуы тиіс!

270 рет
көрсетілді

Сенат депутаты А. Күрішбаев Жер реформасы жөніндегі комиссияның 5-ші отырысында ауылшарушылығы мақсатындағы жерлер ешкімге сатылмай мемлекеттің меншігінде болуы тиіс деген пікірі күшінде екенін қайталап айтты, – деп жазады Egemen.kz .

Сенатор нақтылап өткендей, жер мемлекеттің меншігінде болуы аграрлық саланың дамуына кедергі келтірмейді. Қазір шаруашылықтар ауылшаруашылығы жерлерін 49 жылға дейін жалға алып отыр. Егер жер пайдаланушы тиімді жұмыс істейтін болса, сол жерді келесі мерзімге жалға алуға мүмкіндігі бар. Яғни бұл шарт көптеген шаруашылықтарға тиімді деуге болады. «Осы сөздің дәләлі ретінде айтарым, 2003 жылдан 2016 жылға дейін ауылшаруашылығы мақсатында жерлерді меншікке беруге руқсат етілген 13 жылда сол жерлердің тек 1,3 % сатып алынған. Яғни ауылшаруашылығы жерлерінің 99 % жалда қалып отыр. Атап өткім келетіні, егер жерді жалға беру механизмы аграрлық өндіріске тиімді болмаса, қазір фермерлердің көбісі жерді сату керек деп талап қоятын еді. Менің ойымша, біздің комиссиямыз бұрыннан шешімін таппай келе жатқан өте маңызды мәселені шешті. Ауыл шаруашылығы жерлерін үшінші тұлғаларға мемлекеттен сатып алусыз жалдау құқығын иеліктен шығару. Бұл жерді мемлекеттің меншігінде қалдыра отырып, нарықтық айналымға қосуға, банктерге оны жалға алу құқығын кепілдікке қоюға мүмкіндік береді. Екінші мәселе, аграрлық салаға инвестиция тарту туралы. Мен бірінші отырыста айтқанмын, шетелдік инвестиция тарту үшін ең негізгі шарт - ауылшаруашылық өндірісінің тұрақты және жоғары рентабелді болуы. Ол үшін біздің аграрлық саламыздың мемлекеттік қолдау жүйесі дамыған елдердегі сияқты тиімді болуы керек», дейді Ақылбек Күрішбаев.

Сенатор нақтылап өткендей, ауылшаруашылығы жерлерін сатудан түскен инвестицияға келетін болсақ, жоғарыда айтқан 13 жылда Ұлттық экономика министрлігінің Экономикалық зерттеу институтының мәліметі бойынша, сол жерлерді сатудан қазынаға 40 миллиард теңгеге жуық қаражат түсіпті. Бұл қоғамды соншалықты дүрліктіретін қаржы емес екенін қаперге салып өткен сенатор басқа елдердің тәжірибесіне назар аударды. Алыс-жақын шетелдерде жерді кезінде сатып алған тұлғалар, меншіктегі жерінде өздері жұмыс істемей тек жалға беріп отыр. «Бұл ауылшаруашылығы өнімдерінің өзіндік бағасын көтереді, ауылдық аймақтарда әлеуметтік мәселелерді, жұмыссыздықты тудырады. Мұндай мемлекеттерде жер қатынастарында рантье пайда болады. Біз осындай мәселелердің алдын алу керекпіз. Егер болашағымызды ойлайтын болсақ, біздің ұрпағымызға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану қолжетімді болуы өте маңызды. Яғни олар өзінің аграрлық бизнесін ашу үшін, жерді жер иеленушілерден немесе латифундистерден сатып алмай, тікелей мемлекеттен алу мүмкіндігіне ие болуы қажет. Ауыл шаруашылығы жерлерінің меншігі туралы сұрақ қазір бүкіл қоғамымызды толғандырып отыр. Мемлекет басшысы бізге осы мәселені ашық түрде және мұқият қарауды тапсырды. Сондықтан біз бүгін халқымыздың ойынан шығатын шешім қабылдауымыз керек!», деп сөзін түйіндеді  Ақылбек Күрішбаев.