Әлемнің әр түкпіріндегі алаяқтар ақша табудың жолында алдап-арбаудың небір қитұрқы әдістерін ойлап тауып жатыр.
Оның «жаңғырығы» біздің елге де жеткен. Кезінде жұртты алдап-арбайтын әрекеттер қаржылық сипатымен ерекшеленсе, қазір олардың бағыты сан алуан. Сарапшылар қазіргі маркетингтік желілерді де қаржы пирамидаларының жаңарған нұсқасы деп атап жүр.
Соңғы бес жылда Қазақстанда қаржы пирамидаларын құруға байланысты 600-ден астам қылмыстық іс тіркелген. Бұл көрсеткіштің үштен бірі 2020 жылдың еншісінде екен. Бас прокуратураның мәліметіне сүйенсек, осы уақыт ішінде қаржы пирамидаларына ақша салған отандастарымыз барлығы 14 млрд теңгеден астам шығынға ұшыраған. Ал 1990 жылдардан бергі жалпы шығын – 21,6 млн долларды құрайды әрі шығын көлемі жыл сайын 1%-дан 6%-ға дейін өсіп отырды.
2020 жылдағы ең шулы іс – «L-Capital» АҚ-на байланысты тіркеліпті. Оның салымшылары 2 млрд теңге көлемінде шығынға ұшыраған. Бас прокуратура таратқан деректерде компанияның бұрынғы инвесторларынан әлі де өтініштер түсіп жатқаны айтылады, демек, шығынның соңғы мөлшері туралы айту әлі ерте.
2020 жылдың соңында Қоғамдық саясат институты осы тақырыпта арнайы әлеуметтік зерттеу жүргізген. Сауалдамаға қатысқан 6,8 мың қазақстандықтың 39,9%-ы ғана қаржы ұйымдарының веб-сайттарын оңтайлы қаржылық өнім немесе қызметті таңдау үшін зерттейді. Қарағанды, Атырау, Түркістан және Қызылорда облыстарының респонденттері олардың сайттарына зерттеу жүргізу үшін жиі кіретінін айтқан. Азаматтардың едәуір бөлігі қаржылық қызметтер саласында құқығы бұзылған жағдайда қайда жүгінетіндерін білмейді.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қаржы нарығындағы асыра пайдалануға қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Мақсат Шағдаровтың айтуынша, желілік маркетинг те, қаржы пирамидасы да иерархиялық құрылымға негізделген. Оның айтуынша, бұл екеуі де қазақстандықтарға круиз, жолдама, саяхат ұсынады, бизнес құру және ілгерілету бойынша тренинг өткізеді. Сондай-ақ қаржы пирамидасында бинарлық опциондар платформасы кеңінен қолданылады. Мысалы, ұйымдастырушы әлеуметтік желі арқылы жеке тұлғаларды бағалы қағаздар нарығындағы операциялар бойынша оқуға тартып, клиентке бағалы қағаздарды сатып алу және сату операциялары мен бинарлық опциондармен операция жасау мүмкіндігі болатын арнайы платформа ұсынады. Арада біраз уақыт өткенде клиент демо-шотты және адамның ақша табуына жағдай жасайтын платформаны қолдана отырып, операцияларды дербес жүзеге асыруға кіріседі. «Клиентте қаражат жеткіліксіз болса, онда ол шақырылған әрбір қатысушы үшін бонус алады. Бұл платформалардың көпшілігі шетелдік компанияларға тиесілі. Ел аумағында тіркелген компаниялар тек консультациялық қызмет көрсетеді. Жергілікті жердегі платформа пайдаланушылар үшін әдейі тиімсіз етіп жасалған», деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілі.
М.Шағдаровтың түсіндіруінше, алаяқтарға алданып қалмау үшін компанияның беделін және ұсынылып отырған ақпараттың дәйектілігін зерделеу қажет. Себебі депозит тартуға құқығы бар қаржы институттарында Ұлттық банктің лицензиясы болуы тиіс. «Мынаны есте сақтау керек: қаржы пирамидалары қаржы ұйымына жатпайды. Олардың депозит қабылдау, жеке тұлғаларға банктен шот ашу және шот жүргізу құқығы болмайды. Сондықтан оларды қаржы реттеушісі бақыламайды. Реттелмейтін ұйымға ақша салған кезде қаржының жоғалып кету қаупі жоғары болады. Ақшаңызды сеніп тапсырған ұйымда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясы болса, құқыңыз бұзылған кезде осы агенттікке шағымдана аласыз. Ал қаржы пирамидасына ұрынсаңыз, ақшаңыздың сақталуына ешкім кепілдік бермейді. Қаржы ұйымында лицензия бар-жоғын finreg.kz сайтынан тексеруге болады», деді М.Шағдаров.
Көптеген мемлекетте осындай қитұрқы алаяқтық іспен шұғылданатын компанияларға, қаржылық пирамиданы құратындарға заңды тұрғыда тыйым бар. Қазақстанда да Қылмыстық кодекске 2014 жылы түзету енгізілді. Заңға қайшы әрекет еткендер 7-ден 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. «Жарнама туралы» қолданыстағы заңның 13-бабында «қаржылық (инвестициялық) пирамиданың қызметін жарнамалауға тыйым салынады» деп те жазылған.
Қазақстанда жұмыс істеп жатқан қаржы пирамидаларының бас кеңсесі АҚШ, Батыс елдерінде орналасқандықтан, оларды біздің елдің заңымен жазалау мүмкін емес.
Сарапшылар біздегі Қылмыстық кодекстің бабымен олардың бәрін қамту қиын, сондықтан дәрменсізбіз дейді. Сондықтан қазақстандықтар қаржы сауаттылығын арттыру арқылы өзін-өзі қорғай білуі қажет. Ең бірінші адам сенгісіз қаржылық ұсыныстан бірден бас тарту қажет. Бүгінде Қазақстан заңнамасына да тиісті өзгеріс енгізу мәселесі пісіп-жетілген секілді. Өйткені «желілік маркетинг принципі» бар компаниялар жұмыстарын ашықтан-ашық жарнамалайды.
Қаржы пирамидасын құрушылар өзіне инвестиция тартқан кезде банк секторының қызметіне жүгінбейді. Олар әдетте инвестицияны әртүрлі ақша аударымдарын жасайтын қосымша қызметтердің көмегімен (Мысалы, Advanced Cash) өздерінің оффшорлық есепшоттарына жібереді. Ол жақтан капиталдың қалай және қайда жұмсалатыны туралы мәлімет алу мүмкін емес. Оффшорлық есепшотты ашуға рұқсат еткен елдер мәліметтердің бәрін құпия ұстайды.
«Exante» инвестициялық компаниясының Орталық Азия мен Кавказ бойынша өкілі Дмитрий Сочин адамның ашкөздігі мен тез баюға деген ұмтылысы «пирамидалар» үшін басты олжа деп санайды. Барлық қазақстандықты бір мезгілде әлемнің ең жақсы оқу орындарында қаржылық сауаттылық курсынан өткізсек те қаржы пирамидалары жойылып кетпейді. Адамдардың «пирамидаларға» деген сенімі туралы мәселе тек қаржылық сауаттылық деңгейінде ғана емес, психологиясына да байланысты болатын көрінеді. Қаржы салып, «байып кеткендердің» өмірі туралы бейнероликтер халықтың көзін байлап, тереңдеп ойлануына мүмкіндік бермейді.
Жеңіл жолмен байып кетсем деген әзәзіл арман – адамның жаратылысымен бірге келе жатқан әлсіздігі. Бұған қарсы тұратын күшті адам өз бойынан таба білуі керек. Сарапшы Д.Сочиннің пікірінше, «пирамиданың» бірінші және басты белгісі – үлкен пайдаға кенелесің деген уәде. Алаяқтықтың екінші белгісі – мәміле объектісінің болмауы. Қағаз жүзіндегі келісімдер де шала-жансар. «Кейбір құжаттарда барлық шарт жазыла бермейді, сондықтан оларды әрқашан мұқият оқып шығу керек», дейді сарапшы.
Қаржыгер Ілияс Исаев қаржы пирамидасының «гүлденуіне» халықтың экономикалық сауатының тым төмендігі себеп болғанын айтады. Қаржылық пирамида деген түсініктің өзі күн сайын қырық құбылып жатыр. Тіпті цифрланған электронды әмияндарға қаржы салынғаны туралы құжаттық дәлел де жоқ. Құқықтық салада мұндай іс-шараларды жүргізетін интернет алаяқтарын қадағалау өте қиын.
Ақпарат құралдарында қаржылық пирамидалар туралы жиі жазылғанымен, олардың әрекетін кәсіби талдау жағы кемшін. Себебі ақпарат құралдары ғана емес, қаржы сарапшыларының өзі бұл тақырыпты талдап беруге маманданбаған. Қаржы компанияларының ішкі нарыққа әсері туралы экономикалық және математикалық талдау жасалған жоқ. БАҚ бетіндегі жарияланымдар «жау кеткен соң қылышыңды тасқа шап» дегенге көбірек ұқсап барады. «Бұрын шетелдік қаржы пирамидаларына алданып келген салымшы енді әлеуметтік желілердегі желілік маркетингтік ұйымдардың қақпанына түсіп жатыр», дейді І.Исаев.
Бұл мәселеге қатысты Үкімет тарапынан нақты шешім шығарылуы тиіс. Дұрысы, қаржы пирамидалары көзбояушылыққа жол бермес үшін өзіне қатысты барлық тәуекелді, жасырын пайыздарды ашып беретін «сыйақы мөлшерлемесінің таза көлемін нақты көрсетуі керек» деген бапты қосу керек. «Өзбекстан, Ресей осындай баптарды заңдастырған. Бұл қадамға біз де баруымыз керек. Мұндай жағдайда қаржы пирамидалары заңды тіркелген елдерге сұрау салып, өтемақы талап етуге, қазақстандықтардың мүддесін халықаралық деңгейде қорғауға мүмкіндік туады. Осыған қол жеткізсек, қаржы пирамидаларының жұмысын тоқтатуға бір қадам жақындаймыз», дейді сарапшы.
Әлеуметтанушы-ғалым Айсұлу Молдабекова әлеуметтік желі адамның бойында демонстративті мінез-құлықтың пайда болуына әкелетінін, ал виртуалды өмір – көбіне адамның қиялындағы кейіпкерді айшықтайтынын, яғни оның шынайы бейнесі емес екенін айтады. Тіпті суреттерді өзгертетін эффектілердің өзі адамдарды «кемшіліксіз», «мінсіз» көрсетеді. Жастар жазбаларында көбіне сыртқы пішінге, сәнге көбірек көңіл бөлінсе, орта жастағылар мазмұнға екпін қояды. «Адамдардың профилін зерттеу арқылы ол туралы әлеуметтік мәліметтерге қол жеткізуге болады. Мұны жарнама жасаушылар жақсы қолданады. Жеке қауіпсіздік мәселесін де басты назарда ұстау керек. Мысалы, туған жыл, күн, ай, діні, мекен-жайы сияқты мәліметтер құпия деректерге жатады», дейді А.Молдабекова.
Сарапшы айтқан дәйектерді сараласақ, құпия болуы тиіс жеке деректерді адамның өзі әлеуметтік желі арқылы таратып жатыр. Ақпараттық қауіпсіздік тетіктері жоқ қоғамда бұл өте қауіпті. Сондықтан, адамдар әлеуметтік желіге сақтықпен қарауы тиіс. «Әлеуметтік желіде қазақ тіліндегі салалық, кәсіби контент жетіспейді. Осы бағытты көбірек қолға алу керек. Қазір онлайн-формат болғандықтан әлеуметтік желі мүмкіндіктерін халықтың интеллектуалдық, шеберлік, кәсіби машықтары мен дағдыларын дамытатын контенттер жасауға қолдану қажет. Себебі желі қолданушылары (өз қаражатын жұмсап) тәулігіне кемінде 2-3 сағат уақытын әлеуметтік желіге бөледі. Бұл аудиторияны түрлі дін уағызшылары, кәсіпкерлік, жетістік кілтін «үйретушілер» өз пайдаларына игеріп кетіп жатыр. Әлеуметтік желі әлемдік тренд десек те, шет елдерде дәл біздегідей халық жаппай әлеуметтік желінің тұтқынына айналмаған. Сондықтан әлеуметтік желідегі контентті жақсарту бағытында түрлі жобалар қолға алынғаны жөн, дейді А.Молдабекова.
Ресейлік «Depot WPF» қаржылық-сараптамалық агенттіктің өкілі Алексей Андреев қаржылық пирамида ұйымдарының басым көпшілігі өте қысқа мерзімде жұмыс істейтінін, қаржы, инвестиция нарығында қандай трендтер пайда болса, олар соның қасынан табылатынын атап өтті. Сырт көзге олардың қайсысының пирамида екенін бірден ажырату қиын. Мысалы, 2018 жылы Мәскеу метроларында криптовалюта деп темір жетондар сатылғаны есімізде. Бұл да алаяқтардың ісі. А.Андреевтің ойынша, қаржы ұйымдарының интеграциялануы қазір де жалғасып жатыр. Олардың ізін кесіп, жұмысына тыйым салуға кедергі келтіретін, заңды ұйым ретінде қай елде тіркелгендігін анықтауды қиындататын факторлардың бірі де осы.