• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 26 Сәуір, 2021

Өзара сыйластық – береке бастауы

488 рет
көрсетілді

Қордай ауданында ұйымдас­тырылған баспасөз туры аясында еліміздегі бірқатар бұқаралық ақпарат құралының өкілдері Масан­шы ауылында болып, көк­темгі дала жұмыстарымен танысты. Негізінен, Масаншы ауылын дүнген этносының өкілдері мекендейді. Бұл маңай ауыл шаруа­шылығымен айналысуға қолайлы.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлі­мінің басшысы Әділет Қаспақбаевтың айтуынша, бүгінде жергілікті шаруалар көктемгі егіс жұмыстарын бастап кеткен. Сонымен қатар егістік алқаптарға мине­ралды тыңайтқыштар бөлініп, ауыл­дағы ауылшаруашылық техникалары 60-70 пайызға жаңарған. «Мемлекет қол­дауының нәтижесінде, өткен жылы лизингке 158 техника сатып алынды. Ал ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында 51 техника алынды. Сондай-ақ мемлекет тарапынан егіс даласына арзандатылған дизель отыны бөлініп отыр», дейді ол.

Бүгінде Масаншы ауылында 40-тан астам шаруа шаруашылықпен айналысады екен. Нәсібін қара жерден терген жергілікті халық жыл сайын егіс алқабын кеңейтіп, өнім көлемін ұлғайтып келеді. Олар көбінесе сәбіз, пияз сияқты көкөніс түрлерін егеді. Жалпы, аталған ауылда ауыл шаруашылығы саласы айтарлықтай дамыған деуге болады. Мәселен, аудан бойынша биыл 134 мыңнан астам егістік жерге егін егу жоспарланған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 098 гектарға артық. Алдағы уақытта бұл жұмыс жалғасады. Ал ауыл тұрғыны, «Щенхо» шаруа қожалығының төрағасы Уджур Керим бүгінде 200-ден астам отбасын жұмыспен қамтып отыр. Қожалыққа тиесілі 15 техникамен шаруалар күн са­йын егіс даласында жұмыс істеуде. Соны­мен қатар ауыл тұрғыны Щеба Химманов та ауыл ішінен 20 сотық жерге қызанақ, қияр, сарымсақ сияқты көкөністер егіп келеді. Шаруа биылғы жылдың өзінде үш рет өнім алғанын айтады.

Былтыр Қордай ауданында болған оқиға кезінде Масаншы ауылындағы бірқатар үй мен кәсіпкерлік нысан зардап шеккен болатын. Кейіннен мемлекет тарапынан оларға қолдау көрсетіліп, аталған нысандар аз уақыттың ішінде қайта қалпына келтірілді. Мәселен, сол кезде ауыл тұрғыны Юсуф Паровтың үйі өртенген. Оған бүлінген баспанасының орнына мемлекет 7 бөлмелі үй салып беріпті. Бұл туралы тұрғын баспасөз туры кезінде айтып берді. Сол сияқты, ауыл тұрғыны Абдурашид Путордың да баспанасы мен ауыр жүк көлігіне өрт тиген екен. Аталған тұрғынның үйі де бүгінде қалпына келтірілген. Ауылда өткен жылы үйі отқа оранып, мемлекет қамқорлығының нәтижесінде қайта қалпына келтірілген бірсыпыра адам бар. Бұл ретте жергілікті жұртшылық қиын-қыстау кезде қолұшын созған мемлекетке алғысын білдірді.

Масаншы ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Дыдыр Харсанұлы бүгінде ауыл тұрғындарының бейбіт әрі тату-тәтті өмір сүріп отырғанын жеткізді. Ал кәсіпкер Рабия Жинлирова қақтығыс кезінде иелігіндегі бірқатар кәсіпкерлік нысанның өртеніп кеткенін салдарынан 20 миллион теңге көлемінде залал келгенін айтты. Қазір кәсіпкерлік нысандар қалпына келтірілген.

Мұндай қарқынды жұмыстар аудан­ның Қаракемер ауылында да жалғасуда. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерғазы Бозшаевтың айтуынша, ауылда 20 пәтерлі 10 үй салыныпты. Аталған үйлер әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен түрлі сала мамандарына берілген.

Жиын барысында Қордай ауданының әкімі Рүстем Дәулет ауданның бүгінгі ахуалы туралы сұхбат берді. Әкім өз сөзін­де өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қордайға сапа­рында халық тарапынан әлеуметтік мәсе­лелердің көтерілгенін айтты. Нәти­жесінде, Президент тапсырмасына сәйкес, Қордай ауданына ел Үкіметінің, Жам­был облысы әкімдігінің қолдау көр­­сет­кенін жеткізді. Әкімнің айтуынша, был­тыр аудандағы 392 жобаға 35 млрд тең­ге бөлінген. Оның ішінде 11 млрд теңгеге 22 ауыл газдандыры­лып, аудан бүгінде газбен 95 пайыз қам­тыл­ған. Сол сияқты, 6,9 млрд те­ңгеге кө­ше­лер жөн­дел­ген. Өз сөзінде аудан әкімі ауылішілік жолдар­­ға, ауыл­дар­ды абат­­тандыруға және жарық­тан­дыру жұ­мыстарына да мемлекет тарапынан көп көңіл бөлініп отырғанын айтты. Сонымен қатар өткен жылы 41 үй мен 13 коммерциялық нысан зардап шек­кен болса, бүгінде олардың бәрі мем­лекет және демеушілер тарапынан қал­пы­на келтірілген. Сондай-ақ 135 млн тең­геге жуық қаражатқа аудан тұр­ғын­дары­на көмек көрсетілген. Жал­пы, бүгінде Масаншы ауылын мекен­дейтін дүнген ұлтының өкілдері қазақ тілін үйрену үстінде. Ауылдағы №13 орта мектептің директоры Қамбар Иман­қ­ұловтың айтуынша, аталған білім о­шағында 936 бала оқиды. Бұл бала­лар­дың ішінде тек 34 баланың ғана ұлты қазақ. Алайда сабақ барлық білім алу­шыға қазақ тілін­де жүр­гі­зі­леді. Біз­бен кездесуде аталған орта мек­­тептің 9-сы­нып оқушысы, дүн­ген ұл­­ты­­ның өкілі Зей­неп Хиба қазақ тілін жақ­­сы көретінін, құрмет­тей­тінін, сол үшін мем­лекеттік тілді үй­рен­генін айтып, ақиық ақын Мұқағали Мақа­таев­тың «Шеше, сен бақыттысың» өлеңін оқып берді.

Бүгінгі таңда Қордай ауданының Сортөбе ауылында 24 мың халық тұра­ды. Мұндағы тұрғындарды негізінен дүн­ген этносының өкілдері құрайды. Қазі­ргі кезде ауылдың бірлігі жарасып, ы­н­тымағы артып келеді. Әсіресе, дүн­ген этносының өкілдері қазақ тілін үй­ренуде белсенділік танытуда. Ауылдағы «Достық» балабақшасында бүгінде 27 бала тәрбиеленуде. Балабақша меңгерушісі Хеджер Идыбоның айтуынша, балалар қазақ тілін үйренуге құштар екен. Бұл мақсатта тиісті жұмыстар жүргізіліп келеді. Сондай-ақ ауыл тұрғыны Леджей Сыров та ауылдағы ахуалдың тұрақты екенін айтты. Ауыл жастарын имандылыққа баулу мақсатында өткен жылы Сортөбе ауылынан «Имамдар үйі» ашылған болатын. Аталған орталық ауылдықтардың түрлі сұрақтарына жауап беріп, ислам, иман тұр­ғысында дәріс өткізіп келеді. Мұнда ке­лелі рухани басқосу өтіп, Сортөбе ауы­лына арнайы келген Алматы қаласы, «Байкен» мешітінің наиб имамы Нұрболат Дүйсебаев көпшіліктің сұрақтарына жауап берді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысы бо­йынша өкіл имамы Бейбіт Мырза­гелдиев те сұхбат берді. «Бүгінде Қор­дай ауданындағы 62 мешітте 91 діни қыз­меткер жұмыс істейді. Оның ішінде 30 қазақ, 59 дүнген этносының өкілі бар. «Отанды сүю – иманнан» демекші, бұл орталық халықты тура жолға шақыра­тын жер. Сондай-ақ жергілікті имамдар да қазақ тілінде уағыз айтуға дайындалып жатыр», дейді Бейбіт Мырзагелдиев.

Бұл күнде қайта түлеген Қордай ауданы­ның екі ауылындағы жағдай бүгінде тұрақ­ты. Жергілікті жұртшылық мемлекет қол­дауына алғыс білдіруде. Ауылдықтар өзара түсі­ністік арқылы бейбітшілік пен тату­лықты қолдап, тіршілігін жалғастыруда.

 

Жамбыл облысы,

Қордай ауданы