• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Сәуір, 2021

Қоғам тыныштығын күзетеді

323 рет
көрсетілді

Ұлттық ұланның жауынгерлері қала көшелеріндегі қоғамдық тәртіпті сақтауға атсалысып, аса маңызды мемлекеттік нысандар мен түзеу мекемелерін күзетеді. Күн сайын 6 мыңнан астам әскери қызметші полициямен бірге жауынгерлік қызметке шығады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен «Ұлттық ұландағы қызметтің ерекшеліктері» тақырыбындағы баспасөз мәслихатында айтылды.

Баспасөз мәслихатына Ұлттық ұланның әскери кеңесінің хатшысы Савердин Имиров ел Тәуелсіздігінің отыз жылдық мерей­тойын Ұлттық ұлан сарбаз­дары зор ықыласпен қарсы алып отырғанын жеткізе келіп: «Хал­қы­мыздың азаттық жылдарын­дағы басты байлығы – тұрақ­тылық, бейбітшілік және келісім. Бұл құн­дылықтарды және қо­ғамдық қауіпсіздікті сақтау үшін ел қорғаны – Ұлттық ұлан құрылды. Олар қоғам мен мем­лекеттің қауіпсіздігін, азамат­тарымыздың бостандығы мен құ­қығын, қылмыстық және басқа да заңға қайшы әрекеттерден қор­ғайды. Ұлттық ұланның қатар­ында қызмет ету ол үлкен абырой мен құрмет», деді.

Оның айтуынша, әскерде қызмет етуге барлық қажетті жағ­дай жасал­ған. Әскери қызметшілер лайықты жалақымен, түрлі әлеуметтік көмек­термен және баспанамен қамтамасыз етіледі. Осылайша, Ұлттық ұлан Ішкі істер органдарының бірыңғай жүйе­сіне ене отырып, жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қам­тамасыз етуге, адамның және аза­маттың құқықтары мен бостан­дығын қылмыстық және өзге де құқықтық қол сұғушылық­тан қорғауға арналған. Бүгінде Ұлт­тық ұланға заңмен 9 міндет жүк­теліп отыр. Олар 12 стратегиялық және 3 аса маңызды мемлекеттік ны­сан­ды күзетеді. Сондай-ақ қыл­мыстық-атқару жүйесінің 42 мекемесін жіті қадаға­лау­да ұстайды. Бұдан бөлек соттал­ған­дар мен қамауға алынған адамдарды темір жол және автомо­биль көлігімен тасымалдайды. Жоғарғы және әскери соттардың отырыстарында да Ұлттық ұлан­ның жауынгерлері қоғамдық тәртіпті қадағалайды.

«Жеке құрам еліміздің 19 қала­сында қоғамдық тәртіпті күзетеді. Соның нәтижесінде, өткен жы­лы көше қылмысы 52,2%-ға азай­ды. Осы жылғы алғашқы тоқсанның қорытындысы бойын­ша ұландық әскери жасақтар күшімен 3761 құқық бұзушы құрықталған. Соның ішінде 276 адам қылмыстық белгілерге қатысы бар деген дерекпен ұсталған. Сонымен бірге 25 дана суық және атыс қаруы тәркіленді. Мемлекет пайдасына 2 млн теңге мөлшерінде айыппұл өндіріп алынды», деді Ұлттық ұланның әскери кеңесінің хатшысы.

С.Имиров Ұлттық ұлан әскери қыз­метшілерінің қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысуынсыз бірде-бір ірі халық­аралық, қоғамдық-саяси, спорт­тық және басқа да бұқаралық іс-ша­ралар өткізілмейтінін атап өтті. Бұл тізімде V Астана эконо­ми­калық форумы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшы­лары­ның съездері, 2010 жылғы ЕҚЫҰ саммиті, 2011 жылғы Азия ойындары және тағы басқалар бар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында Ұлттық ұланда әс­кер­лерді вакцинациялау жұмысы жүріп жатыр. Бүгінде жеке құрам­ның 34%-ына екпе егілді. Бұл туралы Ұлттық ұланның баспа­сөз хатшысы Руслан Жан­гулин мәлімдеді. Оның айтуын­ша, әскердегі вакцинациялау науқанын осы жылдың 1 маусымында аяқтау жос­парланып отыр. «Әскерлер полиция департаменттерінің емханаларында және жергілікті жерлердің емханаларында егілуде. Мұның барлығы ерікті түрде жүргізіледі. Сондай-ақ мерзімді қызметтегі сарбаздар да вакцинациядан өтіп жатыр», деді Р.Жангулин.

Бұл ретте С.Имиров әскери қыз­метшілерді вакцинациялау Ұлттық ұлан басшыларының ерекше бақы­лауына алынғанын алға тартып отыр. Бүгінде 10 608 адам вакцинаның 1-ші ком­по­нентін, 606 адам 2-ші компо­нентін алып үлгерген екен. Вакци­нациялау жауынгерлердің күнделікті міндеттерді атқару ерекшелігіне қарай жүргізіліп, екпе жұмысы кесте бойынша өтіп жатыр. Сондай-ақ журналис­термен жүздесу барысында Шақыру және жасақтау бөлімінің бастығы Фархат Айдарбаев елімізде әс­кер­ге шақыру науқаны өтіп жат­қа­нын және Ұлттық ұлан жау­ын­­гер­леріне қандай талаптар қо­йылатынын айтып өтті.

«18-27 жас аралығындағы ел азаматтары жылына екі рет көк­темде және күзде әскерге шақыры­лады. Қазіргі кезде шекара қызметі мен қорғаныс министрлігіне әскер­ге шақыру жүріп жатыр. Әс­керге шақырылушыларды ірік­теу және алдын ала зерделеу үшін Ұлттық ұландағы әскери бөлімдердің өкілдері тартылады. Құрамды жасақтау барысында негізі орта білімі бар азаматтар іріктеледі. Бұл ретте, заңда белгіленген тәртіпке сәй­кес, бұрын сотталған немесе Қылмыстық процестік кодекстің 35-бабының тармақтарына сәйкес жауаптылықтан босатылған азаматтар әскерге шақырылмайды. Сон­дай-ақ әскерге шақырылу­шы­ның сотталғандығы бар жақын туыс­тары болған жағдайда да әс­кер­ге алынбайды», деді Ф.Айдар­баев.

Ал Ұлттық ұланның қатарына қосылуға ниет білдіргендер жер­гі­лікті әскери атқару органдар­ын­дағы өкілдерге жүгінуі тиіс. Ел ау­мағын­дағы 17 қалада мерзімді әске­ри қызмет атқаруға болады. Бө­лім бастығының айтуынша, басқа құрылымдарға қараған­да Ұлттық ұлан әскерлері қала ор­та­лық­тарында орналасқан және жаңа техникалармен жабдық­талған.

Өткен жылы елімізде орын алған түрлі төтенше жағдайларды жоюға 5 мыңнан астам әскери қызметші мен 516 бірлік техника жұмылдырылыпты. Ұлттық ұланның жеке құрамы жыл сайын табиғи, техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға қатысады. Сондай-ақ терроризм және ұйымдасқан қылмысқа қарсы топтармен белсенді күрес жүргізеді. Баспасөз мәслихаты барысында С.Имиров әріптестерінің халыққа көрінбейтін қызметі туралы да баяндап берді.

«Адамдар қиындықтар мен қауіп-қатерге, апаттарға душар болған жерлерге Ұлттық ұлан жауынгерлері бірінші болып көмекке келеді. Алматы, Түр­кістан, Қарағанды облыстар­ында­ғы су тасқыны кезінде, Арыс қа­ла­сында жарылыс болғанда, Пав­лодар және Шығыс Қазақстан облыс­та­р­ындағы орман өрттерінде ұлан­дықтар алғаш болып көмекке аттанды. Биыл жауынгерлеріміз қар құрсауынан 326 адамды және 112 бірлік техниканы эвакуациялады, – деді С.Имиров.

Ал пандемия жағдайында Ұлттық ұланның жеке құра­мы жауынгерлік қызметті күшей­тілген режімде ат­қарды. Радиа­циялық, химиялық және биоло­гиялық қорғау бөлімшелері елі­­міз­дің 7 қаласында 158 нысанға ар­найы өңдеу жұмыстарын (дезинфек­ция) жүргізді. Сондай-ақ 671 гектар­дан астам жер аумағы өңделді. Әске­ри ұжымдарда коро­навирустық инфек­цияның тара­луына жол бермеу бо­йынша карантиндік және санитарлық іс-шаралар қолға алынды.