Тұңғыш Президент Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIX сессиясында пандемия жағдайындағы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясаты жайында сөз етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Бүгінде Қазақстан жаңа жауапты кезеңге аяқ басты, ол пандемия жылымен, жаһандық экономикадағы дағдарыстық құбылыстардың күшеюімен, жетекші әлемдік ойыншылардың геосаяси бәсекелестігінің шиеленісуімен тұспа-тұс келді. Осы және басқа да қолайсыз жағдайлар біздің мемлекетіміздің дамуына теріс әсерін тигізе алмайды. Осындай жағдайда еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жан-жақты, сындарлы саясатын жүргізіп келеді. Біз оны қолдауға тиіспіз. Ол барлық қазақстандықтың мүддесі мен ұлтымыздың одан әрі дамуына қызмет етеді деп сенемін», деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Еске сала кетейік, Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы, ҚХА Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIX сессиясы өтіп жатыр.
Сессия жұмысына онлайн форматта 600-ден астам адам қатысып жатыр. Олардың қатарында барлық өңірлерден келген Ассамблея мүшелері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің басшылары, ҮЕҰ, ғылыми, шығармашылық зиялы қауым және БАҚ өкілдері бар.