• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Парламент 04 Мамыр, 2021

Мәжілісмендердің мұнысы несі?..

2222 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кезекті отырысында жерді шетелдіктерге сатуға, жалға беруге арнайы тоқталып, Президенттің заң шығару бастамасын пайдаланып, жерге қатысты заң жобасын Мәжіліс қарауына ұсынғаны мәлім.

Төменгі Палата заң жобасын мақұл­дап, Сенатқа жолдады. Осымен талайды толғандырған мәселеге біржола нүкте қойылғандай көрінген. Бірақ таяуда жер дауы тағы да бұрқ ете түсті. Себебі мәжіліс­мендер Президент ұсынған заң жобасына бір­қатар өзгеріс енгізіпті.

Әу баста Мемлекет басшысы ше­тел­дік­терге, басқа елдің азаматтары қатысатын заңды тұлғаларға жерді жалға беруге де, сатуға да тыйым салуды ұсынды. Атап айтқанда, Жер кодексіндегі 48-бап­тың 2-тармағында «Сауда-саттықтың (конкурс­тардың, аукциондардың) жеңім­паздарына – шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адам­дарға ауыл шаруа­шылығы өнді­­рісін, орман өсіруді, қосалқы ауыл шаруа­шылығын жүргізу үшін жер учас­келері жиырма бес жылға дейiнгі мер­зіммен жалдау шарттарымен уақыт­ша жер пайдалануға беріледі», деп көр­сетілген. Президент осы тармақты  мүлдем алып тастауды ұсынған.

Бірақ Мәжіліс осы тұсқа өзгеріс енгізіп, «ауыл шаруашылығы өнді­рісін, орман өсі­руді, қосалқы ауыл шаруа­шылығын жүр­­гізу үшін» деген сөздерді «орман өсі­ру үшін» деген сөздермен ауыс­тырып жіберген.

Рас, Сенаттың соңғы отырысында атал­ған заң жобасы талқыланып, жо­ғары Палата депутаттары құжатты қарау бары­сында оған түзету енгізіп, Мәжі­ліске қайтарды.

Ал Мәжіліс мақұлдаған құжатта ше­­тел­­діктерге жерді орман өсіру үшін 25 жылға жалға беру қарастырылған. Қоғам­­ды толғандырған дау да осыдан туындады. Заңгер Абзал Құспан Мәжіліс депутат­тары орман шаруашылығындағы жерді жалға беру арқылы заң жобасында «саңы­лау» қалдырып отыр деп есептейді.

«Жалпы, Жер кодексінің 1 бабында бізде жердің санаттары көрсе­тілген. Соған сәйкес, жер 7 санаттан тұрады. Солар­дың ішіндегі ең үл­кен аумақ ауыл шаруашылығы мақсатын­дағы жерлерге тиесілі. Сол себепті шетел­діктерге жалға да беруге болмайды, сатуға да болмайды деген талап дұ­рыс көтерілген.

Жер кодексінің 2-бабында Қазақстан Рес­публикасы Үкіметіне жер санаттарын ауыстыру құқығы берілген. Күні ертең осы заң жобасындағы «саңы­лау­ды» пайдаланып, кез келген сәтте ауыл шаруашылығы жерлерінің санатын орман шаруашылығына деп өзгер­тіп, шетелдіктерге жалға беруі мүм­кін. Осылайша, бәрі «заңды жүзеге асады». Бұл қоғамның қатысуынсыз, депу­таттардың араласуынсыз өтетін процедура», дейді заңгер.

Абзал Құспанның сөзінің жаны бар. Статистика агенттігінің 2017 жылғы деректеріне сүйенсек, Қазақстанда 262 млн гектарға жуық жер қоры бар. Соның 39,7 пайызы, яғни 104 млн гектары – ауыл шаруашылығы мақ­сатын­дағы жерлер. Орман қорындағы жерлер де­ аз емес, шамамен 22,8 млн гектар (8,7 пайыз).

Заң жобасы бойынша жұмыс тобы­ның жетекшісі, Мәжіліс депутаты Бе­рік Оспанов қоғамда туындаған дауға қа­тыс­ты фейсбуктегі парақшасында пі­кір білдіріп: «Жер кодексіне сәйкес орман өсіру үшін босалқы, өнеркәсіптік (сани­тарлық аймақтар), сондай-ақ көлік (орман­ды қор­ғау жолақтары) жерлерінен жер беріледі.

Атап айтқанда, Арал теңізінің түбі жататын босалқы жерлерде теріс процес­тердің алдын алу мақсатында орман мелио­рациялық жұмыстар жүзеге асырылады. Бұдан басқа, елдің жекелеген өңір­лерінде (Қызылорда, Маңғыстау және т.б.). сондай-ақ шөлейттенуді және құмның жылжуын болдырмау үшін ауылдық елді мекендердің жерлерінде орман екпелерін (изен және т.б.) отыр­ғызу бойынша жұ­мыс­тар жүзеге асыры­лады.

Осылайша, мұндай мақсаттар үшін негізінен бос жерлер, яғни қандай да бір шаруашылық қызметті жүргізуге жарамсыз жерлер, мысалы, тозған, бүлінген, шөл­ді жерлер, онда топырақтың пайдалы қасиеттері төмен деңгейде және қол­даныстағы орманды пайдаланбау (орманды пайдалану) емес, орман өсіру шара­лары жүргізілетін болады», дейді (жазбаның орфографиясы сақталды – А.А.).

Айтпақшы, мәжілісмен сөз еткен босалқы жерлердің үлесі аз емес. Ста­тистика агенттігінің деректеріне сүйен­сек, Қазақстандағы жер қорының 37 па­йызы немесе 97 млн гектары бо­сал­қы жер санатына кірген. Бұл – бірін­шіден. Екіншіден, Жер кодексінің 137 бабында босалқы жерге мынандай түсі­ніктеме берілген: «Меншiкке немесе жер пайдалануға берiлмеген, аудандық атқарушы органдардың қарамағындағы барлық жер босалқы жер болып табылады». Осы орайда, Статистика агенттігінің дерек­теріне сүйенсек, босалқы жердің 75,7 млн гектары – жайылым, 2,2 млн гектары – шабындық, 2,1 млн гектары ты­ңайған жер.

Депутат Самат Мұсабаев та: «Арал­дың құрғап кеткен табаны жатыр ерні кезеріп. Маңғыстаудың ұлан-ғайыр аумағы жатыр қылтанақ өспейтін. Жер асты сулары азайған соң көшпелі құмдар тұтас ауылдарды басып тастап жатқанын да көзіміз көріп отыр... Ендеше, біздің елге келіп пайдаға кенелуге ниетті инвестор неге орман өсіріп, жерге пайдасын тигізбеуі керек?», дейді.

Мәжіліс депутаты Асқарбек Үйсім­баев та фейсбуктегі парақшасында: «Ор­ман өсіруге арналған жерлер кез келген шаруа­шылық қызметті жүргізуге жарамсыз жерлерден ғана ұсынылады, мысалы, тозған және тұздалған жерлерден. Мұн­дай жерлерге Арал теңізінің түбі, шөлейттенуге және құмның одан әрі жылжуына неғұрлым бейім Қызылорда және Маңғыстау облыс­тары жерлерінің бір бөлігі жатады», деп жазды.

Әрине, тартылған Аралдың түбі ну орманға айналып, Үстірттің етегі жасыл желекке бөленсе, нұр үстіне нұр. Алай­да жоғарыда Арал теңізінің түбі кіреді деген босалқы жерлердің басым бөлігі жайылым, шабындық және ты­ңайған жерлер екенін айттық. Ендеше, заң жобасының осы әлсіз тұсын кей «пысықтар» өз мақсатына пайдаланып, жер қорындағы миллиондаған гектар жерді орман өсіруге деген желеумен шетелдіктерге жалға беріп жіберуі әбден мүмкін.

Оның үстіне, орман өсіруге салынатын инвестицияға сәл шолу жасасаңыз, «Мәжілісмендердің сөзі популизм емес пе?» деген сұрақ туындайды. Біріншіден, орман өсіруге инвестиция салу – ұзақ мерзімде табысты болғанымен, тәуекелі көп сала. Кез келген инвестор қаражат құйған соң пайда табуды көздейтіні түсінікті. Сондықтан қалтасы қалыңдар суы тартылған Аралдың табанына шы­бық қадағаннан гөрі жауыны толаста­майтын Вьетнам мен Лаостың топы­рағына ағаш еккенді дұрыс көретін шы­ғар. Осы саладағы инвестицияларға жасалған ғылыми зерттеулер де бұл бизнестің тропиктік аймақтарда ғана тиімді болатынын аңғартады.

Екіншіден, орман шаруашылығына қаржы құятындар, негізінен, құрылысқа қажетті қайың, терек, шырша, қарағай өсіруді жөн санайды. Мұндай ағаштарға мол су керек. Ал ауылдары ауыз сусыз отыр­ған өңірлерде қайың мен қара­ғай қаулап өседі дегенге кім сенеді? Оның үстіне, Аралдың табаны секілді құм­ды, шөлейт аймақта сексеуіл мен жың­ғыл, тораңғы мен тобылғы ғана өседі. Ал мұндай ағаштардан құрылысқа қа­жетті мате­риал шығуы екіталай. Яғни инвестордың құйған қаржысы өзін ақтау былай тұрсын, ол банкротқа ұшырауы ықтимал.

Қысқасы, шетелдіктер қазақтар үшін ор­ман өсірейін деп Ұлы далаға ағылаты­нына сену қиын. Демек, біздің кейбір жемқор шенеуніктер орман өсіруге жалға береміз дегенді сылтауратып, ең шұрайлы жерлерді шетелдіктердің мен­шігіне өткізіп жібермейтініне ешкім кепілдік бере алмайды. Ендеше, Прези­дент ұсынған заң жобасына мұндай «түзету» енгізудің реті жоқ.

...Мәжілісмендердің мұнысы несі?..