Мамыр айынан бастап Еуропаның бірқатар елінің билігі коронавирус пандемиясының үшінші толқынына байланысты Еуропалық Одақта енгізілген қатаң коронавирустық шектеулерді кезең-кезеңімен алып тастай бастады, деп хабарлайды Egemen.kz Tourdom басылымына сілтеме жасап.
Сондай-ақ Еуропаның бірқатар елдері жақын уақытта турист қабылдауға дайындалып жатқанын жеткізді.
Атап айтқанда, Грекияда дүйсенбіден бастап мейрамханалар, барлар мен дәмханалар ашық болады. Олар қонақтарға тек жазғы алаңдарда 22:45-ке дейін қызмет ете алады. Коменданттық сағаттың басталу уақыты 22:00-ден 23:00-ге ауысады. Ел біртіндеп жазғы туристік маусымның басталуына дайындалып жатыр. Сәуірде «жасыл аймақ» елдерінен келген саяхатшылар үшін міндетті карантин алынып тасталды.
Италияда да жағдай тұрақталып келеді. Көптеген туристік аймақтарда, мысалы Венецияда, тамақтану орындарына қонақтарды сыртқы алаңға отырғызуға рұқсат етілді, бірақ 1 маусымға дейін жабық ғимаратқа кіруге болмайды. Дәл осы айда ел билігі шетелдік саяхатшылар үшін шекараны ашуға уәде берді.
Сонымен қатар Эстонияда да 3 мамырдан бастап мейрамханалар мен дәмханаларға таза ауада қызмет көрсетуге мүмкіндік берді. Туристер қайтадан галереяларға, көрме залдарына, музейге кіре алады.