Бүгінгі заманның қарқынды өзгерісі, үздіксіз дамуы жоғары оқу орны даярлайтын кей мамандықтарды қажетсіз етіп, керісінше кей сала мамандарына деген сұранысты жоғары етуде. Заман ағымына сай жоғары білім саласы да өзгеріс үстінде. Қоғам дамуына, өңір өркендеуіне қызмет ететін жаңа білім бағдарламаларын әзірлеп, жүзеге асыру үшін жұмыла жұмыс істеп жатыр. Жоғары оқу орны мамандарды даярлауда ең алдымен қоғам қажеттілігін ескере отырып, болашақтың мамандарын даярлауға бағытталуы керек.
Жалпы университеттің бірінші, екінші миссиясы білім мен ғылым болса, үшінші миссиясы – қоғам дамуына ықпал ету. Осы үшінші миссияны іске асыру шеңберінде университет маңызды мәселелерді шешуге тікелей қатысады, экономикалық өркендеуге, оң әлеуметтік өзгерістерге және мәдени өсуге септігін тигізеді.
Үшінші миссия (міндет) үздіксіз білім беруді, әлеуметтік және мәдени дамуды, цифрландыруды, түлектерді жұмыспен қамтуды және жастар бастамаларын жүзеге асыруға жәрдемдесуді қамтиды. Университет қоғам өміріндегі өзгерістердің индикаторы ретінде әрекет етуі тиіс.
Заман талабына сай маман даярлау әр университеттің негізгі міндеті. Ал өңірлік университет сол аймақтың негізгі проблемаларының шешу жолдарын тауып, сұранысты қанағаттандыруы тиіс. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті оңтүстік өңірдегі ірі университет болғандықтан Жамбыл облысының ғылыми қажеттілігін қамтамасыз етіп, кадр тапшылығын болдырмауды мақсат етеді. Осы тұста біздің өңірге – Жамбыл облысына не қажет және өлкемізді дамытуға қандай үлес қоса аламыз, әлеуметтік-экономикалық әлеуетіне қалай әсер ете аламыз деген заңды сауал туындайды. Біздің университетті жыл сайын 4-5 мың студент таңдап, оқуға түссе, соншалықты жас оқуын тәмамдап, еңбек жолын бастайды. Яғни олардың басым көпшілігі облыс көлемінде өз салалары бойынша жұмысқа орналасып, маман атанады. Біз даярлайтын технолог, инженер, су ресурстары, мелиорация, химия, ақпараттық технологиялар, робототехника, нанотехнологиялар мамандары, ұстаз, экономист, заңгер және басқа да мамандар өңірдің өркендеуіне өз үлестерін қосып отыр. Қажетті кадрмен қамтумен қатар, Дулати университеті мәселелердің, экономикалық, әлеуметтік сұрақтардың шешімін табуына, ғылыми әлеуетті жақсартуға айтарлықтай қомақты үлес қосып келеді.
Біздің университет бакалавриат, магистратура және докторантурадан 200-ден астам білім беру бағдарламалары бойынша маман даярлайтын өңірдегі ең ірі жоғары оқу орны. Білім алушыларды даярлау инновациялық білім беру бағдарламаларын, оқытудың заманауи технологияларын, ғылыми зерттеулерді іске асыру негізінде жүзеге асырылады. Білім беру бағдарламаларын жобалау бітірушінің жұмысқа орналасу мүмкіндігін және жұмыс берушілердің талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ететін кәсіптік стандарттар негізінде жүзеге асырылады. Еңбек нарығында Дулати университетінің түлектеріне сұраныс жоғары. Біздің түлектерге мемлекеттік, жеке меншік мекемелерден, кәсіпорындардан, қызмет көрсету саласы мен білім беру және ғылым ұйымдарынан жылда шақырту түседі. Университетімізде білім алған жас мамандарды жұмысқа орналастыру орта есеппен 75-95%-ды құрайды.
Инновацияны дамыту, өндірісте білім мен ғылымды ұштастыру – университеттің негізгі стратегиялық міндеттерінің бірі. Теориялық білім мен өндірістік тәжірибені ұштастыру мақсатында облыс кәсіпорындары базасында университет кафедралары филиалдарын ашты. Бүгінгі таңда осындай 40-тан аса филиал жұмыс істеп тұр. Бұл филиалдардың атқаратын негізгі жұмысы – өндірістік тәжірибені ұйымдастыру, дуалдық оқытудың элементтерін тиімді енгізу, сонымен қатар студенттерге дипломдық жұмыстарын өндіріс мекемелерінде орындауға жағдай жасау.
Дулати университетінде «Инновация және кәсіпкерлікті дамыту» орталығы жұмыс істейді. Бұл орталық студенттерімізді өз мамандықтарын игерумен қатар, шағын және орта бизнеспен айналысуға үйретеді. Бүгінгі таңда мемлекетімізде шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында көптеген грант бөлініп, әр талпынған адамның өз мақсатына жетуіне жағдай жасалып жатыр. Аталған орталықтан біздің студенттер мемлекеттік гранттар туралы ақпаратпен танысып, жобаларын ұсынып, оны жетілдіре алады.
Аймақтық университет инновациялық өсудің орталығы болуы тиіс. Яғни өңірде қолға алынатын тың жобалардың басы-қасында болу бізге жүктеледі әрі оны жүзеге асыруда ғалымдарымыз күш салуы керек. Бұл тұрғыда ғылыми-зерттеу жұмыстары оқу ордамызда жүйелі жүргізіліп келеді. Солардың біршамасына тоқталып өтсек.
Жамбыл облысы ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы дамыған өңір екені белгілі. Университет ғалымдары осы салаларды дамытуға өзіндік үлестерін қосып келеді. Мәселен, оқу ордасының жас ғалымы, докторант Дәулет Егембердиев топырағы тозған егістік алқаптары мен соры шыққан жерлерді (тұзды) қалпына келтіретін тыңайтқыш ойлап тапты. Бұл тыңайтқыш ауыл шаруашылығы өнімін арттыруға септігін тигізеді. Ғалымның бұл жобасы NURINTECH инновациялық жобалар жарысында, өзге де ғылыми байқауларда үздік деп танылған, Финляндияда 1-орынды жеңіп алған. Аталған тыңайтқышты сұйық және құрғақ күйінде қолдануға болады. Ауыл шаруашылығына тың серпіліс әкелетін бұл жаңалық Талас және Сарыағаш аудандарында тұзды жерлерде сыналды. Нәтижесі мамандарды таңғалдырып отыр. Өніммен қоса жердің құнарлығы да артқан. Ғалымның ойлап тапқан тыңайтқышы осы күнге дейін Польша мен Ресейге жөнелтіліп, оң бағасын алды.
Университетіміздің тағы бір ғалымы PhD доктор Арман Қабдушев Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті 2021-2023 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыру конкурсынан жеңіске жетті. «Дифференциалды қасиеттері бар тампонажды ерітінділер әзірлеу» тақырыбындағы жобасы үздік деп танылып, жобаны жүзеге асыру үшін 48,6 млн теңге арнайы грант бөлінді. Ғалымның жобасы мұнай-газ ұңғымаларының (скважина) сапасын арттыруға бағытталған. Бүгінде бұл аса маңызды. Себебі ұңғыма сапасының төмендігі газ өндіру барысында көптеген проблемаға алып келеді. Алдағы уақытта Арман Арыстанғалиұлы осы жоба бойынша зертхана ашып, тәжірибе жүргізіп және ашқан жаңалықты өндіріске енгізуді көздеп отыр.
Дулати университетінің «Ә.С.Ахметов атындағы наноинженерлік әдістері» ғылыми-зертханасының жұмысы аймақ дамуына өзіндік үлес қосып келе жатқанын айрықша атап өткеніміз жөн. Аталған зертханада тамақ өнеркәсібіне қатысты біршама ғылыми жаңалық ашылды. Соның бірі – бие сүтін құрғақ сүтке айналдырып, таблетка күйінде шығару. Адам денсаулығы үшін аса қажет бие сүті – қымызды мұздату технологиялары арқылы құрғақ күйге айналдыру кейбір елдерде жүзеге асырылды. Біздің елімізде қымыздан құрғақ ұнтақ алу және оны порциялық таблеткалау алғаш рет Тараз өңірлік университетінде іске асырылды. Университетте бие сүтін шайқаудың температуралық режімінің өзгерту нәтижесінде сақтау мерзімін 2 айға жеткізу технологиясы әзірленді. Бұл технология «Заң» ЖШС-да енгізілді. «Хан қымызы» деп аталатын бұл пайдалы сусын тұтынушы сұранысына ие. Университетте қымыздың сақтау мерзімін арттыру бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары жалғасуда.
Білім ордасының оқытушы құрамымен қатар студент жастары да ғылымда алға қадам басып келеді. ЕNACTUS DULATY командасының ауылшаруашылыққа қатысты Soil жобасы республикалық деңгейде үздік деп танылды. Бұл жоба жерді құнарландырып, егіннің бітік шығуына бағытталған.
Өңірлік университет аймақтағы әлеуметтік проблеманың шешілуіне де үлес қосып келеді. Оның нақты айғағы – арнайы санатқа жататын білім алушылардың төлемақысына жасалатын жеңілдіктер. 2020-2021 оқу жылында әртүрлі санатқа жататын 2 253 студенттің төлемақысына 100, 50, 40, 30, 20, 15%-на жеңілдіктер берілді. Олардың қатарында ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, I, II, III топқа жататын мүмкіндігі шектеулі жастар, көп балалы отбасынан шыққан балалар мен түрлі интеллектуалдық ойындардың, олимпиада конкурстарының жеңімпаздары, спортшы жастар бар.
Дулати университеті құрамында «Ұстаз» институты жұмыс істейді. Болашақ педагог мамандарды даярлаймыз. Қазір педагог мамандарға мемлекет тарапынан жақсы қолдау көрсетіліп жатыр. Осыған байланысты ұстаз боламын деген жастардың қатары жыл сайын артып келеді. Институтта істеліп жатқан игі жұмыстардың бірі – ұстаздарды қолдап, біліктілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылатын түрлі курстар мен ауқымды конференциялар. Бұл іс-шаралар алыс ауыл-аймақтағы ұстаздардың өзара тәжірибе алмасуына, білімдерін жетілдіруге, озық мектептердің тәжірибесін игеруге мүмкіндік береді. Жуырда ғана осы институттың екі бірдей ғалымы ҚР БжҒМ 2021-2023 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыруға арналған конкурста жеңіске жетті. Профессор Клара Жайдарбекқызы Бұзаубақова мен PhD доктор Гүлнұр Болатбекқызы Исабекова жақын арада өздерінің тың жобаларын жүзеге асыруды көздеп отыр. Ғалымдарымыздың бұл бастамасы да өңірдің өсуіне өз септігін тигізеріне сенім мол.
Дулати университеті елімізге су шаруашылығы мамандарын даярлайтын бірден бір жоғары оқу орны екені баршаға аян. Гидравлика, гидротехникалық құрылымдар, сорғылар және су көтеру қондырғылары, гидроэнергетика, гидромелиорациялық және гидротехникалық жұмыстар технологиясы мен ұйымдастыру, ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз ету мәселелері бойынша оқу лабораторияларында зерттеулер жүргізіледі. Оқу орнының бастамасымен бүгінгі таңда ауылшаруашылық саласында тың жобалар жүзеге асырылып, тамшылатып суару, жерді құнарландыру мәселелері бойынша ғылыми жұмыстар жүзеге асырылды. Университет су ресурстары, орман шаруашылығы бойынша кәсіби стандарттарды әзірлеген республикадағы жалғыз жоғары оқу орны. Су ресурстары және суды пайдалану, орман шаруашылығы бойынша тізгінді Дулати университеті өз қолына алып, осы саладағы жетекші ғалымдармен бірге стандарттарын әзірлеп, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында бекітті.
Ғалымдарымыз Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мамандарымен бірлесіп, зерттеу жұмыстарын жүргізеді, су шаруашылығына қатысты өзекті мәселелердің шешімін табады. Тек Жамбыл аумағымен шектелмей, республика бойынша зерттеумен айналысады. ТМД елдерінің аумағындағы ауылшаруашылық жерлерін мелиорациялаудың концепцияларын жасауға, сондай-ақ «Арал теңізі алабындағы су және жер қорларын тиімді пайдалану және қорғау стратегиясы» бағдарламасына және Арал қорының алғашқы бағдарламаларын бағалауға Ресейдің, Өзбекстанның, Қырғызстанның, Түрікменстанның және Тәжікстанның көрнекті ғалымдарымен бірге атсалысты. Өңірдің өзекті мәселесінің бірі – ауылшаруашылық саласын дамытуда, ауызсу тапшылығын жоюда ғалымдарымыздың еңбегі жыл сайын еселене бермек.
Туризмді дамыту – экономиканың жақсаруына айтарлықтай үлес қосады. Тараз қаласы тарихтың алтын діңгегі екені белгілі. Осы тұста университетте «Ақпарат және медиакоммуникация» орталығының бастамасымен өңірлік туризмді дамытуға бағытталған Visit Taraz жобасы жүзеге асырыла бастады. Бұл жоба 2020 жылы 6-шілдеде Жамбыл облысы әкімдігі мен Дулати университеті арасында бекітілген Меморандум негізінде іске асты. Жоба аясында туризмнің екі бағыты: мәдени танымдық және этнографиялық туризм, киелі жерлер немесе рухани туризм бағыттары қамтылады. Жобаның мақсаты – Жамбыл облысында ішкі туризмді дамыту үшін сакралды, тарихи-мәдени жерлерді, әдет-ғұрып, салт-дәстүрді, ұмыт болып бара жатқан кәсіп түрлерін халық арасында насихаттау арқылы отандық және шетелдік туристерді тарту, өлкемізге қызығушылықты арттыру. Міне, осы мақсатта бүгінгі таңға дейін бағдарламаның 16 саны жарыққа шықты. Шетелдік көрермендер үшін бағдарламаның ағылшын тіліндегі контенті әзірленуде. Бағдарлама Жамбыл жерінің тамашасын насихаттап, қатпарлы тарихымызды көпшілікке жеткізіп, ең бастысы қонақтардың қызығушылығын арттыруға ықпал етеріне сенеміз.
Университетіміздің студенттері қала құрылысының қарқынды жүргізілуіне өз үлестерін қосып жатқанын мақтана айта аламыз. Жылда студенттер құрылыс жасағына мүше жастар облыс бойынша аудандарда, қалада белгіленген нысандарда жұмыс істеп келеді. Құрылыс, жөндеу жұмыстарымен қатар «Жасыл ел» жасағының жастары қала тазалығының сақшысы болып жүр. Арық, каналдарды тазалап, айнала тазалығын күзетіп, көгалдандыру жұмыстарына белсене қатысады. Әрине, жастардың еңбегі тиісті бағаланады, уақтылы жалақы төленеді. «Жас келсе – іске» демекші, еңбекші жастарымыз өз елінің, туған өлкесінің нағыз жанашыры екенін осылайша дәлелдеп келеді. Бұл да бір жастарымыздың өз туған өлкесіне сіңірген еңбегі.
Университетіміздің ерікті жастарының еңбегіне ерекше тоқталғым келеді. Себебі бұл белсенді жастарымыз еш қиындықтан қашпайтын, еңбектеріне еш ақы талап етпейтін нағыз ел жанашырлары, ұлтының адал азаматтары. Әсіресе, пандемия салдарынан туындаған қиындықтармен күресуде университет волонтерлары көп еңбек етті. Оны әрдайым мақтан тұтамыз. Облыста волонтерлық қозғалысты тиімді ұйымдастыру мақсатында «Ашық жүрек» жобасы жүзеге асты. Оның директоры болып біздің студентіміз Бауыржан Жұмат бекітілген болатын. Біздің ер мінезді ерікті студенттеріміз өздеріне жүктелген жұмысты абыроймен атқарып келеді.
Университетіміздің басты ұстанымының бірі – академиялық адалдықты сақтау. Білім беру миссиясын нәтижелі іске асыру үшін академиялық адалдықтың маңызы зор. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жоғары оқу орындары тазалық пен адалдықтың ортасы болуы тиіс деген тапсырмасы бар. Тиісінше, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті осы бағыттағы саясатты белсенді түрде қолдайтындардың қатарында. Парасаттылық құндылықтарын іс-әрекетке айналдыру оңай болмауы мүмкін, бірақ дәл осы іс-әрекеттер академиялық адалдықты толықтай қалыптастыру үшін аса қажет.
Академиялық адалдық – жемісті жұмыстың кепілі. Яғни жемқорлықсыз таза ортада ғана білім, нәтиже, жеңіс болмақ. Оқу ордамыз өз бағытынан таймау мақсатында академиялық адалдықты сақтауда үздіксіз жұмыс жүргізеді. Университетте Sanaly Urpaq фронт-офисі, «Адалдық алаңы» клубтары жұмыс істейді. «Таза сессия» акциясы әр сессия сайын жүргізіліп, студенттер арасында түрлі сауалнамалар ұйымдастырылады. Академиялық адалдықтың сақталуына оқытушы мен студент қатар жауапты. Біз бұл бағыттағы жұмысты жетілдіріп әрі жалғастыра беретін боламыз.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Дулати университеті тек мамандарды даярлайтын білім ордасы емес, сонымен қатар аймақтың, елдің әлеуметтік-экономикалық саясатын белсенді жүзеге асыратын университет. Оңтүстік өңірінің дамуына айтарлықтай әсер етеді. Айталық, білім беру қызметі, зерттеулер, студенттерге жасалатын көмектер мен жеңілдіктер аймақтың экономикасына қосқан үлесі болса, аумақтағы ірі жұмыс беруші бола отырып әлеуметтік жағдайды реттеуге де ықпалын тигізуде. Сонымен қатар өңірдің білім беру және инновациялық әлеуетін дамытуда, аймақтағы еңбек өнімділігін арттыруға, өңірдегі әлеуметтік жағдайдың дамуына университеттің қосқан үлесі аз емес.
Ержан ӘМІРБЕКҰЛЫ,
М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің басқарма төрағасы-ректор м.а.