• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экология 07 Мамыр, 2021

Химиялық қауіпті препараттарды қолданудың шегі анықталған ба?

370 рет
көрсетілді

«Август» фирмасы химиялық препараттардың көмегімен егіс егуді жалғастыруда, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жуырда жол түсіп Жамбыл ауданына барып қайттық. Егіске шығу Солтүстікте 15-20 мамырдаг басталады. Өйткені, егіс алқаптарының көбінде бұл мерзімге дейін қарғын суы құрғамайды, тіпті құрғаған күннің өзінде жер әлі жылымай, тұқымның өніп кетуіне жол бермейді.​Біз барған ауыл ерте кезде аудан орталығы болған Майбалық еді. Жиналған көпшіліктің арасынан бір жігіттер «Август» астық егуге кірісіп жатыр» деген сөзді айтқанын құлағымыз шалып, елең ете қалдық. «Август» деген фирманың атауы екенін білген соң жер әлі суық емес пе, тұқым өне алмай, үсіп қалмай ма десек «олар қайсыбір химиялық препараттарды қолданады, тұқымы үсімейді, астықтары тез шығады. Бірақ олардың астығына құс қонбайды, жылқы маңайламайды, сиырлар ауыз салса кейде іші кебеді» ,деп айтып тұрған жігіттер бізді таң қалдырды. Мал жемейтін, құс қонбайтын астықты сонда адам жей ме деген сұрақ журналистік әуестігімізді тудырып, ертесіне аудан әкімі Марат Ескендіровке хабарластық. Ол бұл мәселеден хабары жоқ екенін, өзінің бұл қызметке келгеніне бір-ақ жылдай болғандықтан оның мәнісін негізінен ауылшаруашылығы бөлімінің бастығы Борис Петров білетінін айтты. Нөмірін алып, енді Борис Петровичке хабарластық. Бұл кісі мән-жайды біршама толық біледі екен.

Осыдан төрт жыл бұрын «Август» атты Ресейдің фирмасы банкротқа ұшыраған «Ақ жер-2010» фирмасының жерін соттың шешімімен болған аукционда сот орындаушыдан сатып алғанын айтты. Әрине, жердің өзін емес «жер учаскесін пайдалану құқығы» екені белгілі. ​Сонда қанша көлемдегі жерді жалға алды деп сұрадық. Оған Арқан, Благовещенка, Мир ауылдық округтерінің 15 мың гектардай жерін алғаны айтылды. Сонымен бірге Б.Петров олардың астығы жақсы шығатынын, былтырғы біршама құрғақ болған жылдың өзінде гектарынан 23,3 центнерден астық алғанын айтты.«Август» деген фирманың өзі не екенін, қандай екенін білмек болып, интернетті аштық. Орталық кеңсесі Мәскеу қаласында орналасқан бұл фирманың негізгі кәсібі ауылшаруашылығы өнімдерін қорғайтын, қолдайтын химиялық препараттар шығару екен. Өздерінің жазуына қарағанда өсімдіктерді қорғайтын препараттарды әзірлеп, өндіріп және ақпараттық-технологиялық жағынан қамтамасыз етумен айналысады. Олар Қазақстанмен ғана емес ТМД елдерімен де байланысы бар болып шықты. «Біздің негізгі әріптестеріміз жер игерушілер. Олармен шыншыл және ұзақ уақыттық әріптестік байланыс – біздің табысымыздың кілті. Мақсатымыз өсімдіктерді қорғайтын химиялық құралдарды жасау бойынша әлемдегі алдыңғы қатарлы ондықтың қатарына ену» делінген олардың анықтамалығында.Алайда бұл фирма кейін астық өсірумен айналыса бастаған. Алған алқаптарында өздерінің жасаған химиялық препараттарын тәжірибеден де өткізеді екен. Соның ішінде Қазақстанға 2017 жылдан бастап кірген. Жазуларына қарағанда 2024 жылға қарай жалпы егіс көлемін 250-300 мың жеткізуді көздеген.Фирма Қазақстанға улағыштар, гербицидтер, десиканттар, фунгицидтер, инсектицидтер, өсуді реттегіштер, дефолианттар жеткізеді екен. Анықтамалығында бұлардың бәрі де өсімдіктердің жауларын улап, қурататын заттектер. Кейбірі тіпті адам мен жан-жануарларға да қауіпті. Мысалы, десиканттар қауіпсіздік техникасын пайдаланып қолданбаса адамды да улайды. ​«Август» фирмасы өздері жасайтын болған соң оларды көп қолданады. Ал мұның экологияға қаншалықты зиян келтіретінін ешкім білмейді. Біз облыс ауылшаруашылығы басқармасының біраз қызметтеріне хабарласып едік, ешкім мәнді жауап бере алған жоқ.​Ең бастысы... ең бастысы, «Август» фирмасы бірнеше жыл химиялық препараттардың күшімен өнімді астық алар-ау, бірақ сонша химикатты бойына сіңірген жер не болады? Бірнеше жылдан кейін ол бойындағы нәрінен айрылып, қу дала болып қалмай ма? Осы сұрақтар тиісті қызметтерді алаңдатуы керек сияқты.