Қазіргі кезде қараусыз қалған балалардың тағдыры қоғамдағы өзекті мәселеге айналып отыр. Ата-ананың жан жылуын сезінбей, мейірімін көрмей өсіп жатқан балдырған көп. Бірақ қайырымды жандардың көмегімен жетімдіктің тақсіретін білмей өсіп жатқан жеткіншектер де бар.
Мәселен, Жамбыл облыстық Полиция департаментінде ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспектор болып істейтін Диляфруз Кенжеханова өзінің бес баласының үстіне ата-ана қамқорлығынсыз қалған төрт баланы қосып асырап алған екен. Әрине, бүгінде өзгенің баласын бауырына баспақ түгіл, өз баласынан безіп жатқандар да жетерлік. Бірақ Диляфруз сияқты қайырымды жандар аз да болса жетімдердің көз жасының құрғап, көңілінің өсуіне себепкер болып жүр.
«2019 жылы Тараз қаласындағы №55 мектепте білім саласына жауапты мамандармен бірге «Мектепке жол» акциясын өткіздік. Комиссияның құрамында мен де бар едім. Мектепке баратын құжаттары жоқ балалар мен азаматтық алмаған ата-аналарды сол акция кезінде көптеп жолықтырдық. Акция барысында бір қария үш рет келіп көмек сұрады. Ол кісінің бірнеше рет келгенін байқап, қандай мәселені шеше алмай жүргенін өзінен сұрап білдім. Сөйтсек, үйінде кәмелетке толмаған төрт бала бар екен. Шешелері төрт баланы бірдей қарияға тастап, өзі із-түзсіз кеткен. Оған іздеу жарияланғанымен, нәтиже болмады. Балалар мектепке баратын жасқа келгенімен, құжаттары жоқ екен. Біз қарияның көңілін жайландырып, үйіне қайтардық», дейді Диляфруз Кенжеханова. Содан кешке қарай бір топ комиссия мүшесі бейтаныс қария беріп кеткен мекенжайға барады. Балалардың нашар жағдайын көреді. «Қасымызда қамқоршылар кеңесінің өкілі жүрген. Ол дереу жеткіншектерді Балалар үйіне жөнелту керек деген шешім шығарып, тиісті акт жасады. Мұны естіген әлгі қария жылап жіберді. «Көмектесем деген уәделеріңіз қайда? Балалар үйіне тапсыруды мен білмей отыр дейсіздер ме?», деп ренжіді. Заңға сәйкес балалардың ешбір туысқаны болмағандықтан, олар мемлекеттік мекемеге берілуі керек болатын немесе асырап алатын қамқоршы табу керек еді», дейді ол. Ақыры Диляфруз Кенжеханова әлгі балаларды патронаттық тәрбиеге алуға шешім қабылдайды.
«Әлі күнге дейін олардың анасын іздеп жатырмыз. Оны табу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын. Бір жағынан бес баланың анасы ретінде бейкүнә сәбилердің тағдырына бейжай қарай алмадым. Ал екінші жағынан, бұл менің жұмысыммен тығыз байланысты шаруа еді. Сондықтан да отбасымның келісімін алған соң, балалар мен қарияны өз үйімізге көшіріп алдық. Менің де Диана деген қызым бар. Сондықтан болар, қызыммен аттас бес жасар балдырғанды тағдырдың қатал сынына қариямен бірге қалдыруға арым жібермеді. Биыл бірге тұрып жатқанымызға үш жыл болады. Жиырма жылдан бері ішкі істер саласында қызмет атқарып келемін. Жұмысым ауыр болса да, балаларды қамқорлықтан кенде қалдырған жоқпын деп ойлаймын», дейді ол.
Диляфруз Кенжеханова әуелі әріптестеріне бұл әрекеті туралы ештеңе айтпапты. Бірақ кейіннен осы бір сауапты іс туралы білген әріптестері шамаларының келгенінше көмек беріп, қолдау көрсетіпті. Тіпті демеушілер де табылып, қашықтан оқыту кезінде балаларға компьютер мен принтер сыйлапты. Бұл күнде тоғыз бала бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп жатыр. «Баланың бәрін перзентім деп қабылдайтын адамдар көп болса, елімізде жетімдер үйі де қалмайтын еді», дейді көпбалалы ана. Шынында да, қоғамда Диляфруз сияқты жүрегі мейірімге толы жандар көп болса, ешқандай бала тірі жетімдіктің тақсіретін тартпас еді...
Жамбыл облысы