• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Өнер 14 Мамыр, 2021

Ғасырларды тоғыстырған ғажайып

518 рет
көрсетілді

Өнер кеңістігі шексіз де шетсіз. Өлеңмен өрілген өмір, әнмен әрленген жылдар, бояумен түрленген тағдырлар турасында сан түрлі сөз қаузауға болады. Бірақ соның ішінде қылқалам құдіретіне бойлайтын жандар сирек. Әсіресе, кейінгі уақытта кенжелеп келе жатыр. Әйтсе де шынайы өнерге жанашыр оқырмандар қай уақытта да табылады. Оны «Ғасырлар бояуы» атты жылжымалы көрмеде анық байқадық.

Қазақ бейнелеу өнері жылдан жылға түрленіп, түлеп келе жатыр. Талай даңқты туын­дылар өмірге келіп, су­рет­ші­лердің еңбегі ептеп ба­ғалана бастады. Ұлттық музей қорына жинақталған кар­тиналарға қарап, өткен дәуір­дің қолтаң­басымен қа­тар, бүгінгі жас тол­қынның еңбегін, өзіндік көзқарасын көруге болады.

Жылжымалы көрмеге қа­тысқан қылқалам шеберлерінің еңбегі оқырманның ыстық ықы­ласына ие болды. Қазақстанның бейнелеу өнерін халықаралық платформада танымал етуді мақсат тұтқан іс-шара өзінің идеялық жоспарын толық орындады. Ғасырдан ғасырға үндескен бейнелеу өнері туын­­­дылары халықаралық ке­ңістікке жол тартып, ел мәрте­бесін көтерді. Көркемөнер кө­рініс­терін тамашалауға кел­ген кө­рер­мендер суретшілердің туындыларынан эстетикалық ләззат алып, ұйым­дастырушы­ларға алғысын жаудырды.

Жиын барысында Ұлттық музей директорының орынбасары Абай Сатыбалдин көрме туралы пікір білдіріп, жылы лебізін жеткізді.

«Жылжымалы көрме – қа­зақ бейнелеу өнерінің дамуына үлес қосатын үлкен іс-шара. Мұнда әрбір автор өзінің ең сүйікті туындыларын жолдап, оқырманға тарту етеді. Қазақ өнерінің биігіне көтерілген суретшілердің еңбегі көл-кө­сір. Оны оқырманға насихаттау бүгінде парыз. Осы мүдде жолында атқарылып жатқан іс-шараның көпшілікке берері көп», деді ол.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Халықаралық қаржы орталығы галереясындағы «Ға­­сырлар бояуы» көрмесі Қа­зақ­стан бейнелеу өнері­нің жо­ғары деңгейдегі жетістік­терін отандық және әлемдік мә­дени қауымдастыққа та­ныс­тыруға орасан зор септі­гін тигізеді. Әрі көрмеде ұсы­ныл­­ған жұмыстардың компо­зиция­лық сюжеттері бүгінгі заманауи талпыныстар мен жоғары мақ­саттарға үндес жаң­ғырық бола­тын, кеше мен бүгінді байланыс­тыратын үй­лесімде бейнеленген.

Бүгінде Қазақстан бейнелеу өнерінің негізінің қалануы мен оның даму тарихың басты төрт кезеңін атап көрсетуге болады. Барлық кезеңдерді бастан өткерген кәсіби суретшілер мек­тебінің тәжірибесі мол және зор мәдени мұраға ие екені дау­сыз. Ең қызығы, көрмеге бей­нелеу өнері мектебінің дү­ниеге келуі, қалыптасуы мен тұрақталуының алғашқы үш кезеңі, яғни XIX ғасырдың соңы – XX ғасыр 80-жылдардың басы ұсынылып отыр.

Айта кетейік, экспозицияға белгілі қылқалам шеберлері А.Дү­зелхановтың «Көктем», Нел­ли Бубенің «Архаик», Ж.Шар­­де­новтің «Безмятежные сопки», Н.Қилыбаевтың «Бесік жы­ры», М.Нұрғожинның «Шу өзені», А.Ақанаевтың «Жібек жолы», С.Смағұловтың «Менің тауым», Б.Бурдесбековтің «Ба­лықтар», Марат Бекеевтің «PlayXIV», Дәурен Қастеевтің «Кіш­­кен­тай император», Рашид Құл­баты­ровтың «Алатау баурайы», А.Есдәулетовтің «Ата­ме­кен» сынды есімі елімізге ғана емес, әлемге танымал су­рет­­­шілердің кар­тиналары ұсы­нылды.