Кәрімжан Әбдірахманов – «Достық-84» халықаралық ойындарының күміс жүлдегері, әлем кубогының командалық есептегі жеңімпазы (1985), Еуропа чемпионатының (1985) және «Ізгі ниет-86» ойындарының қола медалисі, Кеңес Одағының 2 мәрте чемпионы (1984, 1990).
Он сегізінде орда бұзған
1982 жылдың қараша айы. КСРО ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Артем Лавров аяқастынан 18 жастағы Кәрімжанды Югославиядағы ірі халықаралық турнирге апаратын болды. Бұған дейін жастар сайысына түскен Әбдірахманов үшін бұл күтпеген жағдай еді. Кәрімжан аздап толқығаны болмаса, саса қойған жоқ. Ал КСРО құрамасындағы белді боксшылар, 1982 жылғы әлем чемпиондары Юрий Александров, Александр Кошкин және Александр Ягубкин бұл хабарды естігенде «Кәрімжан әлі бала ғой. Бойы да тапал. Үлкендер оңдырмай сабайтын болды», деп Лавровтың шешіміне наразылық білдірді. Сонымен осы жылғы Дүниежүзілік чемпионатта 3 алтын, 2 күміс, 1 қола медальмен Жер шарындағы ең азулы құраманың бірінен саналған кеңестік құрама қатарына асықтай ғана Кәрімжанды қосып алып, Югославия жеріне табан тіреді.
Бойы 155 сантиметр ғана Кәрімжан қарсыласының жанында тым балғын әрі бәкене еді. Тебіндеген қара мұрты мен өзінің басына жетеқабыл қолғабы болмаса, ойын баласынан айырмашылығы шамалы. Қазақи таныммен қараған кісіге аламан бәйгеге байқамай барып қалған құла тай тәрізді. Ал Әбдірахмановты осы қалпында рингтен түсіріп алып, сегізінші сыныптың балаларына қосып жіберсең, мынау үлкен жігіт қой деп ешкім айта қоймас еді.
Қарсы бұрыштан шыққан сұңғақ сері жігіт бұған баласына қарайды. Гонг! Қарсыласының иығынан келетін қараторы баланың қос жұдырығы автоматша сартылдай жөнелді. Білегі келте, жұдырықтай бала жарты минутқа жетер-жетпес уақытта әлгінде рингке беттеген мұны менсінбей, әжуа қылған қалың жанкүйердің көңілін өзіне біржола аударып алды. Алғашқы қарсыласы бірінші раундта мұның сарт-сұрт соққысына шыдамай, есеңгірей ұтылды. Жайшылықта салқынқанды еуропалықтар төбесі төрешінің кеудесіне зорға жететін қазақ баласын шаршы алаңнан зор қошеметпен шығарып салды.
Кәрімжан бұдан кейінгі екі сақа қарсыласының жағы мен бауырын ат тепкендей солқылдата ұрып, екі жекпе-жекті де мерзімінен бұрын бітірді. Сөйтіп бір кезде мектептегі линейкада көштің ең соңында тұратын қаршадай бала енді Еуропа боксының маңдайалды серкесі болып шыға келді.
Жиырмасында қамал алған
1984 жылдың наурыз айында 19 жасында Кеңес Одағының ересектер чемпионатын тас-талқан етіп жеңіп шыққан Кәрімжан Әбдірахманов тамыз айында кеңестің олимпиялық құрамасы сапында Кубаның астанасы Гаванадағы «Достық-84» бәсекесіне аттанды. Себебі Кеңес Одағы бастаған социалистік жүйе осы жылғы Жазғы Олимпия ойындарына бойкот жариялап, «Достық-84» жарысының көрігін қыздыра бастаған. Ал капиталистік жүйе спортшылары осы жазда Лос-Анжелесте Жазғы Олимпия ойындарының жүлделерін сарапқа салды. 1984 жылдың қыстың көктемге ұласар тұсында төрт қазақ боксшысы – Кәрімжан Әбдірахманов, Серік Нұрқазов, Серік Қонақбаев және Асылбек Қилымов КСРО чемпиондары атанып, Олимпиада жолдамасына талассыз ие болған еді. Бір-біріне жаны қас екі жүйенің өзара бақастығы осы саңлақтармен бірге Олимпиада дуын аңсаған мыңдаған спортшының көңіліне қаяу салғаны анық.
Гавананың ауасы қапырық, күн болса, күйіп тұр. Жаттығу залында тер үгіп жатқан Кәрімжандардың үстіне аяқастынан Куба басшысы Фидель Кастро кіріп келді. Қасында бір топ нөкері бар. Еңсегей бойлы Фидель патша Кәрімжанның қасына келіп, тәржімашы арқылы жөн сұрады. Кәрімжан өзінің кеңес құрамасының 48 килодағы боксшысы екенін айтуы мұң екен, Кастро: «300 миллионға жуық халқы бар Кеңес Одағынан бойшаң, ірілеу жігіт табылмағандай, мына баланы әкелгендері несі», деп таңғалғанын жасырған жоқ. Фидель патша бір жапырақ Кәрімжанға мейірлене қарап, тағы бірдеңе айтты да, таудай денесімен иіле бере бетінен сүйді.
Фидель Кастро Куба мен кеңес құрамалары жаттығатын залға тағы екі-үш мәрте арнайы келді. Әр келген сайын Кәрімжанның қасына барып, әкелік мейіріммен бетінен сүйді. Бір кезде Екінші дүниежүзілік соғыстың ең мықты қолбасшысы ретінде Бауыржан Момышұлын жеке-дара атап, Баукеңді Кубаға қонаққа шақырған Фидель патша қарсы алдындағы сұңқардай ғана көкөрім жігіттің Момышұлы туған Тараз топырағынан екенін білген жоқ.
Міне, айқас сәті таяды. Кәрімжан темекі түтініне тұншыға ауыр тыныстаған зәулім сарайдың бір шетінен шыға келгенде, қалың жанкүйер ду ете қалды. Бокс десе ақыл-естен айырылуға шақ қалатын қызба кубалықтар кеңестің намысын жыртатын тәпелтек баланы көзге қораш санап, даурығыса бастарын шайқай бастады. Мұндайға еті үйрене бастаған Кәрімжан ширығып тұр. Қарсыласы – әлем және Еуропа чемпионы, 24 жастағы болгар батыры Ивайло Маринов. Рингке жан-жағынан аңтарыла, ентелей мойын созған кубалықтар ұзынша, тарамыс болгардың мына баланы дырдай ғып сабайтынына бек сенімді. Жо-жоқ, кеңес бапкерлері де бірдеңе біледі екен. Қолтоқпақтай баланың қос жұдырығы тоқтаусыз сартылдайтын автомат не пулемет дерсің. Кейінгі үш жылда жан баласынан беті қайтпаған Ивайло Кәрімжандай жігітке кезікпей жүр екен. Екі рет еріксіз есеңгіреген бойы (нокдаун) еденге сүйене орнынан зорға тұрған Мариновтың ұтылғанын мойындамасқа шарасы жоқ еді (Сол Ивайло 1988 жылы Сеул Олимпиадасында топ жарды).
Әлгінде бұған тұмсығының үстінен қараған моңғолдың да бет-аузы тегістеліп кетуінен зәредей қорыққан төрешілер бәсекені бірінші раундта доғарып тастады.
Жартылай финалда поляк Януш Старжиктің сағын сындырған Кәрімжан Әбдірахманов финалда Куба қабыланы Хуан Торреспен бетпе-бет қалды. Хуан аяқ-қолы балғадай, Кәрімжаннан әлдеқайда ірі, қолды-аяққа тұрмайтын сойқан екен. Шыға сала Кәрімжанды қолғаптың сыртынан салып-салып жіберіп еді, біздің баланың қолы қақсап қоя берді. Мына жұдырық бетке, ішке қадала тисе оңдырмайтынын тез ұққан Кәрімжан ұзынтұра Хуанның иегінің астына кіріп алып, жұдырықты сілтеді дейсің. Торрестің әлгінде ғана от шаша, жайнап тұрған екі көзі біраздан кейін қанталай ісіп, жұмылуға айналды. Он мыңдай тілеулесінің таусыла қолпаштауымен жұлқына шабынған қара батырдың қабағынан қан саулап, десі қайта бастады. ...Рефери Кәрімжанның қолын көтерген бетте зәулім сарай сілтідей тына қалды. Бірақ... дүние қас-қағымда басқа бүйіріне аунап түсті. Төреші шешімін шұғыл өзгертіп, қазылар алқасы қайта кеңесуге кірісті. Шамасы он бес минуттан кейін рингтегі қазы жанарымен жер шұқып тұрып, Торрестің қолын жоғары тартқан мезет (есеп 3:2) Кәрімжанның көзінен ыстық жас парлап қоя берді. Анау-мынауға селт ете қоймайтын республика спортының басшысы Аманша Ақбаев сонау вип-ложадан төрешілер үстеліне алқынып жетіпті. Өңі қабарып кеткен Аманша ағасы төрешілерді жағадан алмаса да, жарылып кетуге шақ тұр...
Иә, біздің жігітке обал болды. Алқалы жиындар мен бұқаралық ақпарат құралдарында адам теңдігі, әділдік туралы аянбай жырлайтын социалистік жүйенің алпауыттары, Кәрімжанның әкесіндей үлкен-үлкен адамдар ұялмай-қызармай жұдырықтай баланың талассыз жеңісін осылайша басқаға бөктеріп жіберді. Ақиқатын айтсақ, Кубадағы осы майдан нағыз Олимпиада ойындарына татитын жарыс еді. Себебі сол тұста Еуропа құрлығы мен Куба боксшылары дәуірлеп тұрды. Бір шеті Еуропаға, басым бөлігі Азияға жататын Кеңес Одағының былғары қолғап құрамасы да дүние жүзіндегі үздік команданың бірі болатын. Сондықтан Кәрімжанның бұл «күмісінің» Олимпиада медалінен бәсі төмен емес.
...Несін айтасыз, адамзат жаратылғалы қараулық пен пендешілік ізімізді басып келеді емес пе? Кәрімжан бауыр мұндай әділетсіздіктің талайын көрді. 1985 жылы Еуропа чемпионатының жартылай финалында ол неміс спортшысы Рене Брайтбартты аямай сабады. Рене осы айқастан кейін басын гипспен қаптауға мәжбүр болды. Бірақ қазылар 3:2 есебімен жеңісті Ренеге берді. Кәрімжан Еуропа чемпионатының қола медалін қанағат тұтты. Осы жылы Әлем кубогының жартылай финалында тай боксшысы Рененің кебін киді. Тағы да төрешілер Әбдірахмановтың жеңісін тартып алды. Сол жолы КСРО спорт делегациясының басшысы Николай Пархоменко Кәрімжанды құшағына қысқан бойы: «Малыш», жеңіс сенікі еді», депті іші күйіп тұрып. 1986 жылы Алматыдағы КСРО чемпионатында армян боксшысы Ншан Мунчянды көз алдымызда ұтты. Төрешілер ұзақ ақылдасып, ақыры ешкімнің қолын көтерместен екі боксшыны рингтен түсіріп жіберді. Ертеңіне ғана Мунчян «жеңді» деп хабарлады...
Міне, қадірлі оқырман, Олимпия ойындары мен дүниежүзілік чемпионаттың алтын медаліне әбден лайық біздің Кәрімжан достың бокс майданындағы кейбір қым-қиғаш сәттері ақ қағаз бетінде осылай айшықталды. Иә, «жазмыштан озмыш жоқ».
Қыдырбек РЫСБЕК,
спорт журналисі