Рухты жырлары, терең зерттеулерімен әлемді мойындатқан айтулы тұлға, Қазақстанның халық жазушысы, ақын, лингвист-зерттеуші, түрколог, дипломат, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің 85 жасқа толған мерейтойына орай ЮНЕСКО қамқорлығындағы Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығы және Алматы қаласы әкімдігінің ұйытқы болуымен халықаралық конференция өтті. «Танып-біліп өзімізді өзгеден, біз көшеміз өзімізге бет алып: Олжас және мәдениеттерді жақындастыру» деп аталған келелі басқосуға қабырғалы қаламгердің азаматтық қыры мен шығармашылық сыры кеңінен арқау болды.
Жиын шымылдығын ашқан Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет Олжас шығармашылығы хақында ой тербеп, елші болған кезінде елмен-елді, ал кемеліне келген шағында әлем мәдениетін жақындастырып жүрген тұлғаның ерен еңбегі жайында баяндады. «Олжас Сүлейменов елінің отарсыздандыру қолымен жасырылған, өшірілген тарихына жүгініп қана қоймай, қатарластарының көкірегін оятып, «Біз кімбіз, қайда барамыз?» деген сұраққа бірге жауап іздеді. Көшпелі өркениет пен мәдени мұраға қалдырған ізгілік мектебін қалыптастырды» деген одақ төрағасы қайраткердің өмір белестері мен өнегелі жолы қай кезде де ұрпаққа үлгі бола беретінін айтты.
Ақынның әлем назарын аударған «Аз и Я» еңбегінің жазылғанына қырық жылдан асса да лингвистер, тарихшылар мен саясаткерлер осы еңбек жайлы әлі күнге пікір таластырып келеді. Тіл тарихын зерттеген жазушы-ғалымның «Мың бір сөз» тағы да басқа көптеген еңбегі бүгінде еліміздің ғана емес әлемдік мұралар тізімінен орын алар туындылар екендігіне талас жоқ. Ақынның «Невада-Семей» қозғалысының құрылуына мұрындық болып, қаншама жанға қасірет шектірген полигонның жабылуына зор үлес қосуы тарихи ерлік. Қайраткердің елдің саяси өміріне етене араласа жүріп, тарих пен танымға, бабалар жолын зерттеуге арнаған қолтаңбалары да аз емес.
Олжас Омарұлын мерейлі межесімен онлайн форматта құттықтаған Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов ведомство басшысы Ақтоты Райымқұлованың ыстық лебізін жеткізді. Құттықтауда ақынның шығармашылығы мен қайраткерлігі хақында айтылып, адамзат дамуына қосқан үлесі кеңінен сөз етілді. «Олжас Сүлейменовтің поэзиясы – әдебиеттің ғажайып феномені. Жазушы, сыншы Асқар Сүлейменов айтқандай, оның буындары қазақ жерінің ерке самалынан демалып, Махамбет пен Құрманғазы күйінің поэтикалық ырғағын көрсетеді. Олжас Сүлейменов қазақ халқының сан ғасырлық тарихын мұңы мен қуанышын өз өлеңіне арқау ете отырып, адамзат руханиятының дамуына зор үлес қосты» делінген құттықтауда.
Ақынды мерейтойымен құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірген Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев қазақ халқының, түркі әлемінің мақтанышына айналған тұлғаның өлеңдері арқылы әлемдік руханият ауқымын қамтып, халықаралық мінберлерде адамзатқа ортақ мәселелерді көтергендігін, қоғамдағы күрмеуі қиын істерге бейжай қарамай, ұлт мүддесіне қызмет етудегі батыл қадамдары жайында ой толғады. «Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуінде Францияның экс-президенті Жак Ширак сіздің өлеңіңізді оқып, қазақ халқына айрықша құрмет көрсеткені есімізде. Сексеннің бел ортасына шығып, азаматтық ажары айқын, қайраткерлік келбеті келіскен толымды тұлғаға айналғаныңыз үшін мың алғыс айтамыз» деп атап өтіп, әлем азаматы деңгейіне көтерілген ақынның рухты жырлары бүгінде миллиондаған оқырманның жүрегіне жол тапқандығына тоқталды.
Олжас Омарұлының мерейтойы ҚазҰУ қалашығында халықаралық турнирмен басталса, ендігі кезекте ақын құрметіне орай аудитория және мұражай бұрышы ашылатын болады.
Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есполов аталған оқу орны студенттерінің Олжас Сүлейменовпен кездесуі ерекше серпін беріп, рух сыйлайды деп атап өтті. Бүгінде университет қабырғасында өтетін дәстүрлі кездесулермен қатар ұйымдастырылып тұратын волейбол турнирінің маңызы бір бөлек. Ал ақын есімімен аталатын әлеуметтік білім институты, «Таза планета» ғылыми-танымдық орталығының студенттер үшін маңызы ерекше. Олжас Омарұлының ауыл балалары оқитын университетке ықыласы ерекше. Өйткені қазақ халқының мәдени болмысы, салты мен дәстүрінің қайнары ауылдарымызда. Сондықтан да жылдар бойы ел экономикасының күретамырына айналған ауыл балаларымен кездесудің өзіндік маңызы бар. Бүгінде «Достық» студенттер ассамблеясы, «Жас ақындар» мектебінде мәдени-рухани бағыттағы мазмұнды кездесулер ұйымдастырылып тұрады.
Алматы әкімдігі атынан құттықтау лебізін білдірген Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев өнегелі өмір иесінің шығармашылығына тоқталды. Сөз орайы келгенде қалалық әкімдік тарапынан ақын мерейтойына және «Адамға табын, Жер, енді» поэмасының жазылғанына 60 жыл толуына орай «Күнтізбе-күнделік» жарық көргенін атай кеткен жөн. Мерейтойлық басылымда ұлы ақынға құрмет ретінде өлеңдерінен үзінділер мен дәйексөздер берілген. Ал жиында сөз алған техника ғылымдарының докторы, профессор Ғалымқайыр Мұтанов мерейтой иесін құттықтай келе, ақын қолтаңбасының ерекшелігі мен тереңдігі хақында ой қозғады.
Әрі қарай конференция жеке сессиялар бойынша жалғасын тапты. Алғашқы сессияның жұмысын ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақытжан Қанапиянов жүргізді. Конференцияда филология ғылымдарының докторы, профессор, Төтенше және өкілетті елші Мырзатай Жолдасбеков, Ресей Халықтар достығы университетінің бірінші проректоры, профессор Нұр Қирабаев, Иранның парсы тілі мен әдебиеті академиясының академигі, профессор Сафар Абдулло, ЮНЕСКО Мәдениеттерді жақындастыру орталығының ғылыми қызметкері Игорь Крупко қатарлы ғалымдар баяндама жасады.
АЛМАТЫ