• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 18 Мамыр, 2021

Ұлы мұрат ұстыны

465 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылдың 17 қаңтар күнгі халыққа Жолдауында: «Мен еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа саяси бағдарын жа­рия еттім. Басты мақсат – Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қо­сыл­уы. Ол – «Мәңгілік Қазақстан» жобасы, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті» деуі, сөз жоқ бола­шақ­тағы мемлекеттік ресми идеология, яғни «Мәңгілік Ел» идеясының жарияла­­нуы болатын.

Елбасы ұсынып отырған «Мәңгілік Ел» идеясын: ғасырлар тоғысында, ірі державалар арасында бәсекеге төтеп беріп, өзіндік қорғаныс саясатын ұстану деп түсінуге болады. Сонымен қатар қазақ халқының ғасырлар бойы армандаған мақсаты, тәуелсіздік жолындағы жанқиярлық әрекеттерін «Мәңгілік Ел» идео­ло­гиялық ұғымына сіңіру арқылы ұлттық біре­гейлікті қалыптастырудың алғышарты қалан­ды деуге де болады.

Мәңгілік Ел – жалпықазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Баба­ла­ры­мыздың арманы. Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың бастамасымен елордада асқақ рухымыз бен мәңгілік мұратымызды паш етіп тұрған «Мәңгілік Ел» салтанат қақпа­сының салынуы – атал­ған идеяның мемлекеттік идеологияға ай­нал­ған­дығының бір дәлелі.

«Мәңгілік Ел» ұғымының тарихы мен тамыры терең және этимологиялық атау тұрғысынан үлкен мағыналық мәні бар. Бұл сөз айқын­даушы лексикологиялық мәні жөнінен «Тәңір», «Құдай» сөздерімен мағыналас. Яғни «Мәң­гі­лік Ел» ұлттық идеясының негізгі мәні – мәңгілік мақсат-мұраттарымыз бен мәдени-ру­ха­ни құндылықтарымызға негізделген, мемлекет құраушы қазақ халқы мен өзге де этностардың ұлттық идеяларын бір арнаға тоғыстыратын ұстын екендігінде. Ал осындай ұлттық ұстын-идеяға негіз болып отырған – бабаларымыздың көзі, тарихымыздың өзегі – көне түркі жазба ескерткіштері екені анық.

Осыдан 20 жылдың алдында, ел тәуел­сіз­дігіне 10 жыл толған мерейлі мереке қар­саңында Күлтегіннің көк тасы Ұлы дала төсіне оралды. Аталған жәдігер жайлы дүниежүзілік түрколог ғалымдар бір ауыздан, мұндағы ескерткіш таңба Мәңгі тасқа ойып бәдізделген ежелгі түркілердің ғұмырлық арман-мұраты һәм болашақ ұрпағына қалдырған өшпес өсиеті іспеттес деп қарайды. Қазіргі тілмен айтсақ, ежелгі бабаларымыздың ел бірлігі мен ұлыс тұтастығы жолында ұстанған бұлжымас, айнымас саяси идеологиялық ұстыны.

Мысалы, ежелгі Орхон жазбаларындағы: «Өтукен йыш олурсар, Беңгу ел тута олуртачы сен» («Өтукен қойнауында отырсаң, Мәңгі елдігіңді сақтайсың») немесе «Неңнің сабымерсер, Беңгү ташқа уртым» («Барлық сөзімді айтар, Мәңгі тасқа бастым») деген жолдар (Мырзатай Жолдасбековтің аудармасы) сонау алыс ғасырдан күңіреніп жеткен көк түркілердің үні екені анық.

Яғни біз бүгінгі ұрпақ жоғарыдағы жазба мәтіннен Мәңгі тасқа басылған Мәңгілік Ел идеясын ата-бабаларымыз бұдан XIII ғасыр бұрын ұстанғанын көреміз. «Түрк жұртының данагөйі, үш бірдей қағанның кеңесшісі болған Тоныкөк абыз екінші Түрк қағанатын құрғаннан кейін «Мәңгілік Ел» идеясын қолға алды. Бұл идеялық ұстынның негізгі бағыты – елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін геосаяси және ішкі, сыртқы қорғаныс шеңберін жасап, мәңгілік ел саясатын іске асыруға ба­ғыт­­талды. Осы идея, сол мұрат бүгінгі қазақ елі­н­ің бас ұранына айналып отыр. Көне түркі­лер­дің «Мәңгілік Ел» идеясы үш негізден тұрады: оның біріншісі – көне түркі жазба ескерткіштеріндегі «Мәңгілік Ел» идеясы, екіншісі – Әл-Фарабидің «Қайырымды қала» философиясы, үшіншісі – Жүсіп Баласағұнның «Құтты Білік» дастаны» дейді ғалымдар («MANGI EL» журналы. № 9, 2013. –108 бет).

Тоныкөк ескерткішінде мемлекеттің тұ­рақ­ты болуы үшін билікті ұстап отырған қаған мен ақылгөй дана бірауыздылығы, сөз бен істің ажырамауы, елдің тұтастығы үшін ынтымақтың, барлық күштердің ұйытқысы болу қажеттігі түп нысана ретінде айтылады. Сонымен қатар бұл жерде «Мәңгілік Ел» ұғымы, тәуелсіздік рухы, азаттық идеясы бір-бірімен үндесіп тұр.

Демек бүгінгі түркі ұрпағы үшін ежелгі идеологиялық ұстын «Мәңгілік Ел» идеясын жаңғырту – заман талабы. Өйткені адамзат тарихын түркілік мәдениетсіз, түркілік санасыз, түркілік тарихсыз елестету мүмкін емес. Бірнеше жылдың алдында Анкара қа­ла­сында өткен ғаламдық түркітанушылар бас­қосуында алтай-түрктанушы Беликов «Ке­шік­пей Мая күнтізбесінің есебі бойынша әлем халықтарының тұтас бір кезеңі аяқталып, түркі жұртының қайта дәуірлеуі басталды» дегеніндей, көк түркінің бір бұтағы – қазақ пассионарлығының ояну үдерісі, елорда төріне орныққан Мәңгі тас – Күлтегін ескерткіші не­гізінде қалануы – уақыт талабы, замана сұ­ранысы.