Біздің ата-бабамыз ғасырлар бойы Тәуелібай елін жайлаған. Қазақтар мыңғыртып мал өсірген Қызылқұмның ығында сол жердің қазығындай болып, Әйтеке бидің де сүйегі жатыр. Бұл жерлерде біз ес білгелі ешқандай өзбек бейіті де болған емес. Кеңес одағы құрамында болған Өзбекстанды мекендеген қазақтар өзбек ағайындардан ешқандай шетқақпай көрген жоқ. Олар өз бауырымыздай болғанын айтпасақ, сөздің атасы өледі. Науаи облысының Тамды, Үшқұдық, Кенимех, Нұрата аудандарын және Зарафшан қаласын жайлаған қазақтың қаймағы бұзылған жоқ. Осы елді мекендердің барлығында да қазақ мектептері болды. Облыс орталығы Науаи қаласындағы педагогика институтында қазақ тілі кафедрасы бүгінге дейін білім беріп келеді.
Жылқы мінезді халықпыз ғой, бәрібір атажұртты аңсай бердік. Ұлттық намыстың бойда ойнап, өз үйіріне тартатынын Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін атажұртқа көш басын бұрған жастарымыз көрсетті. Қазақтың «Қартайған түйе ботасының соңынан ереді» дегені рас екен. Сонымен, кіндік қанымыз тамған, бүкіл балалық, жастық шақтарымыз өткен, қызмет істеген Өзбекстандағы Тәуелібай елімен қоштасып, Қостанай облысындағы Рудный қаласына өзімнің отбасыммен (3 адам) және үлкен ұлым – Мақсат өзінің отбасымен (4 адам) бірге 2014 жылы 5 мамырда келіп, қоныс тептік.
Атажұртқа келген соң, сергелдеңге түсемін деген ой әсте болған жоқ. Елбасының сындарлы саясатымен алыс-жақын шет елдердегі қазақтардың атамекенге оралуына мүмкіндік жасау үшін қабылданған бағдарлама Өзбекстандағы қазақтардың көшіне де дем берген еді. Біздің атажұртқа көшіп келуімізге құқықтық негіз болған Қазақстанның «Халықтың көші-қоны туралы» заңы болатын. Көшіп-қону айтуға оңай болғанымен, бір елден екінші елге қоныс аудару үшін материалдық қаражат талап етілетіні белгілі. Сол үшін көші-қон заңнамасына сәйкес, Қазақстан Үкіметі тарапынан өңірлік қоныстану квотасына енгендерге және олардың отбасы мүшелеріне тұрақты тұрғылықты жеріне жету және мүлкін тасымалдау шығындарын өтеуді қамтитын қаражаттарын төлеу және қандас отбасы мүшелеріне бір жолғы жәрдемақы төлеуі тиіс-ті. Бірақ бұл жеңілдіктерге тұрақты тұруға көшіп келген қазақтар қандас мәртебесін алғаннан кейін қол жеткізетіні көрсетілген еді. Аталған заңға сай сол кездері уақытша тіркеуде бір ай, тұрақты тіркеуге екі ай уақыт кететіні бекітілген. Ал ықтиярхатты куәландырғанша тағы 45 күн белгіленген, осы мерзімдерден соң ықтияр хатты алғаннан соң қандас мәртебесі берілетін еді.
Ықтиярхат және қандас мәртебесін алғаннан соң, біз Қостанай облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасындағы Көші-қон бөліміне бірнеше мәрте жүгініп, қандастарға заңда көрсетілген жеңілдіктерді төлеуін өтіндік. Бірақ жергілікті атқару органы әлеуметтік жәрдемақылар үшін әлі қаржы бөлінбегенін, республика бюджетінен қаржы түскен жағдайда, бізге өздері хабарлайтынын айтып, шығарып салды. Сонымен, жаңа ортада күйбең тіршілігіміз басталып кетті. Балаларымыз Өзбекстанда алған мамандықтары бойынша жұмысқа тұру үшін Рудный қаласындағы еліміздің бас өндіріс орны – Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігіне жүгінгенде, олар ықтиярхатпен жұмысқа қабылдамайтындығын, жұмысқа тұру үшін Қазақстан азаматы болу шарт екендігін айтты. Қалада жұмыссыз отыра берудің қаншалықты қиын екенін айтып жатудың өзі артық. Сондықтан жұмысқа тұру үшін өндіріс орнындағы талапты ескеріп, біз Қазақстан Республикасы азаматтығын қабылдауға қажетті құжаттарды тапсырдық. Азаматтық алған соң, Қостанай облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы көші-қон бөлімінің мамандары «енді бізден квота сұрамаңыздар, себебі сіздер Қазақстан азаматы болдыңыздар, заң бойынша сіздерге енді ешқандай жеңілдіктер көрсетілмейді», деп мәлімдеді.
Атажұртқа келе сала осындай кереғарлық пен қиындыққа тап болдық. Қандастар үшін заңды түрде бекітілген жеңілдіктен құралақан қалып, бір тиын да ала алмадық. Бұл – бір.
Тарихи Отанымда мені жеке өз басыма қатысты тағы бір сынақ күтіп тұр екен. Мен бұрын КСРО Ішкі істер министрлігі және Өзбекстан Республикасы Ішкі істер министрлігінде 25 жылдан аса қызмет етіп, сол елдің арнайы заңнамаларына сәйкес еңбек сіңірген жылдарым бойынша 2000 жылы зейнеткерлікке шығып, Өзбекстан Республикасы Ішкі істер министрлігі тағайындаған зейнетақыны алып келдім. Көш басталған алғашқы жылдары Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі қандастар арасындағы бұрынғы Өзбекстанның ішкі істер саласынан зейнеткерлікке шығып, атажұртқа қоныс аударғандарға зейнетақыларын ешқандай кедергісіз төледі. Оған 24.12.1993 жылы Ашхабад қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше 11 елдің Президенттері қол қойған «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің ішкі істер органдары қызметкерлерін зейнетақымен қамтамасыз ету және мемлекеттік сақтандыру тәртібі туралы Келісім» құқықтық негіз болып саналды.
Ал 2011 жылдан бастап, бұрынғы Ішкі істер министрі Серік Баймағанбетов жоғарыда көрсетілген халықаралық Келісім шарттарын бұрмалап, «ҚР ІІМ 22.10.2010 жылғы шығарымы №12/3-1434 қызметтік пайдалану үшін» деген құпиялық белгімен заңсыз нұсқауға қол қойып, сол арқылы Қазақстан Ішкі істер министрлігі тарихи Отанына оралған бұрынғы ішкі істер қызметкерлеріне Өзбекстанда тағайындалған зейнетақылары Қазақстан Республикасының заңнамаларына сай емес деген уәж келтіріп, төленбесін деп барлық облыстық ішкі істер департаменттерінің зейнетақымен қамтамасыз ету бөлімдеріне нұсқау берген.
Қазақстанның Ішкі істер министрлігі осындай жолмен маған Өзбекстанда заңды түрде тағайындалған зейнетақымды төлеуден бас тартып, менің әлеуметтік құқығымды және халықаралық келісім талаптарын өрескел бұзған еді. Бірақ менің бұзылған құқығым Қостанай облысы Рудный қалалық сотының 2014 жыл 23 желтоқсандағы шешімімен қалпына келтіріліп, сот ІІМ-ін жол берілген қателікті жоюға міндеттеді. Ішкі істер министрлігі бірінші сатыдағы соттың шешімімен келіспей, апелляциялық және кассациялық шағым берді, алайда Қостанай облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2015 жылғы 4 ақпандағы қаулысымен және Қостанай облыстық сотының кассациялық сот алқасының 2015 жылғы 24 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі заңды деп танылып, өзгеріссіз қалдырылды.
Бірақ сот актілерінің заңды күшіне енгеніне 1 жыл 6 ай өтіп кеткеніне қарамастан, Қазақстан Жоғарғы Соты ҚР АІЖК-ның 436-бап талаптарын бұзып, шағымдану мерзімін заңсыз қалпына келтіріп, 2016 жылдың 25 мамырдағы қаулысымен Рудный қалалық сотының 2014 жылғы 23 желтоқсандағы шешімін және Қостанай облысы апелляциялық және де Қостанай облысы кассациялық сот алқаларының қаулыларын өзгертіп, Ішкі істер министрлігінің өтінішін қанағаттандырды.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының заңды күшіне енген сот шешімінің күшін жоюға ТМД Экономикалық Сотының 2015 жылғы 26 қарашадағы шешімі негіз болды. Ол бойынша зейнеткерлерге, яғни ішкі істер органдарының бұрынғы қызметкерлеріне, егер жаңа тұрақты тұратын мемлекетте оларға, осы мемлекеттің заңнамасында көзделген осындай зейнетақыны тағайындау шарттарын сақтамауына байланысты, еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлеуден бас тартылса (қызметте болудың шекті жасына қол жеткізілмесе немесе еңбек сіңірген жылдары жеткіліксіз болса), еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлеуді, олардың бұрынғы тұрғылықты жеріндегі мемлекет жүзеге асыратыны айтылған болатын.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының бұл қаулысы да заңсыз болып есептеледі, өйткені Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 20 наурыздағы №2 Нормативтік қаулысында, «Соттардың азаматтық іс жүргізу заңнамасының кейбір нормаларын қолдануы туралы» қаулысының 30-тармағында (2016 жылғы 20 мамырдағы №3 өзгерістерімен бірге) былай делінген: «қадағалау сатысындағы соттың, бірінші немесе апелляциялық сатыдағы соттарда зерттелмеген, тарап ұсынған дәлелдемелердің негізінде, заңды күшіне енген сот актісін өзгертуге немесе жоюға құқығы жоқ деп көрсетілген. Егер тиісті негіздер болған жағдайларда, мұндай сот актісі жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қаралуы көзделген».
Заңды тағайындалған зейнетақыма қол жеткізу мақсатында мен Өзбекстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне де жүгіндім. Бірақ ол елдің заңнамаларына сәйкес, Өзбекстан Республикасының аумағында тұрақты тұруға рұқсаты бар немесе шетел азаматының ықтиярхаты болған жағдайда зейнетақы төленетіні жөнінде жауап алдым. Сонда заңды тағайындалған зейнетақыма қол жеткізу үшін Өзбекстанға қайта көшіп кетуім керек пе?!
Қай мемлекетте болса да ішкі істер органдарының қызметкерлеріне қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмысты болдырмау және олардың алдын алу жүктелетіні белгілі. Осы саладан зейнеткерлікке шығып, бүгінгі күні атамекенге қоныс аударып, сол еңбегімнің зейнетін көре алмай отырғаным жаныма батады. Атажұртты құтты қоныс етеміз, қазақтың қарасын көбейтеміз дегенде заңды тағайындалған зейнетақымнан айырылып, өкініп жүргенімді жасырмаймын. Әлеуметтік құқығымды қорғаймын деп бармаған жерім, баспаған тауым қалмады.
Атажұртқа оралып, зейнеткерліктің бейнетін кешіп жүрген мен жалғыз емеспін. Қазақстанның әр шалғайында менің күйімді кешкен жандар бар. Біздің жағдайымызды естіп-біліп, атамекенге оралуға тәуекел жасай алмай отырған Өзбекстандағы ұлты қазақ әріптестеріміз Қазақстанның Ішкі істер министрлігінің мұндай әділетсіздік пен заңсыздыққа барып отырғанына наразы. Өйткені Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамтамасыз ету заңнамасына сәйкес кәрілікке байланысты берілетін зейнетақы төлемдеріне қол жеткізу үшін 63 жасқа толуды күтуіміз қаншалықты әділетті, қаншалықты заңды?!
Талғат АХМЕТОВ
Рудный қаласының тұрғыны