Ashyq қосымшасы мемлекет меншігіне өтті. Енді оның мүліктік құқығы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне тиесілі.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысовтың айтуынша, 24 мамырдағы жағдай бойынша Ashyq жүйесіне 1,7 млн пайдаланушы тіркелген. Бұл ретте 2 631 «қызыл» және 2 074 «сары» мәртебесі бар қазақстандық анықталған.
– Соңғы күндері жүйеде болған ақаулар мен техникалық проблемалар үшін командамен бірге халықтан кешірім сұрағым келеді. Неге бұлай болды? Бұған дейін айтып өткенімдей, Ashyq жүйесі мемлекет меншігіне өтті. Біз мүліктік құқықтарды қабылдап алдық. Сондықтан соңғы күндері толық сүйемелдеуге көшу және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ операторына бейімделу процесі жүрді. Енді техникалық ақауларды біздің ұлттық оператор қадағалайтын болады, – деді вице-министр.
Яғни бұдан былай жүйені техникалық мамандар сүйемелдеп, толықтай басқарады. Сонымен қатар мобильді қосымша үнемі жаңартылып отырмақ. 18 мамырдан бастап Android платформасында жаңа нұсқасы іске қосылды. Онда QR-кодты сканерлемей-ақ мәртебені тексеруге мүмкіндік бар.
– Бөгде адамның жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) енгізу мүмкіндігін болдырмас үшін Ashyq қосымшасы мобильді азаматтар базасымен біріктірілді. Қазір салыстыру жүргізілуде. Сондай-ақ вакциналау паспорты қызметімен де біріктіру жұмысы жалғасуда. Азаматтар бір қосымшаға тәуелді болмас үшін AITU қосымшасында балама бар. Сервис басқа да танымал мобильді қосымшалар мен сайттарда қолжетімді болуы үшін екінші деңгейлі банктермен келіссөздер жүргізілуде, – деді Ә.Тұрысов.
Ashyq қосымшасы Нұр-Сұлтан және Алматы әуежайларында жақсы жұмыс істеп тұр. Кезек жоқ, дүрбелең де білінбейді. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдерінен құрылған тексеру тобы осындай баға беріп отыр.
– Жексенбі күні «Астана аренада» футболдан ел чемпионатының орталық кездесуі өтті. Бұл – карантиннен кейінгі алғашқы ауқымды спорттық шара. Бір стадионға 6 мың адам жиналды. Олардың барлығы 2 сағаттың ішінде қосымша арқылы ішке енді. Бір «сары» мәртебесі бар келуші анықталды. Барлығы ойдағыдай өтті. Уақыт өте келе, осы тәжірибені басқа ареналарда да қолдана аламыз және тіпті келушілер санын 30 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік бар, – дейді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева.
Оның пікірінше, бас мемлекеттік дәрігердің жаңа қаулысындағы талаптар аймақтық талаптарға сәйкес келеді. Сондықтан бизнеске Ashyq-пен жұмыс істеу әлдеқайда жеңіл. Қаулы шеңберінде жобаға кесте бойынша Шымкент, Түркістан, Ақтау, Қостанай әуежайлары, лотерея клубтарының жұмысы енгізілді (олар 2020 жылғы наурыздан бастап жұмыс істемеген). Бұдан бөлек, бильярд, боулинг және компьютерлік клубтардың жұмысы түнгі сағат 2-ге дейін ұзартылды.
Денсаулық сақтау министрлігі электрондық денсаулық сақтауды дамыту департаментінің директоры Бейбіт Есенбаевтың айтуынша, Ashyq жобасы вирус жұқтырған немесе науқаспен байланыста болған адамдардың қоғамдық орындарға бару мүмкіндігін шектеп, азаматтарға індет жұқтыруды барынша азайта отырып, шағын және орта бизнестің жұмысын қалпына келтіруге мүмкіндік берді.
– Өткен демалыс күндері еліміздің екі әуежайында ПТР нәтижесі оң (қызыл) нәтижені көрсеткен 14 адам және науқаспен байланыста болған (сары) 32 адам анықталды. Жоба іске қосылған сәттен бастап (12 сәуір) 2 631 «қызыл» келуші және 2 074 байланыста болған тұлға тіркелді. Бір науқас 4-6 адамға ауру жұқтыруы мүмкін. Осылайша, Ashyq жобасын енгізу 10 мыңға дейін адамды індетті жұқтырудан қорғап қалды, – дейді Б.Есенбаев.
Айтпақшы, 1 шілдеге дейін Ashyq мобильді қосымшасын «Вакциналау» модулімен біріктіру жоспарланып отыр. Індетке қарсы вакцинаның екі компонентін салдырған азаматтар оған кедергісіз өтетін болады.