• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Таным 25 Мамыр, 2021

Қыздарбек күйші

1334 рет
көрсетілді

Жер аяғы кеңіп, маужыраған жаз шыға, қыстың қаһарлы қыс­пағында бұйығып жатқан көп елдің аралас-құраласы артып, жөн-жоралғының молайған шағы бола­тын.

Иісі Кәрсөнде Бегалыдан ас­қан бай жоқ еді. Бүгін соның баласы Сыздықтың тойы еді.

Төрге тілеулес болып жүрген Қыздарбек жайғасқан. Оң жақта отыр­ған ақсұр қызбен күні бойы іргесі бөлінген жоқ. Көрер көз­ге ықылас-пейілін танытып, құр­метпен қарайды. Қыз балаға тән арзан қылық емес, пайымы терең­деу мінез. Бір қаға берісте: «Мен сіздің өнеріңіздің құлымын. Менде басқа ой жоқ. Уәделесіп қойған жігітім бар. Соны осы ауылдың байы қалаға ертіп ке­тіп­ті. Қолұшын бергеніңізді қа­лаймын» деді.

Бұлар түн қараңғысымен аттанып еді. Қазіргі шақтағы түн­нің қоңыржай, салқын лебі ұзақ жүрістен еті қызған аттардың бе­лін көтеріп, өнімді жүріспен біраз жерді қусырып тастаған. Қу­ғын­шыларға алаңдап, уайым торлаған қыз бен жігіт күні бойы жор­тып, көдесі ұйыса біткен бір сайға бекінген.

Ер-тоқымын жастанған қыз да, тұсаулы аттарын қайта-қайта байқастаған Қыздарбек те түнді тыныштықпен өткізді. Таңғы жусауға іліккен аттар аяғын кезек суытып, мүлгіген тұста жігіттің көзі ілініп кетіпті. Оянса, күн шық­­қан. Биік басына шығып, қыз қа­рауыл қарап отыр екен.

Арттан қою шаң көрінді. Ілесе жеткен қуғыншыны ат бауырына құлай бере, қамшымен тартып өткен. Сөйткенше болған жоқ дәл сілтенген тұзақ өзін де ат үстінен жұлып түсті. «Мылжа-мылжасын шығар» деп тағы біреуі сойылын төндіре бергенде Қыз­дарбектің күйшілік өнеріне қанық біреуі дойыр қамшымен сілейте қырынан соғып өтті.

«Тарт қолыңды! Немене, атаң қыз­ға қырындайтын жігіт бол­мап­ па еді? Осы тұрған бәрің бұл жігіттің күйсандық көкі­регі тү­­гіл, тырнағына татисыңдар ма? Айдалада итжемеге қал­­­ды­ра­­ты­ның бұл емес сенің. Танып алың­­дар, таныңдар да табы­ның­дар!».

Ат басын елге бұруға жүзі шы­дамады. Не деп барады? Жі­гіттің жігіттен бәсі артықтығы – бі­ліктілігінде. Өнерпазбын деп өрекпіген жері жоқ еді. Сауға сұ­раған жас түлеудің көңілін таппай, шарасыздық танытқанына ғана өкінеді. Ат басын елге бұр­май, беті ауған жаққа жүріп кеткен.

Қыздарбек ұзын аққан Сары­суды жағалап, ұзақ жортты. Да­мылдап, аяқ суытар елді мекен ұшыраспады. Ақыры бір ауыл­­дың қарасы көрінген. Қазақ жұр­тының жағадан алып, жөн сұрас­пайтынын жақсы біледі. Ізін аң­дып, құрық сүйреткен ұры емес­ін, өнер іздеп, ел мен жерді көріп, сырына қанығуды мұрат еткен жас екенін аңғарған үй иелері де Қыз­дарбекке көңіл хошын біл­ді­ріп, төрін босатқан.

Шайға қанып, бабына келген Қыздарбектің ілулі тұрған үкілі домбыраға аңсары ауған. Дом­быра көмейінен құмыға шыққан қоңыр әуен текірек қақ­пай, дүбірлі жүйріктің аяқ алысындай сырғи жөнелген. Бір сәтке жалғыз шекті еркіне жіберіп, сызылтып алды да, пернеге қадалған саусағы қоңыр әуенді тербеп, бебеулей сарнап, дірілдеп тұрып алды.

Күні бойғы көрген жол азабынан ада болып, сиқырлы дыбыс болып төгілген күй әсері баураған сайын денесі қызған тұлпардай Қыздарбек те бусанып, рахат сезімге бөленген.

Атақты шешен, дуалы ауыз Тойымбек қария жөн сұрасқан.

– Қай баласың, қарағым?

– Төребайдың Қыздарбегімін. Кәрсөнмін.

Бұрынғының адамдары күй­ді ерекше қастерлеген. «Паһ, шір­кін! Ішімізді бір ақтарып таста­ды-ау! Әбден ішқұса болып кетіп едік».

Сыртта иттің ұлығаны емес, адамша ыңырсығаны естілді. Жи­нал­ған жұрт: «Апырай-ай, күй сарыны ит екеш иттің де санасына жеткенін қарашы! Адамша күңі­реніп, ыңырсуын!».

Ертеңіне жұрт жиналып, Қыз­дар­бектің өнерін қызықтауға келген. Тойымбек қария: «Халайық,­ бүгінгі күй тартыс бөлекше бол­ғалы тұр. Қыздарбек те үкілі дом­быраның иесін бір көруге асық екен. Олай болса Еркешім мен Қыздарбектің күй жарысына кезек берейік», деді.

Қыздарбек: «Кешеден бері домбыраның иесін білмей, ие­лік етіп­пін. Бүгін жолымды қарын­дасқа бердім», деді.

Қыз сұқ саусағымен шекті аялай сипап өтіп, қоңыр әуен шы­ғарды да, шынашағымен іле тар­тып, жорғалата жөнелді. Ә дегенде Қыздарбек күй сарынына бойлай алмай қалды. Әйтеуір бір таныс әуен тәрізді. Иә, кеше осы үйде тартып, кейін ұшығына жете алмай қалған мақамы. Қандай зеректік! Қалай ғана есіне сақтап қалған?! Күй өнерінің сайысы бойынша, бір-бір күйден асырмай, кезек жарысқан қыз бен жігіт өнер таластыра берген. Өзі білетін біраз күйдің басын қайырып тас­таған. Еркештің қалысар түрі жоқ. Қыздарбек сасайын деді.

Содан «Уа, пірім!» деп ұстазы Итаяқ­тың құпия қалтарысы көп, сансыз тармақты «Он екі тар­мақ» зарына басқан. Қатпары қа­лың, мың бұралған күй жаралы жүректерді тілгілеп, аһ ұра өкіндірді. Бірде көк мұнар арманды аңсаса, бірде өлшеулі өмірдің өкінішке толы баянсыздығын алға тосады.

Бір кезде сорғалап барып күй де аяқталды. Тойекең ақсақалдың жа­нарына жас кілкіді. Кезегі келген қыз домбырасын іргеге сүйеп, үнсіз ғана тағзым еткен.

Қыздарбектің көзі ілінгені сол еді, бетін ыстық дем шарпыды. Содан соң маңдайына біреудің алақаны тиді. Денесі тітіркеніп, көзін ашып еді, кеудесіне төгіліп жатқан бұрымды көрді. Өзіне төніп тұрған ақ-қарасы айқын нұр­лы жанарымен табысып, арбалып қалды. Құлағындағы сырғасы дірілдеп, күнәсіз жымиды. Түс көріп жатырмын ба деп ойлаған. Кірпіктерін жасқана жұмды. Көзін, бетін сипады. Жұмыр иегі діріл­деп, қасын еркелене қағып, жұм­сақ үн қатқан: «Кешіріңіз, шарасыз жанның құр далбасасы ғой. Ешбір жанға селт етпеген көңі­лімді еліктей елеңдетіп кет­тіңіз. Қыз ғұмыры қысқа, қай­та айналып келер ме екен осы күнім?!».

Арада он жыл өткен. Қыз­дар­бек осы ауылға қайта соққан. Әлі үйленбеген еді. Аңсары бі­реуді сағына іздегендей еді. Әбден қартайып, шөгіп қалған қадірлі Тойе­кең: «Базарлы шағыңды із­деп келдің бе? Ол алысқа кетті ғой», деп көкірегі қарс айырыла күр­­сін­ген.

Қыздарбектің көңілі құла­зыды. Алыста, көңілінің терең түк­пірінде жасырынып жатқан көмескі бір сырдың пернесін қоз­ғап, мазасыз күйді бастан кешірді. Тұла бойын баянсыз тірліктің жалыны шарпып, жандырып барады.

Көкірегіне жиналған өкініш, мұң наласы тыншу бермей, күй болып сарнап төгіле жөнелді. Тың­даушы барда, көкейден кетпес, жас­тық шақтың жоқтаушысындай болып «Сылқым қыз» күйі дү­ниеге кел­ген еді.

Қыздарбек жүз шақты күй тарт­­қан. Олардың ішінде: «Сыл­қым қыз», «Жұбаныш», «Теріс­қақ­пай», «Сылқылдақ», «Майда қос­басар» сияқты күйлері болған. Қазір осы мол мұраның он шақ­тысы ғана сақталған.

Қыздарбек күйшіден тікелей тәлім алып, күйшілік мектебінен еркін сусындағандар – Әбди, Сем­бек, Кенжеқара, Мақаш, Ақ­қыз сияқты аты мәлім күйшілер.

Сары Тоқаның алдын көріп, үлкен өмірінен тағылым алған Қыздарбек Төребайұлының ата­ме­­кені қазіргі Қарағанды облысы­ның Шет ауданындағы Бұғылы, Тағылы, Қызылтау деп аталатын сілемді таулардың Ақтас, Шалтас қыстауы.

Сүйегі Арқарлы тауының ал­қымында жатыр.

 

Түсіпхан КҮЛМАҒАМБЕТ

 

Нұр-Сұлтан