Әдебиет пен өнердің, білім мен ғылымның өркендеуіне үлес қосып келе жатқан адамдарды меценат деп атау ежелден қалыптасқан. Олардың әрбірінің ақшалай көмегі жекелеген жағдай болуы мүмкін, ал сондай қайырымдылықтың нәтижесінде мемлекеттің алдыңғы қатарлы дамыған елдердің тізіміне қосылуы өнерге, білім-ғылымға салынған ақшаның қайтарымы бар екенін, оның елді көркейтінін көрсететін нақты дәлел. Тарих мұндай адамдардың аты-жөнін ешқашан ұмытпайды. Қазіргі ақпараттық дәуірде өз жұмыс орныңда отырып, әлемнің кез келген елінің атақты меценаты туралы мәлімет табу қиын емес. Мысалы, салыстыру үшін өзге елдердің меценаттары туралы деректер іздесеңіз, олардың бәрін Уикипедия онлайн энциклопедиясынан таба аласыз.
Америка Құрама Штаттары қайырымдылық жасауда алдыңғы қатарлы елдердің қатарында екенін көбіміз білеміз. АҚШ-тың зиялы меценаттарының әрқайсысының аты-жөні ағылшындағы 26 әріптің астына белгіленіп, әліпбидегі әрбір әріп кемінде он меценаттың аты-жөніне жол бастап тұр. Яғни қандай әріпті айта қалсаңыз да, аты-жөні сол әріптен басталатын он шақты, я жиырма шақты қайырымды жан табылады деген сөз. Бұлардың әрқайсысы – АҚШ-тың гүлденуіне үлес қосқан тұлғалар, миллиондап, миллиардтап қаржы құйған меценаттар. Батыс Еуропа меценаттары да ешкімнен қалыс қалайын деп тұрған жоқ. Олардың қайырымды, жаны ізгі байларының арасында жақсылық жасауды ата-бабасынан мұраға алғандары көп. Әдебиет пен өнерге, білім-ғылымға сүйеу болуды неше ғасырдан бері үзбей жалғастырып келе жатқан ірі-ірі әулеттердің өкілдері қазір де жер басып жүр. Сол үшін тек меценаттарға арналған басылымдардың баршылық екені заңды. Сол сияқты көрші Ресейдің меценаттары бастаған көш керуеннің де ұшы-қиырына шығу қиын. Өткен ғасырдан бастап осы ғасырдың алғашқы он жылдығына дейін шыққан кітаптардың, диссертациялар мен рефераттардың библиографиялық тізімін қарап шығудың өзінен бас айналады. Ол тізімде мәліметтер Ресей тарихындағы меценаттықтың бастауы, оның рухани-танымдық мән-маңызы, көрнекті меценаттар, Сібір меценаттары, қайта өрлеу кезеңіндегі қайырымдылық, т.б толып жатқан атаулы бөліктерге бөлініп, қатталып, сақталып тұр. Жалпы айтқанда, дамыған елдерде қайырымдылық дегеніңіз толассыз ағып жатқан арнасы кең өзен сияқты. Атадан балаға, баладан немереге, одан шөбереге жалғасып, жеті атадан бері жілік майы үзілмейтін қайырымдылықтың да берекесі бар екенін байқайсыз. Қоғам дамуының құпиясы дәл осы берекемен тығыз байланысты ма деген ой келеді.
Рас, біздің елімізде де малынан зекет беретін, қайырымдылық жасайтын жомарт жандар аз емес. Туған жерінің гүлденуіне үлес қосып, жолын жөндеп, жарық тартып, су кіргізіп, үйсіз-күйсіз жандарға баспана әперіп, жұмыспен қамтып, түрлі іс-шараларға демеушілік жасап, басқа да толып жатқан игілікті істердің басы-қасында жүрген Атымтай Жомарт жандар бар. Олардың бірқатары «оң қолыңның бергенін сол қолың көрмесін» дегендей, өздерін насихаттай бермейді, рияны ұнатпайды. Бұл енді біздің діни сенімімізбен, ұлттық ерекшелігімізбен тығыз байланысты дүние. Өздері тасада қалмаса, жасаған жақсылықтары зая кететіндей қорқады. Бұл топтағы жомарттардың тірлігі байдың малында кедейдің де хақы бар деген қисынға тірелетіндей. Тәуелсіздік алған соңғы отыз жылдың ішінде көрсетіп, жарнамалап жақсылық жасайтындардың да, әлгінде айтқанымыздай рияны ұнатпайтын қайырымды байлардың да қатары жылдан- жылға көбею үстінде. Назар аударарлық тұсы, солардың елеулі пайызы – орта дәулетті кәсіпкерлер. Олардың арасында арнайы қайырымдылық қорларын ашып, демеушілікпен жол-жөнекей, еске түскенде емес, мақсатты түрде айналысатындары да бар. Жалпы алғанда, олар еліміздің әлеуметтік тұрғыда дамуына өз үлестерін қосып жатыр.
Ал енді әдебиет пен өнердің, білім мен ғылымның дамуына үлес қосып жүрген қайырымды жандар, яғни, меценаттар туралы айтқанда әңгімені ылғи алаш ардақтыларына сүйеу болған, сол заманда мектеп, медресе ашқан, роман бәйгесін жариялаған, газет-журналдардың жарық көруіне атсалысқан, талапты жастардың оқу ақысын төлеген дәулетті, текті байлардан бастағанды жөн көріп тұрамыз. Бұл бір жағынан, «байлар жаман» деп Кеңес үкіметі санаға сіңіріп тастаған ой-пікірді аластауға қажет. Екіншіден, «Алаш ұранды қазақ байларының артықшылығы осы қасиетінде еді. Олар маңайындағы қараша үйлерге онсыз да көмектесті. Ал елдің рухани жағынан дамуына үлес қосуды, руханиятқа сүйеу болуды өздеріне қасиетті парыз санады», деп қазіргі бай-бағландарға насихаттауды мақсат етеміз. Расында, отандық басылымдардың қай-қайсысын қарасаңыз да меценаттар туралы материалдар ХІХ ғасырдың соңғы ширегі мен ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде ұлт руханиятына сүйеу болған дәулетті адамдарсыз басталмайды. Осы күні көзі ашық жандардың қай-қайсысы да Бөкей әулетінің, Өскенбай әулетінің, Маман әулетінің, Мұса әулетінің қайырымды ұрпақтары мен жекелеген тұлғалардан Ерден Сандыбайұлы, Тана Тілемісұлы, Оразбай Аққұлұлы, Нұрмағамбет Сағынайұлы (Паң Нұрмағамбет), Қаражан Үкібайұлы, Шаймерден Қосшығұлұлы т.б көптеген меценаттар жайынан хабардар.
Біз осы мақалаға бүгінгі күні ұлт руханиятына ұстын боп жүрген бірқатар тұлғаны өзек етуді жөн көріп отырмыз. Руханияттың дамуы меценаттарға тығыз байланысты екенін тарихтан алған сабақ та, қазіргі нарықтық өмір де көрсетіп берді. Ақын Қадыр Мырза Әлі айтты дейтін бір сөз бар: «Энгельс секілді досың болса, Маркс сияқты болу қиын емес». Ірі өндіріс иесі Энгельстің демеушілігі Маркстің «Капитал» сияқты аса құнды еңбекті жазып шығуына жеткілікті болғанын меңзеп айтқан болуы тиіс. Расында, қазіргі күні де күнделікті тіршілігіне қаржы табылып жатса, талантты ақын-жазушылар «журналист» атын жамылмай-ақ, шығармашылықпен емін-еркін айналысып жатар ма еді? Бұл енді аздап пафосты сөз болуы да мүмкін. Бірақ өмір шындығынан алыс емес. Қазіргі нарықтық өмір тек ақын-жазушыларды емес, мәдениет, білім-ғылым саласы өкілдерін тышқаншылатып, айлығы шайлығына әзер жететін күнге тап келтіргенін өтірік дей алмаймыз. Бұл орайда сол саланың өкілдері меценаттың демеушілігіне әбден зәру. Бірақ өкінішке қарай, біздің қоғамдағы меценаттардың саны жоғарыда мысалға алған, қоғамның әлеуметтік тұрғыда дамуына үлес қосып жүрген қайырымды жандармен салыстырғанда көп емес. Олар тіпті жеңіл-желпі шоулар мен той-томалақты, дабырасы көп кештерді жаны қалайтын, арзымас дүниеге ақшасын суша шашатын «жеңілтек» байлармен салыстырғанда да көп емес сияқты. Әйтсе де руханияттың ертеңі үшін қызмет ететін, озық ойлы, ұлтшыл, отаншыл меценаттар бізде бар. Бір мақалада олардың бәрін жіпке тізгендей ғып тізіп шығу шарт емес. Сондықтан білім-ғылымды қоя тұрып, өнерге, оның ішінде әдебиетке демеушілік танытып жүрген меценаттар жайлы сөз қозғағымыз келеді.
Еліміздегі меценаттықтың жарқын үлгісі ретінде алдымен еске түсетін бір марапат – Меценаттар клубы тағайындаған тәуелсіз «Тарлан» сыйлығы. 2000-2008 жылдары арасында әдебиет, музыка, театр, бейнелеу өнері, кино саласы, ғылым және ағарту салалары бойынша берілген сыйлықтың жыл сайынғы қаржы қоры 120 мың доллар көлемінде болған. «Тарлан» сыйлығын беру түрлі себептерге байланысты тоқтаған соң, меценаттар тарапынан дәл осындай деңгейде өнер мен ғылымға бірлесіп, мол қаржы құйып, демеушілік жасау оқиғасы болған жоқ.
Айтыс өнерінің қазақ меценаттарының басын біріктіріп, топтастырғаны жеке бір тақырыптың әңгімесі дер едік. Қазақтың дәулетті азаматтары айтыстың жүлде қорынан бастап, айтыс өтетін ғимараттың жалдау ақысы мен айтыскерлердің жатын жайы, жол пұлына дейін қаржы шығарып, сол төңіректе бірігіп, қолдау көрсетіп келеді. Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ айтыс өнерінің бас ұйымдастырушысы, ақын Жүрсін Ерман айтыс өнерінің қолдаушылары, демеушілері өте көп болғанын, қазір де аз емес екенін айтады.
«1997 жылы айтысқа үлкен-үлкен жүлде тігу басталды. Сонда ең алғаш көлік тіккен азамат Мұхтар Құл-Мұхамед еді. Одан кейін Амангелді Ермегияев, Өмірзақ Сәрсенов, Нұртай Сабильянов сынды азаматтар кезекпен демеушілік жасай бастады. Олар кейде бірлесіп жүлде қорын тағайындады. Тек айтыс кезінде ғана емес, айтыс ақындарына жекелей де қамқорлық жасады. Олар бұдан пайда табуды көздеген жоқ, қазақтың ұлттық өнері өлмесін, соның көшін жүргізе берейік деген мақсатта қаржы шығарды», дейді ақын Жүрсін Ерман.
Оның айтуынша, соңғы бес жыл бойы айтыс өнеріне үзбей, тұрақты түрде демеушілік жасап келе жатқан азамат – Ақсуаттың тумасы, «Таскредит» компаниясының президенті Дулат Тастекеев. «Туған жерге туыңды тік» акциясы бойынша бес жыл қатарынан Аягөзде айтыс өткізіп, бүкіл шығынын өзі көтерген кәсіпкер жыл сайын бір ақынға компанияның екі жарым миллион теңге көлеміндегі стипендиясын беруді де дәстүрге айналдырған. Ақынның айтуынша, меценат Тастекеев биыл «Асыл домбыра» атты төрт айналымнан тұратын, 48 ақын бақ сынауға мүмкіндік алған аламан айтысты ұйымдастырған әрі бар шығынын өтеуге бейіл боп отыр.
Жазба әдебиеттің қамқоршылары туралы айтқанда, ең алдымен ауызға ілігетін тұлғаның бірі – Абай мен Шәкәрім туған топырақта өмірге келген, бұл күндері қос алыптың мұрасының дүние жүзі көлемінде танылуына жәрдемдесіп жүрген белгілі меценат Медғат Құлжанов. Оның ең зор еңбегі – ұлылардың шығармалары негізінде Батыс қоғамына танымал қомпозиторларға сиюта жаздыруы.
Балалар әдебиетін дамыту мақсатында дүниеге келген «Дарабоз» әдеби байқауына демеушілік жасаған кәсіпкер Бауыржан Оспановтың да аты-жөні меценаттықтың алтын кітабына әдіптелгенін білеміз. Он шақты рет өткізілген осы байқауға Бауыржан мырза бастан-аяқ демеуші болды. Жазба әдебиет өкілдерінің ірі демеушілерінің қатарында қоғам қайраткерлері Әлихан Бәйменов, Бекет Тұрғараев, Төкен Танаұлы, кәсіпкер Исламбек Салжановтардың да есімін ауыз толтырып айтуға болады. Олар жазба әдебиет өкілдеріне бірді-екілі демеушілік жасаумен шектелген жандар емес, қолдарынан келгенше әлі күнге дейін қаламгерлерді қолдап, сүйеп келе жатыр.
Осы мақаланы дайындау барысында әдебиеттің әр өңірдегі меценаттары туралы да білгіміз келген. Расын айтайық, әдебиет қамқоршылары әр өңірде ала-құла екен. Екіншіден, меценаттар туралы бізде әлі толық қанды мәліметтер базасы қалыптаспаған. Үшіншіден, бізде әлеуметтік тұрғыда қол ұшын созғандарды меценатпен шатастыру басым. Ата-бабасына арнап ас берген, ескерткіш орнатқан, спорттық кешендер салған, жол жөндеген, түрлі іс-шараларды қаржыландырған, кедейдің тамағын тойғызып, киімін бүтіндеген, үй әперген байлардың бәрін бірдей меценат деп атау әдетке айналған. Сондықтан өңір-өңірді былай қойғанда, жалпы қазіргі қазақ қоғамында меценаттардың бет-бейнесі толық қалыптасып үлгерген жоқ деп айтуға негіз бар. Рас, өңірлік деңгейдегі меценаттарды туған өлкесінде тануы мүмкін. Бірақ тұтас қоғам танымайды. Бір ғана мысал келтірейік. Қарағандылық кәсіпкер Сапар Ипкеевтің меценаттығы туралы айтыскер ақын, ғалым Айтбай Жұмағұлов арқылы білгенде, «әрбір өңірде жас қаламгерлерге осылай жәрдем берілсе де тақиямызға тар келмес еді» деген ойда болдым. Сапар Ипкеев – Қарағандыда жыл сайын облыстық деңгейде өткізілетін Жұмабек Тәшенов атындағы мүшәйраның тұрақты демеушісі әрі осы бәйгеде жеңіске жеткен ақындардың кітабын шығарып береді. Басқа да толып жатқан шараларға демеушілік жасайтын меценаттың әдебиетке де айрықша көңіл бөлуі қуанышты жағдай. Біз бұл сөзіміз арқылы өңір-өңірде жазба әдебиетке қамқорлық аз жасалады деген ойдан аулақпыз. Бірақ оның әр өңірде, әр облыста әртүрлі дәрежеде екені тайға таңба басқандай анық.
Сөз соңында айтарымыз, руханиятқа сүйеу болатын мәрт меценаттар бізге көптік етпейді. Олардың білім мен ғылымға, өнерге құйған инвестициясының қайтарымы болады. Нарық заманында, әсіресе, өнер адамдары, оның ішінде қаламгерлер мен ұлттық өнердің туын көтеріп жүрген таланттар, болашағынан мол үміт күттіретін жас ғалымдар қолдауға зәру. Олардың топ арасынан жарқ етіп шығып, көзге түсуі, шабыттанып шығарма тудыруы ізгі жүректі меценаттың қайырымдылығына тәуелді. Екінші бір мәселе – өркениетті елдердегідей бізде де меценаттар базасы қалыптасса деген ұсыныс бар. Өткеннен лайықты сабақ алған өз заманымыздың Атымтай Жомарттары туралы деректерді жиып-теріп, бір жерге орналастыруға меніңше, ештеңе де кедергі емес.
Өлмес туындылардың өмірге келуіне меценаттардың да үлесі бар. Ал сол үлестің еселенуіне әрбір талант үміткер.