• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 27 Мамыр, 2021

Биткойн: ақиқат пен аңыз

685 рет
көрсетілді

Криптовалюта туралы айтылып жүргеніне бірнеше жыл болды. Дегенмен пан­демия кезінде биткойн туралы жаңалықтар жиі­­леп кетті. Ал қазір бит­койн бағасының қанша­лық­ты өскенін қадағалау үйрен­шікті әдетке айналғандай. Біреулер мұны қаржы пирамидасына баласа, бірі табыс көзіне айналдырып үлгерді. Биткойнды адамзат ойлап тапқан ең үлкен жаңалықтардың қатарына қосатындар да аз емес.

Авторы әлі белгісіз

Криптовалюта – қолмен ұстап көруге болмайтын, тек қана крип­­то­графиялық тәсілдерге сү­йе­­ніп жасалған электронды валюта екені белгілі. Оның ерек­шелігі – ешқандай құрылымға ба­ғынышты болмауында. Яғни валютаны орталық жүйе, банк­тер басқармайды. Біз айтайын деп отырған биткойн – крип­то­валю­таның бір түрі.

Биткойн 2008 жылы 9 беттік құжат ретінде пайда болды. Құжатта автор ретінде Сакоши Нокамото деген кісі көрсетілген. Дегенмен жаңалық иесі тура­лы нақты ақпарат жоқ, ал бар ақ­параттың өзі анық емес. Мұ­ның жеке тұлға не бүркеншік есім ар­тындағы топ екені әлі беймәлім. Технология саласында таңғал­дырудан жалықпайтын Илон Маск болуы мүмкін деген де болжам бар. 2009 жылы алғашқы 50 биткойн сатылымға шықты.

«Биткойн: адамнан адамға электронды ақша жүйесі» деп ата­латын құжаттың мақсаты – ер­кіндік. Қаржы саласы құры­лым­ға бағынышты. Яғни саланы рет­тей­тін, бақылап, қадағалайтын Ұлт­тық банк, Қаржы және Эко­но­мика министрліктері бар. Ал криптовалюта авторының идеясы – адамдар арасында ақшаның еркін жүруін қамтамасыз ету. Сіз жасаған әр операция ақшаны емес, платформаны қажет етеді. Сол платформада әр ісіңіз жазы­лып, қаражаттың көлемі сақ­талады. 

 Бәріне ортақ жүйе

Бұл дегеніміз – әр аударылған бит­койн, яки ақша туралы ақ­парат адамзат баласының бар­лы­ғына қолжетімді болады. Не­бәрі 145 гигабайттық құжат­ты компьютеріңізге жүктеп алып, қарап отырасыз. Оның қолжетімді болуы «Бұл қаншалықты қауіп­сіз?» деген сұрақ та тудырады. Жүйенің сенімді болуы – оның барлығына ашық болуын­да. Жүйеде жазба қалдырған екі тарап та өзгеріс енгізіп, жаңа жазба тіркей алады. Ақша аудару­шы­ның, төлемді алған адамның және қанша аударғаны туралы жазба тіркеледі. Әлбетте, ең алдымен жеке есепшот керек. Мұны «элек­т­­ронды әмиян» десек, түсі­нік­­­ті­рек болар. Бұл әмиянда ақ­ша емес, биткойндардың сізге тие­­сілі екенін растайтын кілттер бола­­ды. Кілтті жоғалтсаңыз, бит­­койн­­дардан да айырыласыз деген сөз.

Әмиянның екі кілті болады: бірі – жеке, екіншісі – ортақ. Операциялар жасау үшін жеке кілт қолданылады. Ортақ кілт – есеп­шот нөмірі, ал жеке кілт опе­ра­цияларды растау үшін қол­­данылатын дәстүрлі CVV коды­ның баламасы іспетті. Ал жалпы ақпаратты бақылауға ортақ кілт те жетіп жатыр. Тауар иесі сатып алушыға ортақ, ашық кілтті жі­береді. Сатып алушы жеке кілті­мен растап, ақша аударады. Бұл бір тізбек ретінде жүйеге сақ­та­ла­ды. Осыған қатысты басқа да опе­рация тізбекке тізіл­еді. «Блок­чейн» осылай қалып­тасады.

 Майнер

Биткойн иеленудің ең қа­ра­пайым тәсілі – сатып алу. 26 ма­мыр­дағы дерекке назар салсақ, 1 бит­койн 17 380 122,94 теңге тұ­ра­ды. Одан бөлек, өзіңіз ұсына­тын қыз­мет не тауарға ақы ретін­де ала аласыз.

Иә, тауарыңызды биткойнға сатамын деп көрсетудің қазір еш әбес­тігі жоқ. Дегенмен биткойн­мен төлеу еліміздің заңына қай­шы ек­енін ескеріңіз. Өйткені Ата Заң­да төлем құралы ретінде тең­­­ге көр­сетілген. Болмаса, май­нинг үр­дісіне қатысып, жұмы­сы­­ңыз­­дың өтемі үшін биткойн алып оты­ру мүмкіндігі бар. Еңбек на­­­ры­­­­ғын­­дағы жаңа мамандық – майнер.

Майнерлер жоғарыда айтып кеткен блокчейндерді бақы­лау­мен айналысады. Тізбек­тер әлеміне бойлағысы келетін кез келген адам майнер бола алады. Ол үшін қуаты күшті құрылғы қажет. Өйткені бүгінде бұл салада да өзін қалыптастырып үлгерген майталмандар жетіп артылады. Майнерлер транзакцияларды растап отырады. Ал тізбекті тексеріп, растау үшін мықты сервер мен графикалық карта қажет. Мықты құрылғы қажет жылдамдықпен қамтамасыз ете алады. Басқаратын орталық не құрылым болмағандықтан, мұнда кім жылдам болса – транзакция соныкі. Ақпаратты бірінші болып растаған майнер биткойнға ие болады.

Майнерлердің көбі Қытайда тұрады екен. Криптовалюта нары­ғының 65 пайызын қытай­лықтар бақылайды. Бұл бақылау реттеу немесе пәрмен беру емесін тағы еске саламыз. Олар транзакцияларды аңдып, оларды растап отырады. Одан кейін АҚШ, Ресей, Қазақстан, Иран мен Ма­лайзияда майнерлер көп екен. Қазақ­станның көштен қалмай, әлемдік трендтен азық тапқанын бақылаушылардың 6 пайызы біздің елімізде тұратынынан түсінуге болады. Ал бұл салада АҚШ-тың үлесі – 7 пайыз. Майнерлердің көп болуы елдегі электр энергиясының арзан болуына байланысты-мыс. Өйткені Кэмбридж университетінің ға­лымдары бұл жұмыс үшін жылына 120 ТВт қажет екенін есептеген. Ал бұл бір елдің жылдық тұ­ты­нысынан да көп.

 Биткойнның болашағы

Bridgewater Associates инвес­тиция компаниясының басшы­сы, миллиардер Рэй Далио бит­койн мемлекеттің қаржы бақы­лауын уысынан шығарып алуы­на әкелуі мүмкін деген ой айт­ты. «Азаматтар қаражатын крип­то­валютаға айналдырған сайын мемлекеттің халықтың капиталын басқару әлеуеті азаяды. Ал оның күн санап қымбаттауы мен адамдар арасында сұранысқа ие болуы үкіметтердің де бұл сала­ға назар аударуына алып кел­мек. Ал үкіметтер бұл саланы да қадағалауға тырысуы мүм­кін. Дегенмен биткойн әлі де қар­қынды дамиды», дейді инвестор.

Жоғарыдағы сөзден биткойнды тек төлеу құралы емес, инвес­ти­ция көзі ретінде де қарастыруға болады. Ақшасы артылғандар алтын сатып алатынын білеміз. Биткойнның «криптоалтын» деген бейресми аты бар. Айтпақшы, АҚШ-та ХХІ ғасырдың басында алтын сатып алу белең алғанда үкімет капиталды қолдан жіберіп аламыз деген оймен алтын сатып алуға тыйым салған-ды.

Биткойн күнделікті қолда­ныс­қа енсе, бір минут ішінде қанша операция орындалатынын көзге елестету мүмкін емес. Сонда тір­кеу жүргізілетін платформа жайы қалай болады десеңіз, май­нерлерді еске алыңыз.

 Құбылмалы валюта

Криптовалютаның альткойн, эфириум, риппл, даш, нем сынды басқа да түрі бар. Бұлар – бит­койн кодына өзгеріс енгізу нәти­жесінде пайда болған валюталар. Әрқайсысының бағасы да әртүрлі.

Биткойн саны шектеулі екенін де айтып өткен жөн. Әлемде 21 млн биткойн бар. Қазір 90 пайызға жуығы табылған деседі. Ал қалған 10 пайызын табуға тағы 120 жыл қажет екен. Биткойн­ның ашық әрі сатып алынаты­нын ескерсек, 120 жыл деген көп. Алай­да биткойн кодына шектеу енгі­зілген. Яғни белгілі бір шекке жеткенде валютаның бағасы одан әрі өспейді. Оған қоса, әр төрт жыл сайын майнерлердің жұмысы екі есе қысқарып отырады екен.

Биткойнге қатысты мәселеге елімізде Ұлттық банк жауапты. Дегенмен ведомство бүгінге дейін бұған қатысты нақты ақ­парат не түсініктеме берген жоқ.

Әрине, бұл салада да опық жеуге болатынын ескерген абзал. Өйткені электронды валю­та бағасы құбылмалы. Валю­та ба­ғалаудың ережелері мен сү­йе­нетін негізі жоқ. Жоғарыда айт­­қа­нымыздай, ол – Қазақстан заң­­­намасына сәйкес төлем құ­­­ра­­лы және инвестициялау объек­­­тісі емес. Сондықтан бұл – әр аза­маттың жеке жауап­кер­ші­лі­гін­де. Ал ең қызығы – алаяқтар бұл са­ла­ға да қол салып үлгерген. Крип­то­валюта платформасы мен бир­жаларды бұзу деректері бір­неше рет тіркелген. Оған қоса, әмиян иесі де кілтсөзді ұмы­тып қалуы мүмкін. Соңғы статис­тикаға сүйенсек, бүгінге дейін табылған биткойнның 20 па­йызы сол себеппен «жоғалып кеткен». Ал ол 140 млрд АҚШ долларының «желге ұшқанын» білдіреді.