«Қылмыстық істегі қателік адам тағдырын өзгертетінін естен шығармау керек». Бұл – заңдылық пен әділеттілікті толық қамтамасыз етуді тапсырған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында басымдық берген мәселенің бірі.
Жолдауда Президент адам құқын қорғауға бірден-бір жауапты – полиция, прокуратура мен сот өкілеттіліктерінің аражігін нақты ажыратып беретін үш буынды модель құруды тапсырды. «Бізге азаматтардың құқығын заманауи тұрғыдан қорғауды қамтамасыз ететін және жоғары халықаралық талаптарға жауап беретін үлгі керек», деп негізгі бағыт-бағдарды да айқындап берді.
Президент тапсырмасынан кейін елімізде қылмыстық процестің үш буынды моделі енгізілді. Өткен жылдың соңынан бастап ІІМ мен прокуратура осы модель аясында айыптау ұстанымын азайтып, қылмыстық процеске заңсыз араласуды болдырмайтын қанатқақты жобаларын да іске қосты.
Үш буынды модельде полицияның міндеті не? Прокурор немен айналысуы қажет? Сот органдарының мақсаты қандай? Әуелден полиция қызметкерлері қылмысты анықтап, күдіктілерді тауып, айғақ жинаумен айналысады. Ал прокурордың міндеті – осы айғақ-дәлелдемелерге тәуелсіз баға беру, тергеу, анықтау іс-шаралары кезінде азаматтар құқықтарының бұзылуына жол бермеу. Яғни кінәсіз адамның сотталып кетпеуіне, сотта айыптау жағын қолдауға міндетті. Ал судья полиция мен прокурор ұсынған мәліметтерді сараптай келе, соңғы шешім шығарады. Ақты ақ, қараны қара деп үкім кесуі тиіс. Бұл үш органда бұрыннан келе жатқан «жұмыс істеу тәсілі». Мұндай тәсіл Жолдауда да «тепе-теңдік жүйесін нығайтып, әр кезеңде тиімді саралау жүргізіп отыруға мүмкіндік береді» деп бағаланған.
Ал биылдан бастап енгізілген жаңа модель нені өзгертті? Қандай басымдыққа көңіл бөлінді? Жалпы қылмыстық процестің үш буынды моделінің ерекшелігі неде? Полиция, прокуратура мен сотты жаңа модельге бейімдеу үшін не қажет? Қылмыстық істегі «қателіктер» дегеніміз не? Қылмыстық процестегі адам тағдырына жауапты үш буынның шешімдері неліктен үйлесім таба бермейді? Көптің көкейінде жүрген осы сұрақтарды біз қылмыстық процестегі үш буын: полиция, прокуратура мен сот өкілдеріне қойған едік.
Адам құқығын қорғауға бірден-бір жауапты – полиция, прокуратура мен сот өкілеттіліктерінің ара жігін нақты ажыратып беретін үш буынды модель құруды тапсырды. «Бізге азаматтардың құқығын заманауи тұрғыдан қорғауды қамтамасыз ететін және жоғары халықаралық талаптарға жауап беретін үлгі керек», деп негізгі бағыт-бағдарды да айқындап берді.
Президент тапсырмасынан кейін елімізде қылмыстық процестің үш буынды моделі енгізілді. Өткен жылдың соңынан бастап ІІМ мен прокуратура осы модель аясында айыптау ұстанымын азайтып, қылмыстық процеске заңсыз араласуды болдырмайтын қанатқақты жобаларын да іске қосты.
Үш буынды модельде полицияның міндеті не? Прокурор немен айналысуы қажет? Сот органдарының мақсаты қандай? Әуелден полиция қызметкерлері қылмысты анықтап, күдіктілерді тауып, айғақ жинаумен айналысады. Ал прокурордың міндеті – осы айғақ-дәлелдемелерге тәуелсіз баға беру, тергеу, анықтау іс-шаралары кезінде азаматтар құқықтарының бұзылуына жол бермеу. Яғни кінәсіз адамның сотталып кетпеуіне, сотта айыптау жағын қолдауға міндетті. Ал судья полиция мен прокурор ұсынған мәліметтерді сараптай келе, соңғы шешім шығарады. Ақты ақ, қараны қара деп үкім кесуі тиіс. Бұл үш органда бұрыннан келе жатқан «жұмыс істеу тәсілі». Мұндай тәсіл Жолдауда да «тепе-теңдік жүйесін нығайтып, әр кезеңде тиімді саралау жүргізіп отыруға мүмкіндік береді» деп бағаланған.
Ал биылдан бастап енгізілген жаңа модель нені өзгертті? Қандай басымдыққа көңіл бөлінді? Жалпы қылмыстық процестің үш буынды моделінің ерекшелігі неде? Полиция, прокуратура мен сотты жаңа модельге бейімдеу үшін не қажет? Қылмыстық істегі «қателіктер» дегеніміз не? Қылмыстық процестегі адам тағдырына жауапты үш буынның шешімдері неліктен үйлесім таба бермейді? Көптің көкейінде жүрген осы сұрақтарды біз қылмыстық процестегі үш буын: полиция, прокуратура мен сот өкілдеріне қойған едік.
ПОЛИЦИЯ:
Қылмыстық процестің сапасын арттырудағы жаңа серпін
Жолдаудан: «Қылмысты анықтайтын жедел қызмет өкілдері мен процессуалдық шешім қабылдайтын тергеушілер қылмысты ашып, істі сотқа жіберуді басты мақсат санайтын бір басшының қарамағында бірге жұмыс істейді. Алайда көрсеткіш қуалау азаматтардың құқығы мен бостандығына нұқсан келтірмеуге тиіс!»
ІІМ Тергеу департаментінің басқарма басшысы Ермек Шүлден үш буынды сот төрелігінің моделі барлық елдерде қолданылатынын айтады. «Бұл модельде қылмыстық процеске үш буын жауап береді: полиция, прокуратура және сот. Бұл құрылымдар арасындағы өкілеттіктер де нақты анықталған», дейді ол.
Басқарма басшының айтуынша, мұндай шектеу негізсіз әрі заңсыз шешімдерден қорғап қана қоймай, қылмыстық процестің заңдылығын қамтамасыз етуде түрлі құқық қорғау кедергілерді тудырады. Өйткені үш буынды жүйенің әр кезеңі қылмыстық істі сотқа жетпей тұрып жіті сүзгіден өткізіп шығады.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен өткен жылдың желтоқсанында қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заң қабылданғанын білесіздер. Осы заңға сәйкес 2020 жылдың 31 желтоқсанынан бастап прокурор адам құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын негізгі процестік шешімдердің барлығын келіседі. Атап айтқанда, күдікті деп тану, күдіктінің біліктілігін айқындау, бұлтартпау шарасын қолдану туралы қаулылардың барлығы ендігі таңда прокурормен келісіледі. Жаңа модельдің бұрын қолданыста болған тәртіптен басты тұжырымдамалық айырмашылығы да осында. Бұдан былай прокурор тергеу барысында келісім беру арқылы шешім шығарады. Тергеуші айғақтарды, дәлелдерді тауып, анықтап, осының барлығын қылмыстық іс материалдарына тіркейді. Бұрындары прокурормен келісімге дейін тергеуші мұндай шешімдердің барлығын өзі шығара беретін. Ал прокурордың тергеу барысында бұл шешімдерді қабылдауға қатысты қандай да бір келісім беруге, араласуға құқы жоқ болатын», дейді Ермек Сыпабекұлы.
ІІМ бұл жаңашылдықты қабылдамас бұрын қанатқақты жобаны қолға алған болатын. Мұндағы басты мақсат – қылмыстық процестің үш буынды моделін енгізу кезінде қандай да бір кемшіліктерге жол бермеу еді. Бүкіл республика көлемінде іске асырылған жоба шеңберінде полиция прокурордың негізгі процестік шешімдерді енгізу және келісу жүйесін мақұлдаған.
Осылайша жыл басынан бері тергеу органдары 104 мыңнан астам негізгі процестік шешім қабылдап, соның барлығын прокурорға келісуге жіберген. Соның нәтижесінде 43,7 мың шешім соңына дейін аяқталып, 25,6 мыңнан астамының мерзімдері тоқтатылған. 22,5 мыңнан астам шешімді күдікті деп танылса, 13 мың тергеу істерінде күдіктінің іс-әрекетті сараланған.
«Сондай-ақ, біз қылмыстық қудалау органдарының материалдық-техникалық жабдықталуын жақсартуға қол жеткіздік, – дейді Е.Шүлден. – Егер 2020 жылдың соңына қарай қылмыстық істердің тек 50 пайызы электронды форматта тергелсе, қазір барлық қылмыстық құқық бұзушылықтардың 70 пайызы осындай жолмен тергеледі».
ІІМ өкілінің мәлімдеуінше, қылмыстық процестің үш буынды моделін енгізу сотқа дейінгі іс жүргізу органдарының қызмет сапасын біршама жақсартуға мүмкіндік туғызған. Нақты сандарға сүйенер болсақ, жоба қолға алынған жыл басынан бері азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзу фактілері 2 есеге азайса (86-дан 44-ке), қылмыстық істерді қайта тергеуге жолдау фактілері 379-дан 263-ке дейін төмендеген.
«Сонымен қатар, үш буынды модельге толық көшу мақсатында осы жылдың 1 сәуірінен бастап Бас прокуратура мен ІІМ тағы бір қанатқақты жобаны бірлесіп іске асыруды жоспарлап отыр. Бұл жоба негізінде кісі өлтіру істері бойынша прокурорлардың негізгі іс жүргізу шешімдерін қабылдау басымдыққа ие болмақ. Себебі үш буынды модельді енгізу – қылмыстық процестің сапасын арттыруда жаңа серпін болып табылады. Бастысы біз қандай жағдай болсын ең алдымен азаматтардың құқықтарын қорғауға басымдық береміз», дейді Е.Шүлден.
ПРОКУРАТУРА:
Басты міндет – адам құқығын қорғау
Жолдаудан: «Прокурорлық қадағалауға келсек, бұл жұмыс үнемі кешеуілдеп жататынын көреміз. Прокурорлар істің мән-жайымен тек сотқа жіберер алдында ғана танысады».
Қылмыстық процестің өкілеттіктерін нақты бөле отырып, тепе-теңдік жүйесін нығайтуға, әрбір кезеңде тиімді сүзгілер жасауға бағытталған үш буынды модельдің ең маңызды тұсы – прокуратурада. Себебі 2021 жылдан бастап қылмыстық істер бойынша прокурорға заң бойынша жаңа міндет жүктеліп отыр. Ол – адам құқығы мен бостандығына қатысты негізгі процессуалдық шешімдерді келісу міндеті. Ал мұндағы басты міндет – азаматтардың қылмыстық жауапкершілікке негізсіз тартылуын болдырмау.
Қылмыстық сот ісін жүргізудің үш буынды моделін енгізу және іске асыру шеңберінде жыл басында тиісті заңға өзгертулер жасалғанын мәлімдеген Нұр-Сұлтан қаласы прокурорының орынбасары Елдос Қилымжанов осы өзгерістерге сәйкес іс жүргізудің маңызды қадамдарын прокурормен келісу институты енгізілгенін де айтып өтті.
«Үш буынды модель бойынша қылмыстық процестердің негізгі құжаттарын прокурормен келісу арқылы жүзеге асыру жыл басынан бері қолға алынып келеді. Бұл шындап келгенде тергеушілер үшін де, прокурорларға да өте қолайлы әрі тиімді қадам. Себебі Қылмыстық іс жүргізу кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес процессуалдық шешімдер дер кезінде келісіліп, істің мән-жайы бірден анықталып отырады. Ең бастысы біз осы арқылы ел Президенті қойған тапсырма – қылмыстық істер кезінде кететін қателіктерге жол бермейміз», дейді прокурор.
Жаңа жүйенің өткен жылдың 31 желтоқсанынан бастап іске асырылып келе жатқанын мәлімдеген Елдос Қилымжанов жаңа формат енгізілгелі бері азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзу деректерінің біршама төмендегенін де айтып өтті. «Салыстырмалы түрде алып қарайтын болсақ, өткен жылдың бірінші тоқсанында Нұр-Сұлтан қаласындағы құқық қорғау органдарында адам құқығын бұзуға қатысты 20 дерек анықталған болса, 2021 жыл басталғалы бері небәрі 3 факті анықталған. Бұл – тергеу органдары мен прокуратураның өзара тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп жатқанын аңғартады. Ал жаңа модельдің көздегені де осы – адам құқын бұзбау», дейді ол.
Прокурор жаңа модельді енгізу жедел тергеу жұмысының сапасын арттырып қана қоймай, уақыттан да ұтатынын айтып өтті. Себебі бұрындары тергеушілер күдіктіге қатысты материалдарды іске тіркегеннен кейін ғана прокуратураға таныстыратын. Ал тергеу ісінен қандай да бір қателік не кемшілік кетсе, іс толығымен кері қайтарылып, осының барлығы уақыт алатын. Ал жаңа жүйеде тергеу органдарының әр қадамы жіті бақылауда болып, әр шешімдері жан-жақты бағаланып отырылады. Яғни үш буынды тың форматта тергеуші мен прокурордың өзара іс-қимылы барынша оңтайландырылған.
СОТ:
Ұлттық модельдің басымдығы неде?
Жолдаудан: «Заңнаманы қолдануға қатысты шешім қабылдау кезінде көбіне тиісті талдау мен болжам жасалмайды. Шешім заң қолданушыларға ыңғайлы болу тұрғысынан қабылданады. Сондықтан «әкімшілік» және «қылмыстық» құқық бұзушылықтың жаңа ұғымын қалыптастыру керек. Қоғамға және заң қауымдастығына құқық бұзушылық үшін жаза белгілеудің қисыны түсінікті болады».
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: қылмыстық процестің үш буынды моделін енгізу жөніндегі ұсынысы – ең бастысы адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған кезекті іс-шаралардың бірі», дейді Жоғарғы Соттың судьясы Ерден Әріпов.
«Заманына қарай заңы демекші, Ата Заңымыз – Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабына сай мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екендігін ескерсек, еліміздегі экономикалық, әлеуметтік және басқа да салаларда орын алып жатқан өзгерістермен қатар сот, құқық қорғау жүйелерінің жұмыстарын оңтайландыруға бағытталған реформалар жалғасуда. Қылмыстық процестің өкілеттіктерін нақты бөле отырып әрі тепе-теңдік жүйесін нығайтуға, әрбір кезеңде тиімді сүзгілер жасауға бағытталған үш буынды модель де осы реформаның бір бөлігі болып табылады», дейді ол.
Рауан Ерденұлы қазіргі таңда сот ісін жүргізудің үш буынды моделін енгізуге бағытталған іс-шараларды жүзеге асыру мақсатында Президент Әкімшілігі жанынан арнайы комиссия және ведомствоаралық жұмыс топтары құрылғанын да айтып өтті. «Осы бағытта қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу заңнамаларына енгізілетін тиісті өзгертулер мен толықтырулардың негізгі бағыттары айқындалып, олар осы жұмыс топтарында жан-жақты талқылану үстінде. Ал үш буынды сот ісін жүргізу моделінің басты ерекшелігі – қылмыстық қудалау органдары, прокуратура және соттың өкілеттіктерін нақтылап, бөлуінде және қылмыстық істер бойынша басты процессуалдық шешімдерді, қылмысты анықтау мен оны тергеуден тәуелсіз орган – прокуратураның қабылдауында», деп түсіндіріп өтті.
«Ұлттық модельде полиция, прокуратура және сот арасындағы өкілеттіктер қалай анықталған?» деген сұрағымызға Жоғарғы Соттың судьясы: «Полиция, прокурор және сот өкілеттіктерін нақтылап бөлу осы үш буынды модельдің басты басымдығы болып табылады», деп жауап берді. «Біріншісі – қылмыстарды анықтаумен, ашумен және дәлелдер жинаумен айналысады. Содан кейін қылмыстық іс прокурорға жолданады. Дәлелдемелер базасын, күдікті адамға қатысты қылмыстық заңның тиісті баптарының дұрыс қолданылуын тексеру, яғни қылмыстық істі объективті түрде қарап, айыптау актісін түзіп, оны сотқа жолдау, содан кейін күдікті адамның кінәлілігі жөніндегі дәлелдемелерді сотқа тарту прокурорға міндеттелген. Ал іс бойынша түпкілікті шешім шығару, бұрынғыдай соттың құзыретінде. Бұл азаматтардың құқықтарын сақтаудың өзіндік фильтрі және заңды кепілдіктері. Бұл орайда, адвокаттарға күдіктіні қорғау актісін ұсынуға мүмкіндік беру мәселесін заңдастыру жөнінде тың ұсыныс та талқылануда», дейді ол.
Қоғамда полиция-прокуратура-сот «бір қақпаға ойнайтын» ойыншылар деген керағар пікірдің қалыптасып қалғаны белгілі. Қылмыстық процестегі үш органның шешімдері бір-біріне керағар шығып, үйлесім таппай жататыны тағы бар. Бұл жөнінде де ойын ортаға салған Е.Әріпов: «Құқық қорғау жүйесінің жұмысында бұрынғы дағды бойынша айыптау үрдісі әлі де басым. Бұл кемшілікке Жолдауда Мемлекет басшысы ерекше тоқталды. Шыны керек, мұндай пікір қоғамда да қалыптасқан. Бұған себеп, бүгінгі қолданыстағы тәртіп бойынша қылмысты ашумен айналысатын қызметкерлердің және іс бойынша негізгі процестік шешім қабылдайтын тергеушілердің бір құқық қорғау органында жұмыс істеуінде. Ұсынылып отырған модель бойынша қылмысты қудалау органдары өздеріне жүктелген функционалдық міндеттерін қылмыстық процестік заң аясында атқарған жағдайда, әрине үш буынның арасында үйлесімді байланыс болатыны сөзсіз», дейді.
Әр кезеңдегі жауапкершілікті арттыру, әр процестік қадамға сараптама жасау қылмыстың ақ-қарасын анықтауға кедергі келтірмей ме? Уақытты өлтіріп алмаймыз ба? Үш буынды модельді енгізу кезінде көптің күдігін тудырған мәселенің бірі осы сұрақтар еді. Алайда судья «әр орган нақты бір қылмысты ашуда, күдікті адамды анықтауда және оның кінәсін дәлелдеуде өздеріне жүктелген процестік міндеттерін, іске қатысы бар адамдардың конституциялық құқықтарын сақтай отырып, заңда бекітілген тәртіпте әділ және заңды атқарған жағдайда кез келген қылмыстың ақ-қарасын анықтауға кедергі келтірмейді», деген уәжін алға тартты. Оның пікірінше, керісінше, уақыт үнемделіп, қылмыс дер кезінде ашылып, аз уақыт ішінде қылмыстық іс сотқа жолданып, кінәлі адам тиісті жазасын алады.
ТҮЙІН. Үш буынды модель – адам құқын қорғаудың заманауи үлгісі. Басқаша айтқанда бұл – полиция, прокуратура мен соттың алдына қойылған жаңа талап. Әрі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің тәжірибесіне сүйенген халықаралық талап. Біз сөзге тартқан үш тараптың өкілі де қылмыстық процестің жаңа форматы құқық қорғау органдарының жұмысындағы айыптау бағытын жоюға мүмкіндік беретініне сенім білдірді. Ал қарапайым халыққа ең қажеті – механизмнің нақты жұмыс істегені.