Шығыс Қазақстан облысы коронавирус инфекциясының таралуы бойынша «жасыл аймақта». Десе де сақтанған жөн. Әсіресе жаз айларында халық өзен-көлдердің жағалауындағы демалыс базаларына көп шоғырланады. Індеттің таралу қаупі де артады. Қалай дегенмен, санитарлық дәрігер бекіткен бірқатар ережені есте ұстаған жөн.
Жуырда өткен баспасөз конференциясында облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің жазғы маусымда демалыс орындарының жұмыс істеу тәртібін бекітетін қаулысының ережелері түсіндірілді. Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Марат Қабақов жыл басынан бері жазғы маусымға дайындық аясында кәсіпкерлерден келушілерге ПТР анықтамасынсыз қызмет көрсету туралы көптеген өтініш келіп түскенін айтты.
Кәсіпкерлердің ұсыныстары бойынша жазғы маусымда туристерді орналастыру орындары жаңа форматта жұмыс істейтін болады. Оны кәсіпкерлердің өздері ұсынған. Енді Үржар, Катонқарағай және Алтай аудандарының барлық демалыс базасында Ashyq жүйесі орнатылуы тиіс. Жүйе бойынша «көк» және «жасыл» деңгейдегі демалушылар демалыс базасына кіре алады. Сонымен қатар демалыс орталықтарына коронавирусқа қарсы вакциналау төлқұжатын көрсеткен азаматтар да жіберіледі.
– Туристік-рекреациялық аймақтарда демалғысы келетін адамдар теріс нәтижесі бар ПТР- тестілеу туралы немесе Covid-19 індетіне қарсы вакциналаудың толық курсын алғанын растайтын құжаты болуы керек. Демалыс базасында интернет істемей, Ashyq қосымшасын іске қосу мүмкін болмаса да, сапардан бұрын үйден шықпай-ақ өзіңізді тексеріп, демалыс орнына жеткен соң сол ақпаратты ұсынуға болады, – дейді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ғалымбек Алин.
Оның айтуынша, «сары» және «қызыл» мәртебесі бар демалушыларға туристік-рекреациялық аймақтарға кіруге рұқсат жоқ. Бұл коронавирус таралуының алдын алу үшін істеліп жатқан шара екені түсінікті. Демалыс орындарында әлеуметтік ара қашықтықты сақтау үшін белгілер де жасалады. Ережеде көрсетілгендей, жағажайда демалушылар 1,5 метр қашықтықты сақтаулары керек екен. Ал көпшілік жиналатын орын уақытымен дезинфекцияланады.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаевтың айтуынша, Алакөлдің жағалауында 188 демалыс орнының 153-і аумақтық санитарлық-эпидемиялық бақылау басқармасының қорытындысын алды. 9 демалыс базасы Ashyq жобасына қосылды. Алтай ауданында 102 демалыс орнының тек екеуі ғана Ashyq қосымшасы бойынша QR-код алуға өтінім берді. Ал Катонқарағай ауданында 23 базаның біреуі ғана QR-код алмақ.
Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Марат Қабақовтың айтуынша, 17-20 мамыр аралығында Алакөлдің жағалауында кешенді жұмыс тобы санитарлық-эпидемиялық, өрт қауіпсіздігі, қоғамдық тәртіпті сақтау, судағы қауіпсіздік бойынша мониторинг жасап, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Шомылу маусымында алты адамнан тұратын құтқарушылар және 2 автокөлік пен жүзу құралдары жұмылдырылады.
– Жағалау сызығының бойында 4 бақылау орны бар. Енді су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларының талаптарына сәйкес қажетті жабдығы бар құтқару бекетін орнату жоспарда бар. Киім ауыстыру үшін қосымша 15 кабина орнату, 100-ге жуық қоқыс контейнерлерін сатып алу ойда бар, – дейді Марат Қабақов.
Үржар ауылындағы әуежайдың уақытша жабылуына байланысты Нұр-Сұлтан, Алматы, Өскемен, Семей қалаларынан Алакөлге бағыт алған пойыз вагондарының саны артты. Барлығы 3 330 орындық 69 вагон іске қосылып, аптасына 3 рет жөнелтілетін болады. Сонымен қатар автобустар саны екі есе артты. Жазғы маусымда күн сайын 768 орындық 16 автобус іске қосылады. Қазіргі уақытта кешенді жұмыс тобы Бұқтырма су қоймасы мен Сібе көлдерінің жағалауларын тексеру үстінде.
Шығыс Қазақстан облысы