Жалпақ әлемді жаман тұмау жайлағалы қалталы азаматтардың қайырымды ісі көбейді. Құптарлық шаруа. Сын сағатта бір-бірімізге қарайласып, қолұшын бергенге не жетсін, сірә?!
Әкелі-балалы Закусиловтар – «Свободное» және «Максимовка» серіктестіктерінің басшылары. Ауданның толайым табыс жөнінде үзеңгі қағыстырып, тасы өрге домалап тұрған шаруашылықтары да осы. Игілікті істері көпке танымал. Танымал еткен қасиет – жомарттықтары. Олар жыл сайын ауыл тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жақсаруына көмектесіп келеді. Әсіресе балаларға деген ықыласы тіпті ерекше.
Әкесі Александр Закусиловқа ұлттық қоғамдық «Алтын жүрек» қайырымдылық сыйлығының берілуі тегін емес. Шынтуайтында бұл қыруар игілікті істің ізетпен көмкеріліп, ілтипатпен әдіптелген қарымтасы. Олар облысты былай қойғанда, еліміздегі шағын балалар орталықтарын салудың бастауында тұрды. Жергілікті ұлт тілін оқытатын кабинеті бар алғашқы тегін балалар бақшасы осы Максимовка мектебінде ашылды. Шаруашылық директоры Қазақстанды мекен ететін әр тұрғынның мемлекеттік тілді білу керектігін ұдайы айтып жүреді. Айтып қана қоймай, нақты ісімен дәлелдеуде. Жас ерекшеліктеріне байланысты ересектердің жағдайы келе бермесе, балалардың бәрі елге деген құрметтерін көрсетіп, тілді оқып үйренуі қажет деп есептейді.
Александр Александрович мәдени және гуманитарлық салаларда қайырымдылық пен демеушілік қызметі үшін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Құрмет дипломының иегері. Жыл сайын әлеуметтік салаға мол қаржы бағыттап, ойға алған ісі оңынан оралуда. Нақтылап айтатын болсақ, шаруашылық жергілікті мектепке, мәдениет үйіне, учаскелік полиция пунктіне, дәрігерлік амбулаторияға үнемі көмек көрсетіп отырады. Бұл бүгін ғана атқарылып жатқан шаруа емес, қайырымдылық жасау қанына біткен қағілез басшы 2008 жылдың өзінде учаскелік дәрігерге тұрмысқа қолайлы пәтердің кілтін тапсырған болатын. Шартта пәтерақы төленбейтіндігі, он жылдан кейін сатып алу арқылы жекешелендіруге болатыны тайға таңба басқандай көрсетілген. Кейін солай болды да.
Тұрғындар үшін тұтастай көшелер салынып жатқан ауылды көп көре қоймайсыз. Ал біз тұрмысын тілге тиек етіп отырған Максимовка елді мекенінде солай. Мұнда қос пәтерлі, тұрмысқа қолайлы, кең де жарық, әртүрлі архитектуралық пішіндегі үйлерден тұратын тұтас көшелер бар. Бұл көшелерді жергілікті тұрғындар өзара «рублевка» деп атайды екен. Тұрғындары – еңбек ардагерлері, қарапайым жұмысшылар, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша жұмысқа келіп, іске кірісіп кеткен жас мамандар, көпбалалы отбасылар. Бұл күндері тағы бір қос қабатты ғимарат тұрғын үйге лайықталып, қайтадан жаңғыртылуда. Жөндеу жұмыстары біткеннен кейін ауыл тұрғындарының ішінде жайлы баспанаға зәру болып отырған бірнеше отбасы қоныс тойын тойлайтын болады.
Алғаш карантин басталған кезде халықтың абдырап қалғаны да шындық. Бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген дауасыз дерттің дүбірі ел апшысын қуырып-ақ тастады. Міне, осы кезде серіктестік басшылары ауылдастарын қамқорлықтарына алып, жанашырлық істерін үдете түсті. Ауылда монша, кір жуу кешені, наубайхана үзіліссіз жұмыс істеп тұр. Айтпақшы, бір бөлке нанның бағасы небәрі 40 теңге екенін айта кетелік.
Серіктестік директоры, кіші Закусилов та әке үлгісін өнеге еткен азамат. Қат-қабат шаруасын жіпке тізгендей етіп санап шығудың өзі қиын. Бір ғана ісін айтайықшы, мысалы, серіктестік таяуда жабық хоккей кортын салып берді. Жалпы алаңы 1,7 гектар, ұзындығы 57, ені 27 метр. Бұл континенталды хоккей лигасының стандарттарына толық жауап беретін орын. Корттың құрылысына серіктестіктен 140 млн теңге қаражат бөлініп отыр. Бұл жерден көше тренажерлеріне, «жасанды жамылғысы» бар футбол алаңына да орын табылған. Көркі көзтартарлық кешенді жасыл саябақ көмкеріп тұр. Осы ісімен-ақ туған жерін түлетуге аянбай үлес қосып жүрген жомарт жанды, әкелі-балалы Закусиловтардың қамқорлық көкжиегінің көрікті екендігін дәлелдеп тұрғанын қапысыз аңғарасыз.
Карантин кезінде серіктестік өз жұмысшыларын ғана емес, төңіректегі қамқорлыққа зәру адамдарды да елеп-ескеріп, жүздеген азық-түлік себетін таратты. Медициналық қорғаныс құралдарын сатып әперді. Осындағы фельдшерлік-акушерлік пункттің бар керегін түгендеді.
– Дәл осындай уақытта халықтың денсаулығына барынша қамқор болуымыз керек, – дейді Александр Закусилов, – жергілікті жұрт «бірінші байлық – денсаулық» дейді. Біз өзіміз де қанша сақтансақ та, бір аунап тұрдық. Аурудың не екенін көрдік. Басқа жұрттың басына бермесін. Рас, денсаулықты сатып алып бере алмаймыз, қалғаны қолдан келетін шаруа. Осы жердің жомарт пейілімен ырыздық жинап отырған соң елмен бөліспесе бола ма?
Ауыл қазір қобалжитын емес, бас ауырып, балтыр сыздаса, жанашырлары жанынан табылады. Қамқоршыңның қасыңда болғаны қандай жақсы!
Ақмола облысы,
Сандықтау ауданы