6-13 маусым күндері Мажарстанның бас шаһары – Будапештте дзюдодан ерлер мен әйелдер арасында кезекті әлем чемпионатының жалауы желбірейді. 14 салмақ дәрежесі бойынша өтетін бәсекелер барысында келесі айда Токиода алауы тұтанатын Олимпия ойындарына қатысатын балуандардың соңғы легі анықталады. Сол себепті де барлық мемлекеттің марқасқалары алдағы байрақты бәсекеде барын салып, рейтингтегі жағдайларын жақсарту үшін еш аянып қалмайтыны анық.
Жапондар ойлап тапқан күрестің бұл түрінен әлем чемпионатының тұсауы сонау 1959 жылы кесілген еді. Алғашқы уақытта татамиге тек ерлер шықса, 80-ші жылдардың басында бұл дүрмекке әйелдер де қосылды. 1956-1991 жылдары ерлер арасында ұйымдастырылған 16 жарыстың барлығында да Жапония құрамасы қарсыластарын шыдатпай, жалпыкомандалық есепте жеке-дара көш бастады. Сол бақандай 35 жыл уақыт аралығында небәрі 10 мемлекеттің өкіліне бас жүлдені олжалау бақыты бұйырған екен. Олар – КСРО (11 рет), Франция (6), Германия (5), Оңтүстік Корея (5), Нидерланд (3), АҚШ (1), Ұлыбритания (1), Аустрия (1) және Югославия (1). Өзге алтындардың барлығы да жапондардың еншісінде. Бірден айта кетейік, Кеңес Одағы тұсында Қазақстанның бірде-бір дзюдошысы жеңіс тұғырына көтерілмек тұрмақ, аталған жарыстарға қатысқан да жоқ.
Қазақстан құрамасы әлем чемпионаттарына 1993 жылдан бері үздіксіз қатысып келеді. Сол кезден бері аталған жарыстың жалауы 17 мәрте желбіреді. Бұл бәсекелердің дені Жапония дзюдошыларының айқын жеңісімен аяқталды. Атап айтсақ, жалпы есепте олар 13 мәрте көш бастады. Әсіресе, Күншығыс елінің өрендері үшін 1999, 2010, 2015 және 2017 жылдары аса табысты болды. Бирмингем, Токио, Астана және Будапештте өткен додалардың әрқайсында жапондардың төрт жігіті топ жарды. Олар тағы үш жарыста үш реттен жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Ал өзге алты бәсекеде Жапония құрамасына қос алтынның өзі-ақ командалық есепте көш бастау үшін жеткілікті болды.
Төрткүл дүниенің теңдессіздері бас қосқан жарыста жапондар төрт рет алтын тұғырды өзге елдің балуандарына босатты. Мәселен, 1997 жылы Парижде бас жүлденің үшеуіне қол жеткізген оңтүстіккореялық оғыландар озды. 2001 жылы Мюнхенде Ресей құрамасының қарқыны өте күшті болды. Көрші мемлекеттің марқасқалары үш алтынды мойындарына ілді. Осы бәсекелердің екеуінде де Жапония екінші орынды қанағат тұтты. 2007 жылы Рио-де-Жанейрода да жапондардың жолы болмады. Бұл бәсекелерде жергілікті балуандар үстемдік құрды. Үш алтынды олжалаған Бразилиядан бөлек, Токиодан келген татами шеберлері Франция мен Грузиядан да қалып қойды. Қорытындысында Нидерландпен бірге төртінші және бесінші орындарды өзара бөлісті. 2009 жылы Роттердамда тағы да Оңтүстік Корея құрамасы қарсылас шыдатпады. Олар бас жүлденің екеуін қоржынға салды. Осы орайда, Күншығыс елінің дзюдошылары әлем чемпионатынан тұңғыш рет алтын медальсыз оралғанын айта кетуге тиіспіз. Олардың сүреңсіз өнер көрсеткені соншалық, Нидерландта бар-жоғы 1 күміс пен 1 қоланы қанағат тұтып, қалың топтың арасында қалып қойды.
Қазақстанның дзюдошылары тұңғыш рет 1993 жылғы дүниежүзілік додада бой көрсеткенін жоғарыда айттық. Алайда Канаданың Гамильтон қаласында өткен жарыста жерлестеріміз тегістей ұтылды. Содан кейін де жолымыз біразға дейін оңғарылмады. Анықтап айтсақ, 1995 жылы Тиба, 1997 жылы Париж және 1999 жылы Бирменгемнен қоржынымыз бос қайтты. Тек 2001 жылы Германияның Мюнхен шаһарында шымылдығы түрілген әлем чемпионатында ғана алғаш рет медальдың сыңғырын естідік. Неміс жерінде барша қазақ жанкүйерлерін қуаныш пен шаттыққа бөлеген екі Асхат – Шахаров (73 кило) пен Жіткеев (100 кило) еді. Олардың екеуі де қола медальды еншіледі.
Мюнхендегі тырнақалды табысымыздан кейін алдағы уақытта қазақ дзюдошылары төрткүл дүниенің теңдессіздері бас қосқан дүбірлі додаларда жиі дараланатын шығар деп үміттендік. Бірақ бәрі біз ойлағандай болмады. Жігерлі жігіттеріміздің жеңіс тұғырынан қол бұлғаған сәтін ұзақ күтуге тура келді. 2003 жылы Осака, 2005 жылы Каир және 2007 жылы Рио-де-Жанейрода өткен жарыстардан ерлеріміздің еңселері түсіп қайтты. Расында да, не Азия, не Африка, не Америка құрлықтарында өткен байрақты бәсекелерде жүлде алу бақыты бізге бұйырмады. Ал 2009 жылы Нидерландтың Роттердам қаласында Қазақ елінің әнұраны алғаш рет шырқалды. 100 кило салмақ дәрежесінде сынға түскен Максим Раков небір апайтөстердің аяғын көктен келтіріп, бас жүлдені қанжығасына байлады. Шешуші сайыста жерлесіміз жергілікті балуан, Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері, Еуропа чемпионы Хенк Гролды жеңді.
2011 жылы Парижде тағы дәл сол Максим Раков жүлдегерлер қатарынан көрінді. Ақтық сынға дейін барлық қарсыласын бет қаратпай ұтқан сайыпқыранымыз финалда сүрінді. Шешуші тұста ол ресейлік Тагир Хайболлаевтың осал тұсын таба алмады. Сол кезге дейін Еуропа біріншілігінде топ жарып үлгерген дағыстандық дзюдошы араға бір жыл салып Олимпия ойындарының жеңімпазы атанғанын жанкүйерлер жақсы біледі.
2013 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында Азамат Мұқановтың асқан шеберлігіне тәнті болдық. Сол кезге дейін самбоны серік етіп, толағай табыстарға қол жеткізген қандасымыздың татамиге табаны тигені кеше ғана еді. Соған қарамастан Атлант мұхитының жағалауында ол керемет өнер көрсетті. Тұсаукесер кездесуінде Еуропа чемпионы, сол жарыстың үш дүркін қола жүлдегері командалық сайыста әлем чемпионатының күміс жүлдегері, ресейлік Әлім Гадановты «ауырту» әдісімен ұтты. Екінші кезеңде сингапурлық Жоэль Ценгтің сілікпесін шығарды. Үшінші айналымда ұлыбританиялық Коллин Оттистің осал тұсын табу үшін небәрі 19 секунд жеткілікті болды. Одан кейін жапониялық Масааки Фукуокамен белдесті. Дәл осы спортшы Азаматты Азия чемпионатының алтынынан айырған еді. Бұл жолы қазақтың ұлы жапонды қос жауырынымен жерге қадады. Жартылай финалда әлем және Еуропа чемпионы, әлем және құрлық чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегері, украиналық Георгий Зантараяны «вазари» әдісімен ұтты. Финалда Жапонияның бас жұлдызы, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы Масаши Ебунимаға есе жіберген Мұқанов күміс медальды иеленді.
Негізі Рио-де-Жанейро төрінде төселген татамиде Азамат Мұқановтың әлем чемпионы атануына барлық мүмкіндігі болды. Бразилия сапарынан елге оралған бетте қазақ балуанымен тілдесудің реті келген еді. Сол кезде Азамат өзінің шешуші тұстағы сәтсіздігін былай деп түсіндірген еді:
«Атағы алысқа жайылған Ебунимаға қарсы мен «бес қаруымды асынып» шықтым. Бәсеке барысында оның еркін көсілуіне еш мүмкіндік бермедім. Тіптен айқын жеңіске қол жеткізуіме де болар еді. Бәсеке бел ортадан асқанда «ауырту» әдісін жасамақ болып, оны жерге жығып алдым да, қолын оңдырмай қайырдым. Әдетте ондай аса қауіпті жағдайдан құтылу өте қиын. Бірақ жапон жігіті жанкешті екен. Жаны көзіне көрінсе де, соңына дейін шыдап бақты. Екеуміз қайта тік тұрып күрестік. Сол кездері ол қолының сіңірі созылғандай сыңай танытты. Өңі бұзылып, жыларман болды. Ашық айқастан қашқақтап жүрді. Мен «жапонның саудасы бітті-ау» деп ойладым. Бір мезетте жан ұшыра жылдамдықпен ұмтылған әккі балуан көз ілеспес қимылмен әдіс жасады. Мен қорғанып үлгермедім. Ол таза жеңіске қол жеткізді. Сол кезде ғана Ебуниманың мені алдап соққанын түсіндім».
2015 жылғы әлемдік дода елордамызда ұйымдастырылды. Жарыс өз елімізде, өз жерімізде, өз жанкүйерлеріміздің көз алдында өтіп жатқандықтан, бір жақсылықтың болатынын ішіміз сезді. Айтқандай-ақ, аса жеңіл салмақта белдескен Алаштың айбынды екі азаматы – Елдос Сметов пен Рустам Ыбыраев барлық қарсыластарын сыпыра ұтты. Жартылай финалда Сметов жапониялық Шишеме Торуды тізе бүктірсе, Ыбыраев моңғолиялық Гандбат Болдбаатардан басым түсті. Осылайша, екеуінің жолы финалда түйісті. Бір-бірінің қыр-сырын жақсы білетін балуандар шешуші сында әбден тіресті. Бұл тартысты өз пайдасына шешкен Елдос әлем чемпионы атанса, Рустам күміс медальды кеудесінде жарқыратты. Қазақтың серке ұлдарының жеңіс тұғырында марқайып қатар тұрғанын көргенде «Алау» спорт кешеніне жиналған сан мың көрерменнің қуаныш пен шаттыққа бөленгені күні кешегідей көз алдымызда.
2017 жылы Будапештте біздің жігіттер тегістей ұтылса, 2018 жылы Бакуде жалауы желбіреген жарыста Ерлан Серікжанов ерледі. Бұрын-соңды бұл балуанның биік белестерді бағындырғанын көрген жоқ едік. Десек те Каспий теңізі жағалауында Серікжанов өзін жақсы қырынан көрсетті. 66 кило салмақта күш сынасқан ол финалға дейін қарсы келгендерді қоғадай жапырды. Соңғы сайыста әлем чемпионы, жапониялық Хифуми Абэге жол берген Ерлан күміс медальды иемденді.
2019 жылғы әлем чемпионаты Жапонияның бас шаһары – Токиода ұйымдастырылды. 60 кило салмақта бақ сынаған қазақстандық дзюдошылардың екеуінің де жеңіс тұғырына көтерілуіне мүмкіндіктері болды. Сол мүмкіндікті Елдос Сметов жақсы пайдаланды. Ширек финалда жергілікті спортшы Рюдзю Нагаямға есе жіберген ол жұбаныш бәсекесінде тайпейлік Юн Вэй Янді ұтты. Ғұсман Қырғызбаев жартылай финалда өзбекстандық Шарафутдин Лутфуллаевтан жеңіліп қалды. Сөйтіп қола медальды қазақтың қос балуаны өзара сарапқа салды. Бұл бәсекенің негізгі бөлігінде жеңімпаз анықталмағанымен, қосымша уақытта Елдос ерледі. Командалық әріптесін «иппонмен» ұтқан ол қола жүлдегер атанса, Ғұсман бесінші орынды қанағат тұтты.
Токиодағы әлем чемпионатының қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте Жапонияның жігіттері озды. Бұл жарыста татами қожайындары 2 алтын, 2 күміс және 3 қоланы қоржынға салды. Осылайша, олар қатарынан сегізінші рет командалық есепте көш бастады. Екінші орында – Нидерланд құрамасы. Қызғалдақтар елінің өкілдері 1 алтын мен 2 қоланы олжалады. Үшінші сатыға Грузия жайғасты. Қап тауының қырандары 1 алтын мен 1 қоланы еншіледі. Ал өз салмақ дәрежелері бойынша грузиялық Лукум Чхвимиани (60 кило), жапониялық Дзесиро Маруяма (66 кило) мен Сехэй Оно (73 кило), израильдік Саги Муки (81 кило), нидерландтық Ноэл ван ‘т Энд (90 кило), португалиялық Жорже Фонсека (100 кило) және чехиялық Лукаш Крпалек (+100 кило) сынды балуандар жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
Санаулы күндерден кейін Мажарстанда жалауы желбірейтін жарыста сайысқа түскелі отырғандар арасында екі бірдей сақа спортшымыз жоқ. Біріншісі – 60 кило салмақтағы Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем және Азия чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы Елдос Сметов. Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері әрі оның жеке жаттықтырушысы Ғалымжан Жылкелдиевтің айтуынша, шәкіртіне Токиодағы додаға еш алаңсыз даярлануына мүмкіндік беріліп отыр. Оның үстіне, Елдостың аздаған жарақаты бар. Соны да дереу емдеу керек. Екіншісі – Ерлан Серікжанов. 66 кило салмақта күресетін балуан осыдан үш жыл бұрын әлем чемпионатында күміс медальды мойнына ілген еді. Қазіргі кезде Ерланның да ескі жарақаты сыр беріп жүрген көрінеді.
Будапешттегі ерлер арасындағы бәсекеде барлығы тоғыз дзюдошы Қазақ елінің намысын қорғайды. Олар – Ғұсман Қырғызбаев пен Мағжан Шамшадин (60 кило), Елдос Жұмақанов (66 кило), Жансай Смағұлов пен Аңсарбек Ғайнуллин (73 кило), Дидар Хамза (81 кило), Ислам Бозбаев пен Ерсұлтан Мұзапаров (90 кило) және Ерасыл Қажыбаев (+100 кило). Құрама бапкерлері 100 кило салмақ дәрежесіндегі балуандарды бұл жарысқа қоспауды жөн көріп отыр. Өйткені бұл салмақтағы өрендеріміз Олимпиада жолдамасы үшін таласу мүмкіндігінен әлдеқашан айырылған.