• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экология 09 Маусым, 2021

Коронавирустың экологияны жақсартқаны шамалы

727 рет
көрсетілді

Пандемияның басында экологияға төнген қауіптің азайып, ауаның тазарғаны туралы хабарлар жиілеп кетті. Жаппай карантин енгізу ауадағы көмірқышқыл газы деңгейінің төмендеуіне алып келді, деді сарапшылар. Алайда бұл қуаныш ұзаққа созылмады. Пандемия аяқталып үлгермесе де қоршаған ортаның лас­тануы бұрынғы қалпына қайтып келді. Яғни жаһандық жылыну деңгейі баяулаған жоқ. 

Қоршаған ортаның ластануын зерттеумен айналысатын ғалым­дар пандемия кезінде шы­нымен үлкен әрі күтпеген өз­герістер бол­ғанын жоққа шығармайды. Карантин кезінде алыс сапарға шығуға, себепсіз жүруге тыйым салын­ғ­андықтан, көлік қозғалысы шек­телді. Ал бұл көміртегі эмис­сиясының азаюына әкелді.

Сарапшылар локдаунды жа­һандық эмиссия көрсеткішінің айнасы ретінде қолданды. Яғни адамдар неғұрлым аз қимылдаса, қор­шаған орта соғұрлым тазар­мақ. Әлбетте, көміртегі тек көлік­тер­­ден емес, мемлекеттердің эко­­номика драйвері саналатын бір­қатар саладан келетін қауіп­ке жа­тады. Оған авиация, үл­кен за­уыт­тар мен өндірістерді жат­қы­за­мыз. Алайда ғалымдар «қоз­ғалыс азайса – эмиссия да төмен­дейді» деген тұжырымның шындық екенін еске салудан шаршамайды.

2020 жылы наурызда ДДҰ пандемия жариялады. Бір айдан кейін, яғни мамырда ауадағы CO2 деңгейі 7 пайызға азайған. Бұл деректі естіген  Google мен Apple сынды технология мен инновация саласындағы алып компаниялар соңғы үлгідегі технологиялар мен құ­ралдарды пайдаланып, ақпа­ратты тексеруге тырысты.

Бірнеше айға созылған тәжіри­бе нәтижесі алғашында қуанарлық болғанымен, қазіргі көрсеткіштер аса жағымды емес. Өйткені панде­мияға дейінгі қалыпқа қайта орал­масақ та ауаның ластануы бұ­рын­ғы қалпына жақындаған.

Сөйтіп пандемияның алғашқы кезеңіндегі көрсеткішті ұстап қалу мүмкін болмапты. Өйткені Google ақпаратына назар салсақ, 2020 жылдың екінші жартысында ауаның ластану деңгейі күрт өскен.

Шектеулер толық алынбаса да, алғашқы толқын кезіндегідей табиғат үшін қолайлы жағдай туғызу мүмкін болмай отыр.

«Қоршаған орта тазарып қал­ды» дегенімізбен, ғалымдар пан­­де­мия Жер планетасына үлкен әсер етпегенін айтады. «Өзге­ріс бол­­ды, ауа тазалығының деңгейі­нің артқаны анық. Дегенмен, жа­­һан­­дық жылынуға тосқауыл бо­лар үлкен өзгеріс болды деуге кел­мес», дейді Carbon Monitor сарап­шылары.

Барлық өндірістің тоқтап, көлік жүрмеуі ауа температурасын небәрі 0,03 градус цельсийге тө­мен­детуге мүмкіндік берген. Үкі­меттердің шектеулері жа­һан­дық климаттың өзгеруіне тос­қауыл болмай шықты.

«Сонда қандай шара қолдану керек? Адамдардың үйде отыруы да жылынудан сақтамай ма?» деген сұрақ туады. Ғалымдар бұл шек­теулердің табиғатты сақтап қалуға арналған жоспар емес еке­нін, сондықтан мұның тиімсіз бол­ғанын хабарлады.

«Экономикалық, әлеуметтік шек­теулер емес, адамдар қорша­ған ортаға жанашырлықпен қа­рауы керек. Әр адам саналы түрде көмір­те­гі эмиссиясын азайтуға атсалыс­са игі», дейді экологтар. Яғни жа­­ңа жоспар дайындап, оның еш­қан­­дай теріс әсері, шектеуі бол­ма­ға­нын қадағалау керек. Бұл мәселе тек жеке тұлғалармен ше­к­тел­мей, кә­сіп­орындар мен компания­лар­дың күн тәртібіндегі мәселесіне ай­нал­са, жағдайдың түзелуі ғажап емес.

Leeds университетінің профессоры Пиер Фостер үкіметтердің де орны ерекше екенін еске салады. «Интеграцияның маңызы зор. Жеке тұлға, кәсіпорындардың жағдайды түсінуі жеткіліксіз. Бұл – мемлекет деңгейіндегі мәсе­ле. Сондықтан әр үкімет жылы­на ІЖӨ-нің 1,2 пайызын жа­һан­дық температураны төмендетуге жұм­сап отырса, жағдайды құт­қаруға мүмкіндік бар» дейді.

Дегенмен, жасыл экономика барлық үкімет қолға алған бағ­­­дар­ламалардың қатарында емес. Сондықтан сарапшылар ел­­дегі ішкі мәселелермен қатар, ор­­тақ мәселеге де назар салуға шақырады.