MEDIA CLUB QAZAQSTAN платформасында мектеп түлектеріне арналған тікелей эфир өтті. Эфир барысында, білім саласындағы сарапшылар жоғары оқу орны мен мамандықты дұрыс таңдау мәселесін талқылап, мектеп бітірушілерге ақыл-кеңес берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
М.С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университеті Басқарма Төрағасының орынбасары Ерболат Мұхамеджан ҰБТ сертификатын 2 жылға жарамды қылу керек деген ұсыныс айтты. Оның себебін былай түсіндіреді.
«Биыл Қазақстанда 150 мыңға жуық оқушы мектеп бітірді. Қазіргі таңда әр түлектің алдында мамандығына сәйкес университет таңдау міндеті тұр. Олардың көбі «грант болса, болды» деп, армандаған мамандығында оқымай, қателесуі де мүмкін. Өйткені біздің елде «ЖОО-ға міндетті түрде мектеп бітірген жылдан қалмай түсу керек» деген стереотип бар. Сондықтан ҰБТ-ның сертификатын 2 жылға жарамды қылу керек. Осы уақыт ішінде түлек өзінің қай салада оқығысы келетінін анықтап, мамандығын таңдап, мақсатын айқындай алады», деген ұсыныс білдірді.
Ерболат Мұхамеджанның идеясын BTS Education компаниясының Бас директоры Саясат Нұрбек қолдап, 11 сыныптан кейін үзіліс алу шетелде қалыпты жағдай екенін айтты.
«Мектепті бітірген жылы университетке түспесең өмірің бітті деген Кеңес Үкіметінен қалған түсінік бар. Дамыған елдерде өз-өзіңді толығырақ тануға көмектесетін Gap Year ұғымы бар. Өкінішке орай, қазір ата-ана мен оқушы ҰБТ тапсыруға 1-2 апта қалғанда мамандық таңдайды. Аты әдемі естіледі деп өзім «Халықаралық құқық» мамандығында оқыдым. Энергияға толы 5 жыл жастық шағым босқа өтті. Бұл салада қызмет етпедім. Адамның алдағы 50 жылдық өмірі таңдаған мамандығымен байланысты. Мамандық таңдамас бұрын тұлға ретінде қалыптасып, ішкі қалауыңды айқындап ал. Көп адаммен ақылдасып, бірақ шешімді өзің шығар», деп Саясат Нұрбек түлектерге кеңес берді.