• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Үкімет 23 Маусым, 2021

Мемлекетке қызмет еткеннің мерейі үстем

502 рет
көрсетілді

Елімізде мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік қызметшінің тиімділігін, беделін арттыру жұмыстары уақыт талабына сай ұтымды іске асып келеді.

Мәселен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауларында мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісіне қатысты тың бас­тамалар көтеріп, бірқатар тапсырма берген болатын. Сол тапсырмалардың қалай жүзеге асып жатқандығы жөнінде сараптап көрелік.

Осыдан тұп-тура бір ғасырға жуық уақыт бұрын Алаш қай­рат­кері Әлихан Бөкейхан «Ұлтқа қызмет білімнен емес, мінез­ден» деген еді. Аталы сөз арада жүз жылға жуық уақыт өтсе де мәні мен маңызын жойған жоқ. Әр­кім әр салада шама-шар­қы жеткенше қызмет етіп-ақ жүр. Дей­тұрғанмен, сол ма­ңызды міндеттің аса бір ауыр жү­гін мемлекеттік қызмет­шілер арқалап келеді. Бұл ретте Пре­зидент 2019 жылы «Сын­дарлы қоғамдық диалог – Қазақ­станның тұрақтылығы мен өр­кендеуінің негізі» атты Жол­дауында мем­лекеттік қыз­мет­шілер жұмы­сының тиім­ділігін арттыру мақ­сатында ар­найы дайындығы бар жас кадр­­ларды тарту қажеттігін алға тартып, «2020 жылдан бас­тап біз мемлекеттік қызмет­ші­лердің санын біртіндеп қыс­қар­туға кірісіп, үнемделген қара­жатты неғұрлым пайдалы қыз­меткерлерді ын­та­­ландыруға жұмсаймыз. 2024 жыл­ға қарай мем­лекеттік қызмет­ші­­лердің және ұлттық компания­лар қыз­мет­керлерінің санын 25 па­йызға қыс­қарту қажет», деген еді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қи­­мыл кезеңі» атты Жол­дауында да мем­­­­ле­кеттік қыз­мет саласын жаң­ғыр­­­ту жұмыс­тарына тоқталған болатын. Президент мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектор қыз­мет­керлерін қысқарту мерзімін же­дел­детуді тапсырып, олардың санын 2020 жылы 10 пайызға, 2021 жылы 15 пайызға қысқартқан жөн екенін алға тартқан еді. Бұл қадам 2021 жылы шенеуніктердің санын 25 па­йыз­ға қыс­қар­туға мүмкіндік бермек. «Үнем­дел­­ген қаражаттың есебінен қалған қыз­мет­керлердің жалақысын көбейтетін бола­мыз. Еңбекақысы аз мемлекеттік қыз­мет­тің қоғам үшін пайдасынан зияны көп», деген еді Президент.

Мемлекеттік қызметшінің жала­қы­­сын көтеру демекші, елімізде мем­лекеттік қызмет­шілерге еңбекақы төлеу жүйе­сінің қанатқақты режімі енгі­зі­ліп, оған 2018 жылы Мемлекеттік қыз­мет істері агент­­­тігі, Сыбайлас жем­­қо­­р­­лыққа қарсы іс-қимыл агент­тігі, Әділет министрлігі, бір­­қа­тар өңір­дің әкім­діктері қатыс­қан болатын. Осы тәжіри­бенің нә­ти­жесінде жобаға қа­ты­­су­шы мемлекеттік органдарда кадр­лар­дың алмасуы 4,9 пайыздан 3,5 па­йызға дейін азайғаны байқалады.

Со­ны­мен қатар мемлекеттік қызметтің де тартымдылығы арта түсті (конкурс

1 орынға 3,4 есеге артты), орталықта және ай­мақтарда еңбекақы төлеу алшақтығы 70 пайыздан 16 пайызға дейін қысқарды.

Бұл ретте Президент осы жобаны жер­гі­лікті атқарушы органдарда және ор­талық мемлекеттік органдарда жүзеге асыруға тапсырма берді. Осы­лай­ша, мемлекеттік қызметшілердің санын кезең-кезеңімен қысқарту және мемлекеттік аппараттың ұйымдық құ­ры­­лы­мын оңтайландыру жұмысы ла­йықты жалғасын табады. Жолдауда ай­тылғандай, құрылымды қайта өзгер­ту­дің нәтижесінде үнемделген қаржыны мемлекеттік қызметшінің еңбекақысын арттыруға бағыттау көзделіп отыр.

Сондай-ақ Президент өткен жылғы Жол­­дауда 2021 жылдан 1 шілде­ден бас­­тап елімізде мемлекеттік қызмет­ші­лерге қатысты факторлы-балдық жүйе енгі­зілуге тиіс екенін айтқан бола­тын. Мем­лекет басшысының ай­туын­­ша, мұндай қадам мемлекеттік қызмет­ші­лер­дің құлшынысын арттырып, жа­уап­кер­шілігін нығайта түседі. Мемлекет бас­шы­сының бұл тапсырмасы да назар­дан тыс қалған жоқ. Бүгінде елімізде фак­тор­лы-балдық шкала енгізуге қатысты жұмыстар жүйеленіп, тиісті қадамдар жасалынып жатыр.

Факторлы-балдық шкалаға көшу жө­ніндегі қанатқақты жобаға жасалған тал­дау қызметшілердің мемлекеттік қыз­­метке деген қызығушылығын артты­рып, кадр тұрақтылығына оң дина­ми­ка бергенін көрсетті. Осылайша, фак­торлы-балдық шкала енгізілгелі бері бір бос орынға үміткерлер саны орта­ша есеппен 2,6 есеге өскен. Бұл ретте Пре­зидент факторлы-балдық шкала енгі­зу­ге функционалдық талдау жұ­мыс­та­рын жалғастыру қажеттігін жет­кі­зіп, бұл жұмысты жүйелендіруге баса мән бе­ріп отыр.

Сонымен қатар елімізде мемлекеттік қызметшілердің үздіксіз білім алу жүйесі мен келісімшарт бойынша қызметке алу институтын енгізу, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын бақылау жұмыстары да жолға қойылды. Бұдан бөлек, кадрлық процестерді цифрландыру мәселесі де ерекше назарға алынды. Цифрлы ше­шім­дер­ді жүзеге асыру арқылы құ­жат­тар санын 83 пайызға төмендетуге, күн­делікті өнбейтін жұмыстарды 53%-ға азайтуға, қағаз құжат айналымынан то­лық арылуға болады. Сондықтан мем­ле­­­кеттік қызмет жүйесін цифрландыру жұ­мысы әлі де жалғаса бермек. Бұл қадамды Мемлекет басшысы да қол­дайды.

Президенттің тапсырмасы ең алды­мен еліміздегі Мемлекеттік қызмет істе­рі агенттігіне жүктелген. Бүгінде атал­­ған агенттік Мемлекет басшысының алға қойған мақсаттарын ескере отырып, стратегиялық, инновациялық мем­лекеттік қызмет қалыптастыруды көз­деп отыр. Яғни елімізде мемлекеттік қыз­мет­ті кәсібилендіру жұмысы жалғасып жатыр деген сөз. Сапалық құрамды же­т­і­лдіру мен меритократия қағидатын сақ­тау және кадр тұрақтылығы көрсет­кі­шін жақсарту мәселесі басты назарға алынды.

Осылайша, 2019 жылмен салыс­тыр­ғанда 2020 жылы шетелдік білімі бар мемлекеттік қызметшілердің саны 7%-ға, мемлекеттік басқару академиясын бітірушілердің саны 8%-ға артты. Сондай-ақ мемлекеттік қызметтің тар­тым­дылығын арттыру ісі кадрлардың жұ­мыстан кету деңгейін штаттық саннан 5%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Осылайша, бір қызмет орнына деген конкурс ел аумағында 17%-ға артып, 7500 мемлекеттік қызметшінің ман­сабы өсті. Бұл көрсеткіш барлық кон­курстың қорытындысы бойынша жаңа қызметке тағайындалғандардың 60%-ын құрайды.

Мемлекет басшысы өткен жылғы Жолдауда мемлекеттік қызметті жетіл­ді­руге, кадр саясатын қайта қару­ға, ше­­шім­дерді қабылдау жүйесіне және оның орындалуына қатысты жауап­кер­шілік жөнінде бірқатар тапсырма берген еді. Осы мақсаттарға жету – ең алдымен заңнаманы жетілдіруді және практикалық шараларды іске асыруды талап етеді.

2020 жылы Агенттік саяси мемлекет­тік қызметті кәсібилендіру жұмысын бастады. Сингапурдың Ли Куан Ю мемле­к­еттік саясат мектебімен бірлесіп Мемле­кеттік басқару академиясы мен Назар­баев Университетінде саяси қыз­мет­­шілерді оқытудың бағдарламасы енгізілді. Өткен жылы бағдарламаға 50 саяси қызметші 10 апталық курс ба­рысында негізгі қызметтерінен қол үзбей, үш негізгі құзыреттілік блогы бойынша біліктілігін арттырды. Сабақ­тарды отандық бизнес-тренерлер мен коучтар өткізді. Осы жылы да 50 сая­си қызметшіні оқыту жос­пар­лануда. Сондай-ақ басшылардың бас­қару­шы­лық тәжірибесін тиімді пайдалану мақ­сатында Мемлекет басшысының 2020 жылғы 13 қарашадағы Жарлығына сәй­кес саяси қызметші ротациясы ен­гізілді. Осылайша, саяси қызметшілер белгілі бір лауазымға тағайындалған күннен бастап әр төрт жыл сайын рота­­ция­­дан өтеді. Биыл 67 мемлекеттік саяси қызметші ротацияланады.

Ауылдағы мемлекеттік қызметтің тар­­­­тым­дылығын арттыру, білікті ка­др­­­­­­лар­ды тарту мақсатында 2019 жылы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын. Мәселен, ауылдық елді мекен­дер­де тұрып, жұмыс істеуге «Б» кор­пусының мемлекеттік әкімшілік қыз­мет­шілеріне әлеуметтік қолдаудың қо­сым­ша шараларын ұсыну туралы норма көзделді. Бұл норма 2020 жылы іске аса басталды. «Дипломмен – ауылға!» жобасы аясында 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көтерме жәрдемақы төлеу және 1500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ешқандай пайызсыз тұрғын үйге бюджеттік несие беру түрінде қолдау шаралары айқындалды.

Сонымен қатар елімізде мемлекеттік қыз­­метті жетілдіруге, құжат айналымын азайтуға әкелетін бизнес-процес­тер­ді оңтайландыру бойынша бір­қатар шара қабылдануда. Мемле­кет­­тік қыз­метшілердің жұмысын оңтай­лан­дыру мақсатында 13 ақпараттық жүйе біріктіріліп, мемлекеттік қызмет жүйесін цифрландыру жұмысы іске асып жатыр. Бұдан бөлек, электронды фор­матта мемлекеттік қызметтер көрсе­ту көрсеткіші де елімізде 2 есе өсті. БҰҰ рейтингісіне сәйкес (UN Global E-GovernmentDevelopmentIndex) өткен жылы елімізде «электронды үкіметтің» даму көрсеткіштері 10 позицияға жақ­сар­­ғанын байқауға болады. Осылай­ша, Қазақстан 193 елдің рейтинг көр­сет­кі­шін­де 29-орынға тұрақтады.

Мемлекеттік қызмет, мемлекеттік қыз­­метші туралы айтқан кезде осы мем­ле­кеттік қызметшілердің арасындағы гендерлік теңдік мәселесіне де тоқтала кетуге болады. Бүгінде еліміздегі мем­ле­кеттік қызметшілердің нақты саны 88 409 адамды құраса, соның 49 031-ы, яғни 55,5%-ы – әйел адамдар. Сондай-ақ мемлекеттік қызметте басшылық лауа­зымдарды атқаратын әйелдердің саны 9 531 адамды немесе 39,8%-ды құрайды. Бұл ретте мемлекеттік қыз­мет­­тегі жалпы басқарушы лауазымды атқа­ратындардың жалпы саны – 23 961 адам­ды құрап отыр. Ал жергілікті мем­­ле­­кеттік органдардағы әйелдердің үлесі 21 744 адамға немесе 51,9%-ға тең. Үздік үштікте – Ақмола (63,3%), Сол­түстік Қазақстан (61,5%) және Шығыс Қазақстан (61,4%) облыстары орна­лас­қан.